Өзіңнің қорқынышыңның суретін сал
Тренингтер жинағы
Тренинг (ағылш. training, train – оқыту, тәрбиелеу) – білімді жетілдіруге бағытталған белсенді оқытудың әдісі. Тренингтің даму тарихы оқыту тарихы сияқты мың жылға созылғанымен, оның ғылыми негізде дамуын әлеуметтік психолог Курт Левиннің зерттеулерімен байланыстыруға болады.
1946 жылы Курт Левин әріптестерімен бірге алғаш рет тренинг-топтарды (Т-топ) құрды. Білім беру саласында оқушылардың пәндерді игеруге деген құлшынысын арттыру үшін жаңа педагогикалық технологияларды тиімді қолдану маңызды.
Оқу үдерісінде тренинг түрлерін балалардың жас және психологиялық ерекшеліктеріне сай түрлендіріп, жаңа тақырыпты өткенде, материалды қайталағанда, білімді бекіту және тексеру кезінде — яғни сабақтың кез келген сәтінде — оқыту әдісінің құралы ретінде пайдалануға болады.
Дидактикалық тренингтер
Тренинг оқушылардың оқуға деген ынтасын арттыратын құрал. Қызығушылық тудыратын негізгі бағыттардың бірі — дидактикалық тренингтер.
Дидактикалық тренинг тәрбиеленушінің жас ерекшелігіне сай болып, бағдарлама материалын, соның ішінде нақты сабақтың мазмұнын ашуға бағытталады және тапсырманың мәнін түсіндіреді. Оны жаңа тақырыпты түсіндіру кезінде, сондай-ақ қайталау, пысықтау және жаттығу сабақтарында қолдануға болады.
Бұл үрдісте есте сақтау, көру, сезіну, қабылдау, ойлау, сөйлеу сияқты процестер дамиды; заттарды пішініне, түсіне, көлеміне қарай іріктеуге және түрлі қимылдарды орындауға үйретеді.
«Өзіңнің қорқынышыңды басқар» тренингі
Тренинг мақсаты
Оқушыларға қорқыныш сезімі туралы мағлұмат беру; түрлі жаттығулар арқылы бойындағы қорқынышты әлсірету немесе жеңуге көмектесу; өзара қарым-қатынасты нығайту.
Негізгі ұғым: қорқыныш
Қорқыныш — қатерлі жағдайларда туындайтын қауіп сезімі және қолайсыз эмоция.
Ол адам бір нәрседен жүрексініп, сескенгенде немесе шошығанда пайда болады; қауіп-қатер, үреймен қатар жүруі мүмкін.
Танысу жаттығуы
Мақсаты
Сәлемдесу, танысу, зейін мен есте сақтауды жаттықтыру.
Өткізу тәртібі
Қатысушылар шеңбер бойымен тұрады. Бірінші қатысушы өз есімін айтып, есімінің алғашқы әрпінен басталатын әрі өзіне сай келетін сипаттама қосады (ойдан құрастырмай, шынайы жақын сипаттама айту ұсынылады).
Мысал: «Мен — биші Бинұрмын». Келесі ойыншы: «Биші Бинұрды сіздерге таныстырамын, мен — зейінді Заңғармын».
Әр келесі қатысушы алдыңғыларды таныстырып, өз таныстыруын қосады. Соңында бірінші қатысушы барлық қатысушыларды атап, қорытындылайды.
Талдау сұрақтары
- Есімге сай сипаттама айту қиын болды ма?
- Қай қатысушының өзін таныстыруы ерекше әсер қалдырды? Неліктен?
«Қорқынышыңды суретте» жаттығуы
Түсіндіру
Қорқынышқа қарсы қадам жаса: қорқатын нәрсені қауіпсіз ортада байқап көру, шағын әрекеттерді бірнеше рет қайталау — қорқыныштың ықпалын азайтуға көмектеседі.
Тапсырма
Қатысушыларға ақ парақ таратылады.
- Өзіңнің қорқынышыңның «картасын» бейнеле.
- Қорқынышыңды сурет ретінде сал.
Талдау сұрақтары
- Суретте бірінші болып нені байқадың?
- Кейін қандай бөлшектер көрінді?
- Жалпы суретте қорқыныштың «орны» қай жерде сезіледі?
«Бірақ…» жаттығуы
Мақсаты
Тренингке бірқалыпты қарқын енгізу және ойды тез, еркін жеткізу дағдысын дамыту.
Нұсқаулық
Қатысушылар шеңбер бойымен сөйлемді жалғастырады:
- Мен шаршадым, бірақ…
- Мен бойым аласа, бірақ…
- Мен кейде ұстамсызбын, бірақ…
- Мен ұялшақпын, бірақ…
- Мен жалқаумын, бірақ…
- Мен сөзге жоқпын, бірақ…
- Мен тым көнгішпін, бірақ…
- Мен оқушымын, бірақ…
- Мен бақылау жұмысынан «екі» алдым, бірақ…
- Менің математикадан үлгерімім жақсы, бірақ…
- Мен кейде тым қиялдап кетемін, бірақ…
- Мен әнді жақсы айта аламын, бірақ…
- Мені тез күлдіруге болады, бірақ…
- Мен кейде қырсығып қаламын, бірақ…
Талдау сұрақтары
- Бұл тапсырманы орындау ұнады ма? Неліктен?
- Ойды бірден айтуда қандай қиындық болды?
- Қандай әсер алдыңдар?
Автопортрет (проективті тест)
Тапсырма
Қатысушыларға А4 парақ таратылады. Өз автопортретінің суретін салу ұсынылады.
Талдау сұрақтары
- Өз суретіңді салу қиын болды ма?
- Қандай сезімде болдың?
«Бетперде» жаттығуы (релаксация)
Орындықта отырып, дене бұлшықеттерін босаңсытыңдар. Терең дем алып, баяу шығарыңдар. Жаттығуды 3–4 рет қайталауға болады.
«Жымию» жаттығуы
Әр қатысушы бір уақытта бір-біріне жылы жымиюын «сыйлайды».
«Менің көңіл-күйім» тренингі
Мақсаты
- Психоэмоционалдық жағдайды жақсарту.
- Бір-бірімен жағымды қарым-қатынас орнату.
- Шығармашылық қабілетті дамыту.
- Релаксация арқылы жағымсыз ойлардан арылу.
Жаттығулар топтамасы
Амандасу жаттығуы
Қатысушылар дөңгеленіп тұрады және тақтадағы белгіге қарай әрекет етеді:
- Күлкі бейнесі — бір-бірімізге күлімдейміз.
- Қол бейнесі — қол алысып амандасамыз.
- Күн бейнесі — ізгі ықыласпен сәлемдесеміз.
- Жүрек бейнесі — құшақтасамыз.
«Орын ауыстыру» ойыны
Қатысушылар шеңбер бойымен отырады. Жүргізуші ортада орындықсыз тұрады және өзіне орын табуға тырысады. Ол шарт айтады: мысалы, «сақина таққандар орын ауыстырсын» немесе «қара киім кигендер орын ауыстырсын». Сол сәтте жүргізуші жылдам бір орындыққа отырып алуы керек. Орындықсыз қалған қатысушы келесі жүргізуші болады.
«Әрқайсымызда мәселелер бар» жаттығуы
Қатысушылар көздерін жұмып, «м-м-м» дыбысын созып айта отырып, өз мәселелері туралы ойлайды және жағымсыз ойларын дыбыс арқылы «сыртқа шығарады». Ерте аяқтағандар өзгелерді тыныш күтіп отырады.
«Оның есесіне мен…» жаттығуы
- Мен жиі қиялдаймын, оның есесіне…
- Мен көп үндемейтін адаммын, оның есесіне…
- Мен жұрттың бәріне бірдей ұнай алмаймын, оның есесіне…
- Мен өзім туралы көп ойламаймын, оның есесіне…
«Алған әсерлер» жаттығуы
Шеңберде тұрып, сол алақанға ойша бүгінгі көңіл-күйді «салып», оң алақанға жаттығудан алған әсерді «салып», бөліседі.
«Егер саған ұнаса…» ойыны
Егер саған ұнаса, саусағыңмен тырсылдат.
Егер саған ұнаса, шапалақта.
Егер саған ұнаса, аяғыңмен тарсылдат.
Егер саған ұнаса, айтайықшы: «Тамаша!»
Тұлғалық өсу және өзіндік сананы айқындау
1) Танысу — «Менің мекен-жайым»
Төсбелгілерді (бейдждерді) толтыру
Мақсаты: өз елін мақтаныш тұтуға бағыттау және таныстыру.
Әр қатысушы тақтада ілінген картаға өзі тұратын қала/аудан атауына есімін жазып, жапсырады.
2) «Құпия досым»
Мақсаты: белгісіздікке назар аудару және басқа адамға ілтипат көрсету дағдысын қалыптастыру.
Барлық есім жазылған төсбелгілер қорапқа салынып араластырылады. Әр қатысушы бір төсбелгіні таңдап, есімді есте сақтайды да, жүргізушіге қайтарады. Таңдалған адамның кім екенін тек өзі ғана білуі керек.
Сабақ барысында «құпия досына» ілтипат көрсетіп, назар бөледі. Жүргізуші жаттығуға кезең-кезеңімен қайта оралып отырады.
3) «Гүлдер»
Мақсаты: топтағы тұлғааралық қарым-қатынасты нығайту.
Әр қатысушы қораптан гүлдің қиындысын алып, оған оқу орнын, есімін, ауданын көрсетіп, бояйды. Кейін бір оқу орнын бітіргендер бірігіп, ватманда өз оқу орнының атауы жазылған парақша айналасына гүлдерді орналастырады.
Мысал: Сәуле — ҚазМУ
4) «Менің мамандығым»
Мақсаты: кәсіби ерекшеліктің маңызын түсіндіру.
Маман психологтар бір топқа, психолог мамандығы жоқ педагогтар бір топқа бөлінеді. Мандалаға ұқсас ою-өрнекті барлығы бірлесіп бояп шығады, соңында тақтаға іледі.
Талқылау сұрақтары
- Неге дәл осы түстерді таңдадыңыз?
- Екі топ жұмысының қандай айырмашылықтары бар?
Оюдың мағыналық тұстары
- Төрт құлақ — дүниенің төрт бөлігін меңзейді.
- Қаз мойын — ақкөңілдікті, мейірімділікті, пәктікті білдіреді.
- Түйе табан — жолы болғыштықты білдіреді.
5) «Артық орындық» ойыны
Мақсаты: еркін қарым-қатынасқа жол ашу және ойын атмосферасын қалыптастыру.
Топ дөңгеленіп отырады. Жүргізуші өз орнынан тұрып, орындықты басқа жерге қояды да, шарт айтады. Шартқа сәйкес қатысушылар орын ауыстырады, ал жүргізуші бір орындыққа отырып үлгеруге тырысады. Үлгермей қалған адам келесі жүргізуші болып, өз шартын айтады.
Мысал шарттар
- Өз ата-анасын жақсы көретіндер орын ауыстырсын.
- Қымызды жақсы көретіндер орын ауыстырсын.
6) «Құпияны табу»
Мақсаты: өзіңнің қайталанбас тұлға екеніңді сезіндіру.
Жағдаят: бір ғалым дәл өзіне ұқсас адам жасапты, бірақ ол өте қатігез болып шығады. Ғалым өзінен қандай айырмасы бар екенін дәлелдеуге тырысады.
- Осындай жағдай сенің басыңнан өтсе, не істер едің?
- Сенде ғана бар, қайталанбайтын қандай қасиет бар?
- Өзіңнің ең басты «құпияң» қандай?
Қатысушылар өз ойымен және құпиясымен бөліседі.
«Мен дегеніміз не?» талқылауы
Жүргізуші алдымен кіші топта, кейін үлкен топта осы сұрақ төңірегінде талқылау жасауды ұсынады.
Қорытынды ой
«Мен» — бұл сенің сезімдерің, ойларың, тәнің, әрекетің, тілегің, армандарың, жаның, мінезің және тағы басқа қырларың.
7) «Мен…» және «Мен қандаймын?»
Мақсаты: «Мен» тұжырымдамасына саналы түрде көңіл бөлу.
Жұмыс дәптеріне «Мен…» сөзін зат есіммен толықтырып, 10 тіркес жазыңыз. Содан кейін «Мен қандаймын?» сұрағына сын есім арқылы 10 жауап жазыңыз. Алдымен кіші, кейін үлкен топта талқыланады.
8) «Үй, адам, жер сілкінісі»
Мақсаты: сергіту арқылы еркін әрекет етуге үйрену.
- «Үй» дегенде екі адам бірігіп «шатыр» құрады.
- «Адам» дегенде екі адам бірігіп, ортасына бір адам кіреді.
- «Жер сілкінісі» дегенде қатысушылар еркін қозғалып, қайта жұптасады.
Қалып қойған адам жүргізуші болады.
9) «Құпия досым» (қорытынды бөлік)
«Құпия досына» хат жазу және кімнен хат келгенін табу.
10) «Жұлдызды сағат»
Мақсаты: кәсіби іс-әрекеттегі негізгі тұлғалық мәнді сезіну және оны бақыт туралы жеке түсінікпен салыстыру.
Психолог қызметіндегі жағымды, қуанышты сәттерді парақшаға жазып, ортаға салады. Кейін ватманға түсіріп, жалпы талқылау жасалады.
11) Рефлексия
Қатысушылар тренингтен алған ойы мен сезімін қысқаша қорытындылап, кері байланыс береді.
Құрастырған
Кусаинова М. К.