Астана қандай қала
Пәні
Қазақ тілі
Сабақтың тақырыбы
Көмекші есімдер. Астана қаласы
Сыныбы
6 (орыс бөлімі)
Сабақтың түрі
Жаңа білімді меңгерту
Сабақтың әдістері
- Баяндау
- Әңгімелеу
- Сұрақ-жауап
Көрнекілігі және құрал-жабдықтар
- Суреттер, сызбалар
- Интерактивті тақта
Сабақтың мақсаты
Білімділік
Оқушыларға елордамыз — Астана туралы, оның тарихы мен тағдыры, жері мен суы, бүгіні мен ертеңі жайлы мағлұмат беру. Көмекші есімдер туралы түсінік беріп, практикалық жолмен меңгерту.
Дамытушылық
Оқушылардың тіл мәдениетін дамыту; мәтінде кездесетін жаңа сөздерді меңгерту арқылы сөздік қорын байыту.
Тәрбиелік
Оқушылардың патриоттық сезімін ояту, адамгершілікке баулу, елді және жерді құрметтеуге тәрбиелеу.
Сабақтың барысы
1) Ұйымдастыру кезеңі
Сыныппен амандасу, сабақтың мақсат-міндеттерімен таныстыру, жұмыс ырғағын қалыптастыру.
2) Жаңа сабақ: ережені жазу
Анықтама
Көмекші есімдер — заттың, нәрсенің атын білдіріп, толық мағыналы сөзбен тіркесе жұмсалатын сөздер. Көмекші есім тіркескен сөз ілік септігінің жалғауын ашық та, жасырын түрде де қабылдай алады.
Мысалдар
- үйдің маңы — үй маңы
- өзеннің жағасы — өзен жағасы
Көмекші есімдер
үсті, алды, жаны, іші, асты, арты, қасы, сырты
Мысалы: үстелдің үстінде, мектептің қасында, дүкеннің ішінде.
1-тапсырма
Берілген көмекші есімдерге жатыс септігінің тиісті жалғауын жалғап жазыңдар.
Үлгі
үсті — үстінде
Сөздер
үсті, асты, алды, арты, жаны, қасы, іші, сырты, арасы
3) Ой шақыру: сөзжұмбақ
Сөзжұмбақты шешіп, жасырынған сөзді табыңдар.
- Әкеңнің әкесі.
- Үшінші септік.
- Астананың рәмізі.
- Ең жақын адам.
- «Ескі» сөзінің синонимі.
- Қазақстан Республикасының үшінші астанасы.
Нәтиже: қандай сөз шықты? Астана.
4) Миға шабуыл
Астана туралы не білесіңдер? Ойларыңды қысқа әрі нақты түрде айтыңдар.
5) Слайд қарау және мәтінмен толықтыру
- Астана туралы слайдтарды қарау.
- Үлестірмелі карточкалар тарату.
- Мәтінді мәнерлеп оқу.
- Мәтін бойынша талдау жасау.
6) Мәтінмен жұмыс: «Астана»
2-тапсырма
Мәтінді түсініп оқыңдар. Көмекші есімдерді өзімен байланысып тұрған зат есімдермен бірге теріп жазыңдар.
Мәтін
Тәуелсіз Қазақстанның бас қаласы — Астана. Ол Есіл өзенінің бойында, Сарыарқа жерінде орналасқан. Аз уақыттың ішінде қала танымастай өзгерді.
Есіл өзенінің бойында Елбасы резиденциясы, Парламент үйі, «Интерконтиненталь» қонақ үйі, Жастар сарайы, көпқабатты тұрғын үйлер бой көтерді. Парламент үйінің алдында Төле би, Қазыбек би, Әйтеке бидің ескерткіштері қойылған.
Қаланың ортасында бес жұлдызды «Алатау» қонақ үйі салынды. Астана қаласында жүзден астам ұлт өкілдері тұрады. Қала тұрғындарының саны — 518 мың адам. Астана — болашағы зор қала.
Сөздік жұмысы
| Қазақша | Орысша |
|---|---|
| орналасқан | расположен |
| ескерткіштер | памятники |
| тұрғын | житель |
| орталық | центр |
| өзен | река |
| бой көтерді | выстроились |
Тапсырма: жаңа сөздермен сөз тіркесі немесе сөйлем құрастырыңдар.
7) Деңгейлік тапсырмалар
1-деңгей
4-тапсырма
Көп нүктенің орнына тиісті септік жалғауларын қойып жазыңдар.
- Парламент үйі қаланың ортасында тұр.
- Көшенің бойы... ағаштар отырғызылған.
- Әуежай қаланың сырты... орналасқан.
- Мектептің қасы... үлкен саябақ бар.
- Саябақтың іші... қызыл, жасыл, көк гүлдер өсіп тұр.
- Саябақтың қасы... жаңа тұрғын үйлер салынған.
- Ескерткіштің арты... үлкен ғимарат тұр.
- Ғимараттың алды... әдемі гүлдер егілген.
2-деңгей
6-тапсырма
Берілген сөз тіркестерінен сөйлемдер құраңдар.
қаланың ортасында, дәріхананың қасында, театрдың алдында, саябақтың ішінде, үйдің үстінде, көше бойымен, ауылдың маңында, қала сыртында, үстел басында, олардың арттарынан, теміржолдың үстімен
3-деңгей
- «Астана» сөзін септеу.
- «болашақ», «мемлекет» сөздеріне фонетикалық талдау жасау.
- Тестілеу (үлестірмелі қағаздар арқылы).
8) Жаңа сабақты меңгергендерін тексеру
Сұрақ: Астана қандай қала?
Тапсырма: сөз тіркестерін пайдаланып сөйлемдер құрастырыңдар және қысқаша мәтін құрап айтыңдар.
9) Сабақты бекіту: ситуациялық диалог
Сұрақ 1
Балалар, Астана қаласында болғандарың бар ма?
Сұрақ 2
Астана қаласы несімен ұнады?
Сұрақ 3
Қандай жерлерінде болдыңдар?
10) Сабақты қорытындылау
Үй тапсырмасы
- Мәтінді мазмұндау.
- Жаңа сөздерді жаттау.
- Ережені жаттау.
- Астана туралы шығарма жазу.
Бағалау
Оқушылардың жауаптары, тапсырмаларды орындауы және сабаққа қатысу белсенділігі бойынша бағаланады.