Арманды адам мүмкіндігімен шектеуге болама
Арман — адамды алға жетелейтін күш
«Армансыз адам — қанатсыз құспен тең» деген ой адам өміріндегі мақсат пен үміттің маңызын дәл бейнелейді. Арман — адамның ішкі отын тұтататын, бағыт беретін және қиындықта жігерін жинайтын рухани тірек.
Мақсат: оқушылар санасында арман туралы түсінік қалыптастыру, сөйлеу мәдениетін дамыту, білімге құштарлық пен отансүйгіштікке тәрбиелеу.
Көрнекілігі: интерактивті тақта, суреттер, нақыл сөздер.
Кіріспе ой: арман не үшін керек?
1-жүргізуші
Армысыздар, бүгінгі тәрбие шарамызға қатысушы ұстаздар мен оқушылар! Мұхтар Шаханов жырлағандай, адамға мәңгі лаулап жану үшін де, үлкен бақыт табу үшін де, үлкен болып қалу үшін де үлкен арман керек. Үміт отын тұтататын да — арман.
2-жүргізуші
Біз күн сайын нағыз өмір туралы армандаймыз. Тереңірек ойласақ, адамға арман ауадай қажет: ол бізге бағыт, күш-қуат береді, үмітімізді жалғап отырады. Бүгінгі ашық тәрбие сағатымыз — жарқын болашақтың бейнесі болған Арман туралы.
Ендеше, 10 «Б» сыныбы дайындаған «Армансыз адам — қанатсыз құспен тең» атты ашық тәрбие сағатын бастауға рұқсат етіңіздер.
Мұқағали Мақатаев арман жайлы:
«Мына өмірде жүрегіңде, бойыңда ыстық қан барда,
Болмысты да, болмасты да болады деп арманда».
Поэзиядағы арман: үміт отын маздатқан сөз
1-жүргізуші
Жыр керуені алға жылжыған сайын Мұхтар Шаханов шығармалары жарық жұлдыздардай жарқырай түседі. Ақын сөз өрнегімен адамға үміт отын жандыратын, оны маздататын арманның қажет екенін дәлелдеген. Ендеше, ақынның «Арман» атты өлеңіне назар аударайық.
Исрайыл Сапарбай арманды былай бейнелейді:
«Ақ қанатты құсым деймін сені,
Аспаннан жерге түсірмеймін сені.
Мәрмәрден мәңгі мүсіндеймін сені,
Ей, арманым!»
Сыныптық талқылау
Осы тұста сыныптастарымыздың арман туралы ойларын тыңдайық: интерактивті тақтада сұрақтар көрсетіліп, оқушылар сол сұрақтар төңірегінде пікір білдіреді.
- Арман дегеніміз не?
- Арман адамға қандай күш береді?
- Арман мен мақсаттың айырмасы қандай?
- Арманды мүмкіндігімізбен шектеу керек пе?
Аңыз-әңгіме: «Арман деген не?»
1-жүргізуші
Осы жерде арман туралы бір аңыз айтайын. Жігіт қариядан: «Арман деген не?» — деп сұрапты.
Қария былай деп жауап беріпті:
«Арман — ақыл-ойдың шындығы. Құс “ұшсам” дейді, бала “өссем” дейді, қыз “көрікті болсам” дейді, жігіт “жүректі болсам” дейді, қарт “жүзге жетсем” дейді, ұстаз “шәкіртіме үлгі болсам” дейді.
Арманға адаспаған жетеді, адасқан жете алмайды. Арманына ақылды жетеді, ал ақымақ бұл өмірден түңіліп өтеді».
Өнермен өрілген сәттер
Күй
Абай айтқандай, өнердің де естісі бар: адам жанын өсіретін, көңілін көтеретін күй болады. Осы сәтте Желдібаевтың «Ерке сылқым» күйі орындалады.
Орындайтын:
_______________________
Ән
«Өмірдің алды — ыстық, арты — суық...» деп жырланғандай, ой көзімен тыңдаған жақсы ән де өмірге сәуле береді.
Ән: «Жалған дүние»
Орындайтын: Әміржанов Арбол
Арманды жүзеге асыратын құндылықтар
2-жүргізуші
Арман — алға жетелейтін жарық жұлдыз. Адам адал еңбек етіп, қиындыққа мойымай, қажырлылық танытқанда ғана мұратына жетеді, яғни арманы жүзеге асады. Әйтпесе арман қиялға айналып, нақты өмірден алыстап кетуі мүмкін.
1-жүргізуші
Иә, әр адамның өз арманы бар, және оған жеткісі келеді. Арманға жету үшін адам алдына үлкен мақсат қояды. Егер адамның арманы болмаса, ол алға жылжымайды. Армансыз адам — қанатсыз құс секілді: биікке ұша алмайды.
Бұл ойды бейнеролик те нақтылай түседі.
Бейнеролик:
Интерактивті тақтадан көрсетіледі
Талқылау сұрақтары
Көріністен қандай ой түйдіңіздер? Бейнероликтегі қытайлық қыз бен жігіт денсаулығына қарамастан балет өнері арқылы өз арманына жетті.
- Арманды жүзеге асыру үшін қандай құндылықтар қажет? Мысалы: еңбек, табандылық, сенім, тәртіп, қолдау.
- Арманды адам мүмкіндігімен шектеуге бола ма? Неліктен?
- Бұл оқиғадан өз өміріңізге қандай сабақ алдыңыз?
Шәкәрім Құдайбердіұлы арманның сан қырын былай түйіндейді:
«Адамды санай берсең, көп арман да,
Мінсіз бақ, сансыз дәулет деп арманда.
Мергенге түзу мылтық, оқ арманда,
Тамақсыз табысы жоқ кәріптерге
Жалғыз күнгі тамақтың тоғы арман да».
Шығармашылық тапсырма: арман бейнесі
1-жүргізуші
Әрқайсымыздың көкжиегіміз әртүрлі болғанымен, бәріміздің арманымыз бар. Ендеше, бүгінгі тәрбие сағатынан түйген ойды шығармашылық арқылы қорытайық: өз қиялыңыздағы арман бейнесін қағаз бетіне түсіріңіз.
Тапсырма
Арманның бейнесін суреттеу
Формат
Сурет, коллаж немесе қысқа мәтін
Ой түйіні
Неліктен дәл осылай бейнеледіңіз?
2-жүргізуші
«Арман деген көп белес: біріне шықсаң, бірі бар» деп Ғабит Мүсірепов адам арманының шексіз екенін меңзейді. Бүгінгі түйгеніміз — бәрі де өз қолымызда.
Қорытынды бейнеролик:
Интерактивті тақтадан көрсетіледі
Қорытынды тілек
«Талмасын қанат, сөнбесін үміт,
Армандар алға жалғасын.
Соқса да дауыл, өрт болсын өмір,
Қанаттар балғын талмасын».
«Арманға бірге барайық, әуелеп әнге салайық. Қазақ елінің кірпішін бәріміз бірге қалайық».
Армандарыңыз орындалсын! Біліммен, өнермен алға самғаңыздар!
Қорытынды сөз кезегі ұстаздарға беріледі. Сіздерге және отбасыларыңызға амандық, елге тыныштық тілейміз. Көріп, тамашалағандарыңыз үшін рақмет!