Қазақ хандығының іргесін қалаған хандар
7–8 сынып оқушылары арасында өткізілген зияткерлік ойын
Мектептегі сыныптан тыс жұмыстар — оқушыны тәрбиелеу мен оқытудың маңызды формаларының бірі. Мұндай іс-шаралар балаларды біріктіріп қана қоймай, олардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға, өзіне деген сенімін арттыруға ықпал етеді. Сонымен бірге оқушы мен мұғалім арасында берік қарым-қатынас орнап, мұғалімге оқушыны тереңірек танып-білуге мүмкіндік туады.
Мақсаты
- Қазақ хандығының құрылу тарихын тапсырмалар мен сұрақтар арқылы меңгерту (Қазақ хандығының 550 жылдығына орай).
- Қазақ халқының ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздікке ұмтылысын түсіндіру.
- Қазақ тарихындағы ұлы тұлғалар мен мәдениет тақырыптарын жүйелеу.
- Оқушының ойлау қабілетін дамытып, тарих пәніне қызығушылығын арттыру.
Көрнекіліктер
Сынып бөлмесін пәнге сай безендіру, тарих бойынша әртүрлі тапсырмалар, қазақ хандарының суреттері, музыкалық көркемдеу.
Ойын құрылымы: 4 кезең
Ойын бірнеше бөлімнен тұрады: алғашқы кезеңдерде негізгі білімді «қыздыру», кейін ел тәуелсіздігі, тарихи тұлғалар, батырлар мен мәдени мұра тақырыптарын тереңдету, соңында капитандар сайысы арқылы қорытындылау.
I кезең: «Миға арналған жаттығу»
Командаларға 7 сұрақ қойылады. Ең көп ұпай жинаған команда ойынды бірінші бастау құқығына ие болады. Бұл кезеңде төменгі сыныптарда өткен материалдар қамтылады.
-
Қожа Ахмет Ясауидің «Даналық кітабы» қай тілде жазылған?
Жауабы: араб тілінде.
-
Грек тарихшысы Геродот сақтарды қалай атаған?
Жауабы: массагеттер.
-
Қаңлы тайпаларының астанасы болған қала?
Жауабы: Битянь.
-
Сақ қоғамы неше топтан тұрады?
Жауабы: 3 топ — абыздар, жауынгерлер, малшылар мен егіншілер.
-
«Теле» сөзінің мағынасы нені білдіреді?
Жауабы: түрік.
-
Ұлы Жібек жолы қайдан басталады?
Жауабы: Қытайдағы Хуанхэ өзенінің аңғарындағы аймақтан.
-
Аристотельден кейін «Екінші ұстаз» атанған ұлы ойшыл, ғалым кім?
Жауабы: Әбу Насыр әл-Фараби.
II кезең: «Ел тарихының білгірлері»
Бұл кезеңде әр топқа Қазақстан тәуелсіздігіне байланысты 3 сұрақтан қойылады.
I топ
- Қазақстан қашан тәуелсіздігін жариялады? 1991 жыл, 16 желтоқсан.
- Қазақстан Республикасының рәміздері қай жылы қабылданды? 1992 жыл.
- Астананың тұсаукесері қай жылы өтті? 1998 жыл, 10 маусым.
II топ
- Тәуелсіздік монументінің ұшар басында қандай бейнелер бар? Алтын адам және жолбарыс.
- Бүкілхалықтық Президент сайлауы қай жылы өтті? 1991 жыл, 1 желтоқсан.
- Қазақ елінің тұңғыш астанасы болған қала? Орынбор.
III топ
- Қазақ даласынан тұңғыш ғарышқа аттанған кім, қай жылы? Тоқтар Әубәкіров, 1991 жыл, 2 қазан.
- Тәуелсіздік алғаннан кейін түсірілген, қазақ тарихы туралы фильм? «Көшпенділер».
- Қазақстан Республикасының Ата Заңы неше бөлімнен, неше баптан тұрады? 9 бөлім, 98 бап.
III кезең: «Дархан даламның батыр бабалары»
Бұл кезеңде әр топ қазақ даласының әр дәуірінде өмір сүрген батырлар туралы білімін ортаға салады. Әр топқа 2 сұрақтан қойылады.
I топ
- Жаугершілік заманда 50 жылдан астам уақыт қазақ қолын басқарған батыр? Бөгенбай батыр.
- Абылай хан тапқырлығы мен алғырлығы үшін ерекше бағалаған батыр? Баян батыр.
II топ
- Тәуке ханның «Жеті жарғысын» жасауға қатысқан қазақ батыры? Бөгенбай батыр.
- 7 жасынан жетім қалған қазақтың дарабоз батыры? Қабанбай батыр.
III топ
- Ұлы жүздің шапырашты руынан шыққан батыр? Наурызбай батыр.
- Қазақ халқының азаттығы туралы жырлаған батыр? Махамбет Өтемісұлы.
IV кезең: «Капитандар сайысы»
Бұл кезеңде әр топтың капитанына бір мезетте 20 сұрақ қойылады. Ең көп ұпай жинаған капитан жеңімпаз атанады.
-
1) Қазақстан Республикасы жер көлемі бойынша нешінші орында?
Жауабы: 9-орын.
-
2) Қазақстандағы облыстар саны қанша?
Жауабы: 14.
-
3) Тәуелсіз мемлекеттің негізгі белгілері қандай?
Жауабы: шекара, ақша, әскер.
-
4) Атырау қаласының бұрынғы атауы?
Жауабы: Гурьев.
-
5) Алғашқы адамдардың тіршілік етуіне қолайлы болған Қазақстанның қай аймағы?
Жауабы: Оңтүстік Қазақстан.
-
6) «Жерұйықты» іздеген адам кім?
Жауабы: Асан Қайғы.
-
7) «Сарыарқа», «Кішкентай» күйлерінің авторы кім?
Жауабы: Құрманғазы.
-
8) Хан тұқымынан шыққан атақты күйші кім?
Жауабы: Дәулеткерей.
-
9) Қазақ хандығы құрылған жылдар?
Жауабы: 1465–1466 жылдар.
-
10) Қазақ хандығының іргесін қалаған хандар?
Жауабы: Жәнібек пен Керей.
-
11) Қазақ хандығының аумағын кеңейтіп, үш жүздің басын біріктірген ұлы мемлекет қайраткері кім?
Жауабы: Абылай хан.
-
12) Қазақтың төбе биі кім?
Жауабы: Төле би.
-
13) Елші ретінде Жоңғар хандығына барып, Абылайды босатып әкелген қазақ биі?
Жауабы: Қазыбек би.
-
14) Кіші жүздің атақты биі кім?
Жауабы: Әйтеке би.
-
15) 1680–1715 жылдары ел билігін қолына алған қазақ ханы кім?
Жауабы: Тәуке хан.
-
16) «Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман» қай ханның тұсында болды?
Жауабы: Тәуке хан.
-
17) Абылай ханның ішкі және сыртқы саясатына ерекше әсер еткен атақты жырау кім?
Жауабы: Бұқар жырау.
-
18) Түркі халықтарының ортақ ұлы ойшылы, жырау, қобызшы кім?
Жауабы: Қорқыт ата.
-
19) Қазақ танымында отбасы мен балалардың қорғаушысы кім?
Жауабы: Ұмай ана.
-
20) Қазақ халқы жорыққа шыққанда алып шығатын аспап түрі?
Жауабы: дауылпаз.
Төртінші кезеңнің қорытындысы бойынша жалпы нәтижелер шығарылып, жеңімпаздар анықталады және марапатталады.