Төрт түлік - ұлттық құндылық
Ойталқы сабағы (11-сынып)
Тақырып: «Төрт түлік – төрт мүлік, жүрміз бе қадірін біліп?!» (слайдпен) немесе «Атадан қалған құндылық ішінде жатыр, мұң тұнып…»
Сабақтың мақсаты
- Білімділік: оқушылардың ұлттық құндылықтар туралы таным-түсінігін кеңейту, ұлттық мұрат пен ұлттық мүдде туралы ой-өрісін тереңдету.
- Дамытушылық: талқыға түсетін мәселені сыни тұрғыдан қарастыруға жағдай жасау; тұшымды пікір айтуға, өз ойын дәйекті түрде қорғауға баулу.
- Тәрбиелік: ұлттық құндылықтарды танып, бағалай білуге тәрбиелеу; оқушылар бойына ұлттық рухты сіңіру.
Ұйымдастыру және әдістемелік негіз
- Типі
- Ұжымдық, пікірталас сабағы
- Түрі
- Танымдық-тәғылымдық талдау сабағы
- Әдісі
- Сын тұрғысынан ойлау, проблемалы оқыту
- Көрнекілігі
- Интербелсенді тақта, бейнесуреттер, слайдтар
- Тәсілдер
- Венн диаграммасы, ассоциация, талдау
- Пәнаралық байланыс
- Биология, тарих, этнография, өнертану
Сабақтың барысы
I. Кіріспе: «Төрт түлік – төрт мүлік, жүрміз бе қадірін біліп?!»
Алдын ала берілген тапсырма бойынша бір оқушы ауыз әдебиетінен бұрын өтілген материалдарға сүйене отырып, төрт түлік малдың халық өміріндегі орны туралы тезис түрінде қысқаша шолу жасайды. Бұдан кейін бүгінгі күнгі көзқарастың өзгеруі, кей өнімдердің сұранысының төмендеуі туралы ой қозғайды.
Сөз жобасы (негізгі тезистер)
- Төрт түлік – тіршіліктің арқауы: сойса – ет, сауса – сүт, кисе – киім, мінсе – көлік.
- Мал баққанға бітеді.
- Төрт түлік – атадан қалған мұра.
- Төрт түлік – ұлттық құндылық.
Талқылауға жетелейтін сұрақ
Бүгін біз төрт түлікке тек шаруашылық көзі ретінде қараймыз ба, әлде оны ұлттық болмыстың белгісі, мәдени-тарихи мұра ретінде сақтап, жаңғырта аламыз ба?
Негізгі өзек: құндылықтың өзіне емес, оны қалай түсіндіріп, қалай жаңаша өмірге енгізуге болатынына назар аудару.
II. Негізгі бөлім
1) Ой шақыру: «Атадан қалған құндылық ішінде жатыр, мұң тұнып…»
Оқытушы оқушының шолуындағы ойды жалғастырып, төрт түліктің мыңжылдықтар бойы ата-бабамыздың ең негізгі құндылықтарының бірі болғанына тоқталады. Сонымен қатар, қазіргі уақытта сол құндылықтардың кей қыры көз алдымызда әлсіреп, көмескіленіп бара жатқанын алға тартады.
Мәтіндік тірек: Сейіт Кенжеахметов мысалдарынан үзінді
Біз нар едік, нар едік,
Санатта ерте бар едік.
Аңқаулықпен жылдан да
Құр алақан қап едік.
Түйе есімін алғалы,
Нелер заман болғалы,
Талай істі көріп ек.
Айына бір нәр татпай,
Аптасына су ішпей,
Қиындыққа көніп ек.
Қазір қиын халіміз,
Кеміп барады санымыз.
Шығар-шықпас жанымыз…
…Санатта жоқ, санда жоқ,
Осыған қатты күйеміз,
Табылмай жүр иеміз…
Жұрт айтатын «кебенек»,
Біздер ешкі деген ек.
«Қолда алтынның қадірі аз»,
Қор болдық қой не керек.
«Мал» деген аттан шеттедік,
Азуға әбден беттедік.
Уа, Шекшек атамыз,
Қайда берген батаңыз?
Жылы, жұмсақ түбітті
Жұрт қалайша ұмытты?
Түбіт тұқымы құрыса,
Кім ұтылды, кім ұтты?
Мүйіз сұрап бұрындар,
Айырылып едік құлақтан.
Тәуекел деп тағы да
Жауап күттік сұрақтан.
Бұл үзінділер пікірталасқа эмоционалдық әрі мазмұндық өзек береді: кей түліктің қадірі кеміп, «құндылық» ұғымы күнделікті өмірден шеттей бастағандай әсер қалдырады.
2) Ой талқы: өлеңдердегі ойға сүйенген зертханалық жұмыс
«Түйенің арызы» мен «Ешкінің арызы» өлеңдерінде көтерілген мәселелер негізінде оқушылар түлік түрлері және олардың өнімдері туралы зертханалық-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, нәтижесін слайд арқылы таныстырады.
Салыстыру: «Өзгеден біздің неміз кем, өзгенің бізден несі артық?»
Биологиямен байланыс: жануарлардың жүйелік орны, морфологиялық ерекшелігі, өнімділігі және нарықтық әлеуеті.
Түйе (Camelus)
- Сүтқоректілер класы, сірітабандылар отрядына жататын, күйіс қайыратын жануар.
- Дене ұзындығы: 250–360 см, биіктігі: 180–210 см.
- Тірілей салмағы: 500–650 кг.
Лама (Lama)
- Сүтқоректілер класы, жұптұяқтылар отрядына жататын, күйіс қайыратын жануар.
- Түйеден айырмасы: өркеші жоқ.
- Дене тұрқы: 120–175 см, биіктігі: 90–100 см, салмағы: 48–95 кг.
- Нарықта сұраныста: лама өнімдері (пальто, жаға, тұрмыстық бұйымдар).
Қазақы ешкі (Capra hircus)
- Мүйіз қуыстылар тұқымдасына жататын жұптұяқты, күйіс қайыратын жануар; ет, сүт, түбіт өнімдерін береді.
- Салмағы: текесі 60–65 кг, ешкісі 40–60 кг.
- Тәулігіне 250–1000 мл сүт сауылады; 4–6 кг май алынады.
- Сүтінің майлылығы: 3,8–4,5%.
- Түбіті: шамамен 2 кг; егіз тууға бейім.
Ангор ешкісі (Angora goat)
- Жүні аса бағалы тұқым; орта ғасырда Түркияның Анкара өңірінде өсірілгендіктен осылай аталған.
- Түбіті берік, біркелкі, жылтыр, ақ, майда әрі биязы.
- Сүтінің майлылығы: 4,4%.
- Түбіт өнімі: 2–4 кг; егіз туу үлесі 5–10%.
- Нарықта сұраныста: ангор өнімі (шәлі, бөкебай, қолғап, шұлық, кофта, т.б.).
Пікірталасқа арқау болатын ұстанымдар
Оптимистер
- Төрт түлік – атадан қалған байлық. Баршылыққа мастанбай, мал басын көбейтіп, өнімдеріне сұранысты арттыру қажет.
-
Түйе мен ешкі өнімдері – ұлттық құндылық.
- Сүті мен шұбаты – жай сусын емес, емдік қасиеті мол, дәруменге бай тағам.
- Терісі, жүні, түбіті – бағалы әрі ұлттық белгі. Оларға ұлттық мүдде тұрғысынан қарап, ұлттық бренд деңгейіне көтеру керек.
Стереотиптік көзқарастар
- Атадан қалған мұра екені рас, бірақ мал басын көбейту – көп бейнет, пайдасы аз. Қазіргі заман да, тұрмыс та басқа; өзге байлық көздері жеткілікті.
-
Бір кездері сұраныста болғанымен, бүгінде кей өнімдер экзотика ретінде ғана қабылданады:
- Нанотехнология арқылы шұбатты да, ешкі сүтін де өндірістік түрде оңай өндіруге болады.
- Әлемдік нарықта орныққан лама мен ангор өнімдерімен теңесу қиын; бос шығынға ұрындыруы мүмкін.
Қорытынды түйін
Ұлттық болмыс тек малмен өлшенбейді. Дегенмен, төрт түлікке қатысты білім, дәстүр, өнім мәдениеті және еңбек этикасы – халықтың тарихи жады мен экономикалық әлеуетін байланыстыратын маңызды көпір. Мәселе – құндылықты жоққа шығару немесе әсірелеу емес, оны заман талабына сай түсіндіру және практикалық шешімге айналдыру.