Бүгінгі Жарайсыңдар атты білгірлер мен тапқырлар кешіне қош келдіңіздер

«Жарайсыңдар» — сыныптан тыс өткізілетін интеллектуалды тапқырлар кеші. Бұл сайыс — білімді ұштастырып, ұстаз бен оқушы арасындағы байланысты нығайтып, шапшаңдық пен тапқырлықты шыңдауға арналған әсерлі шара.

Сайыстың мақсаты

  • Мұғалім мен оқушы арасындағы өзара байланысты нығайту, шапшаң ойлауға баулу.
  • Оқушылардың химия мен биология пәндеріне қызығушылығы мен ынтасын арттыру.
  • Ой-өрісін, танымдық қабілетін дамыту және шығармашылыққа баулу.
  • Өз ойын еркін жеткізу, өткенді жылдам еске түсіру дағдыларын қалыптастыру.
  • Әділдікке, намысқойлыққа, жауапкершілікке тәрбиелеу.

Кештің басталуы

Жүргізуші: Құрметті ұстаздар мен оқушылар! Бүгінгі «Жарайсыңдар» атты білгірлер мен тапқырлар кешіне қош келдіңіздер! Сайысымызды бастауға рұқсат етіңіздер.

Сахналық көрініс

Көрініс сипаттамасы

  • Хан тағында отырады, екі жағында екі нөкері желпеуішпен желпіп тұрады.
  • Ханның алдында екі қыз бала шығыс биін орындайды.
  • Кенеттен дабыл үні естіліп, сахна сыртында абыр-сабыр басталады.

Хан: Жалықтым… (қолын бір сермеп, жан-жағына қарап жүреді)

Хан: Мүмкін сенің басыңды шабармын, уақытым қызық өтер…

Хан (нөкерлеріне): Не жағдай? Барып біліңдер!

Екі ұл жүгіріп кетеді де, бір топ оқушылар мен ұстаздарды ертіп келеді.

Хан: Мыналар кім? Не қылған балалар?

Оқушы (Ерсін): Біз — Ушинский атындағы орта мектептің оқушыларымыз.

Хан: Қызық киім киіп алыпсыңдар. Біздің ғасырымызға қайдан келдіңдер?

Оқушы (Алмагүл): Біз химия сабағында тәжірибе жасап отырғанбыз. Көрші физика кабинетінде оқушылар уақыт машинасын жасап, ұстаздарға көрсетіп жатқан еді. Бір кезде шу мен дүрсіл естіліп, біз осында келіп қалдық.

Хан: Жарайды, түсінікті. Егер мені қызықтырып, таңғалдырсаңдар, өз замандарыңа қайтарамын.

Оқушылар: Ал олай болмаса ше?

Хан: Олай болмаса, бастарыңмен қош айтысасыңдар.

Ұстаздар: Ендеше сайысымызды бастайық!

Тәжірибе: «қызыл сусын» және пайдалы кеңес

Хан: Сайыстарыңды бастамас бұрын, сусыным бітіп қалыпты. Маған сары… жоқ, қызыл түсті сусын дайындап беріңдер.

Оқушылар шағын химиялық реакция орындап, қызыл түсті сусын дайындап, ханға ұсынады.

Таңшолпан: Тоқтаңыз, сұлтан! Түсі бар сусын ағзаға зиян болуы мүмкін. Ал ақ су — пайдалы. (сусынын ағартып) Міне, ішіңіз.

Осы сәтте оқушылар бір дөңгелек үстелге, ұстаздар қарсы беттегі екінші дөңгелек үстелге жайғасады.

Сайыстың салтанатты ашылуы

Жүргізуші:
Уа, халайық, халайық,
Бәріне жар салайық!
Бүгінгі кеш төрінде есеп шешіп, аңдысып,
Шабыт тасып, шалқысып — көңілді кеш жасайық!

Алған білімімізді, өлең-жырымызды, жұмбағымыз бен өнерімізді ортаға салайық. Қазылар әділдікті орнықтырар, жауаптың дәлдігін таразылайтын да — солар. Білім мен тапқырлық сайысында жеңіске жетер — нағыз мықты!

Жүргізуші:
Сәлем бер, елге сәлем бер,
Таныстыр көпке атыңды.
Сәлем бер, көпке сәлем бер,
Шығаршы қане атыңды!

Осылайша қазылар алқасы таныстырылады. Бұдан соң сайысқа қатысатын топтар ортаға шығады:

  • «Ойшылдар» — мұғалімдер командасы.
  • «Күн әлемі» — оқушылар командасы.

Әр команда өз ұраны мен таныстыруын ұсынады.

Жүргізуші: Тапқыр, білгір, дарынды — жарыс бар бүгін арынды! Жаратылыстану пәндерін сүйсең сен, ортаға сал барыңды!

Қатысушы топтарға сәттілік тілей отырып, сайысымыздың алғашқы турын бастаймыз.