Аспан жерге, жер аспанға шыққандай қиямет

Сыр елі азаматтарының Еуропаны азат етуге қосқан үлесі

Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Әйтеке би кенті, С. Сейфуллин атындағы №165 мектептің тарих пәні мұғалімі — Жәдиева Ләззат Шынтасқызы.

Биыл Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 67 жыл толады. Араға жарты ғасырдан астам уақыт өтсе де, бұл Жеңістің құндылығы өзгермейді: ол тарихи жадымызда мәңгі сақталады. Қазақстан тарихында Ұлы Отан соғысына қатысқан қазақ халқының ерлігі, Әлия мен Мәншүк секілді батыр қыздарымыздың есімімен қатар, сан мыңдаған жауынгердің жанқиярлық еңбегімен бекіді.

Неліктен бұл тақырып толық ашылмай келді?

  • Қазақстандықтардың Еуропаны азат етуге қатысуы және шетелдердегі қарсыласу қозғалысына қосқан үлесі туралы деректер тарихымызға толық енбей келді.
  • Бұл бағыттағы мәліметтер кең көлемде тек 1950-жылдардың соңғы ширегінде ғана жариялана бастады.
  • Соғыс жылдарында басып алынған кеңестік аумақтардан Германияға және оның оккупациялаған елдеріне каторгалық жұмысқа айдалған мыңдаған адам тағдыры ұзақ уақыт көлеңкеде қалды.

Фашистік езгіден халықтарды азат ету мәселесі — әлі де терең зерттеуді қажет ететін тақырып. Қазақстандық жауынгерлердің Еуропаны азат етуге қатысуы да осы қатарға жатады. Сол ерліктің жарқын мысалының бірі — Сыр өңірінің азаматы, Кеңес Одағының Батыры Әнуар Әбутәліпов.

Әнуар Әбутәліпов: ерлікке бастар жол

Әнуар Әбутәліпов — Сыр елінен шыққан Кеңес Одағының Батыры атағын алған екінші батырлардың бірі. Соғыстан кейін Жаңақорған ауданының Түгіскен кеңшарында еңбек етіп, Ленин орденімен марапатталды. Оның майдан жолы 1943 жылғы қысқы науқан оқиғаларымен астасады: Сталинград түбіндегі жеңіс, жаудың кері шегінуі, кең аумақтың азат етілуі — бәрі майданның беталысын өзгертті.

1943 жылғы 16 қарашада маршал Р. Я. Малиновский қолбасшылық еткен Екінші Украин майданы құрамындағы 53-армия ұрыс қимылдарын күшейтті. Жас жауынгер Әнуар Әбутәліпов үшін алғашқы шайқас осылай басталды.

Орман ішіндегі батпақ үстімен ағаш төсеп, зеңбірек пен танктерді алға жылжытып келе жатқан сәтте аспаннан бомба жауды. Неміс истребителі қапталдан пулеметпен оқ жаудырып өтті. Көп адам қаза тапты. Сол аласапыранда жарылыстан құлаған ағаш Әнуардың оң жақ белінен соғып, оны анадай жерге ұшырып жіберді. Есін жинай сала орнынан тұрып, серіктеріне ілесті — соғыстың жеке адамның айқасы емес, қып-қызыл қырғын екенін сол сәтте ұқты.

Қорқыныш пен қайсарлық

Әнуардың бойында қорқыныш пайда болды. Бірақ алға жетелеген өжеттік те бар еді: бәлкім, әкесінің бір ауыз сөзі, бәлкім, Отанға деген сүйіспеншілік. Әскери дайындықта меңгерген шаңғы тебу, қаруды тиімді қолдану, парашютпен секіру секілді машықтар осы тұста кәдеге асты.

Кейінгі ұрыстарда майдан шебі бірде алға жылжып, бірде қайта қатайып отырды. Коростень азат етілгеннен соң, дұшпан қайта топталып, тың резервтерін іске қосып, Киев бағытына қарсы соққы жасады. Кировоград, Кривой Рог, Запорожье маңындағы шайқастар ерекше ауыр өтті.

Кривой Рог тұсында жау зеңбірегі үздіксіз оқ жаудырды. Командир: «Фонар жақпау, темекі шекпеу!» деп қатаң ескертті — бір сәттік бейқамдық өлімге байлаулы еді. Бірақ қанша сақтанса да, жау бағдарды лезде анықтап отыратын. Сол сәттердің бірінде Әнуар байқампаздық танытып, жау тыңшысын қолға түсірді: қалтасынан шағын рация табылды, тіпті етігінің өкшесіндегі шеге арқылы «жерлендіру» тәсілін пайдаланғаны анықталды. Осы қырағылығы үшін командир алғыс жариялады.

Тисса өзені: шешуші тапсырма

1944 жылғы қазанның соңында Будапешт бағытындағы қиян-кескі ұрыс басталды. Жау жақсы дайындалған қорғаныспен табанды қарсылық көрсетті. Кеңес әскерлерінің негізгі мақсаты — Тисса мен Дунай аралығына шығу арқылы жағдайды күрт өзгерту еді.

Полк Тисса жағалауына кеш түсе келіп тоқтады. Батпақты кешіп өткен ұзақ жорықтан кейін жауынгерлерге киім-кешекті кептіріп, қаруды ретке келтіру бұйырылды. Дивизия командирі генерал-майор А. Ф. Казанкиннің келуі — алдағы ұрыстың шешуші боларын аңғартты.

Сәлден соң ефрейтор Әнуар Әбутәліпов командирге шақырылды. Генерал оған ерекше тапсырма жүктеді. Әнуар бірден: «Тисса өзенін жүзіп өтіп, бұйрықты орындауға рұқсат етіңіз, жолдас генерал!» — деп жауап берді. Генерал қысқа ғана: «Жолың болсын!» — деді.

Әнуар бір гранатаны көйлегіне орап, басына байлады. Оң қолына пистолет ұстап, суға түсті. Қаракөлеңкеде жүзіп отырып, жағаға жақындағанда судан шықпай біраз тың тыңдады: немістердің жүрісі, сөйлеуі анық естілетін. Жүрек атқақтап, қорқыныш билегенімен, тапсырманы орындамай қайту — өлімнен де ауыр еді.

Аңызға айналған сәт

Сол мезетте ол ақ сақалды қарияны көргендей болады: «Балам, қорықпа, шыға бер! Саған ешкім тимейді», — деген үн естілгендей. Артынша анасының дауысы да құлағына келеді. Түс пе, өң бе — ажырата алмай қалғанымен, ол «Иә, бісмілла» деп су ішінен қарғып шығып, жағадағы қайыққа жетеді.

Қайық су жаңа екен: екі ескегі орнында, ішінде бір винтовка мен каска жатыр. Жібін шешіп, өз жағалауына қарай есе жөнелді. Жағадағылар бұл әрекетті бақылап отырған. Полк командирі полковник Искаков: «Батырсың, Әнуар, нағыз батырсың!» — деп құшақтайды.

Осыдан кейін Әнуар қайықпен қайта-қайта қатынап, алдыңғы шептегі ротаның 85 солдатын қарсы бетке өткізді, соңынан командирлерді де жеткізді. Төртінші рет қайтып келе жатқанда шіркеу үстіне орналасқан минометшілер байқап қалып, қайықты оқ астына алды. Әупірімдеп өз жағалауына әрең жетті. Артынша зеңбірекшілер әлгі нүктені жойып, жол қайта ашылды.

Қарсы бетке өткен соң Әнуар қиян-кескі ұрысқа кірісті. Оқ борады. Жау әскері қалың. Бір сәтте оң қапталдан немістің «Тигрі» көрінеді. Әнуардың гранатасы дәл тиіп, танк отқа оранды. Артынша жақындаған бронетранспортер де жойылды. Ұрыс барысында жау румын мен венгрлерді алғы шепке қалқан етіп шығаратыны белгілі болды; тұтқындардың көбі солар еді, ал 47 тұтқынның неміс екені анықталды.

Марапат

Осы ерлігі үшін Әнуар Әбутәліпов 1945 жылғы 24 наурыздағы КСРО Жоғарғы Кеңесі Жарлығымен Кеңес Одағының Батыры атағын иеленді.

Ол Венгрия, Чехословакия, Румыния, Австрия жерін азат етуге қатысты.

Соғыстан кейінгі бейбіт өмірде де Әнуар Әбутәліпов ерен еңбек иесі екенін дәлелдеді. Ол Түгіскен кеңшарында 1984 жылға дейін күрішші болып жұмыс істеп, зейнеткерлікке шықты. Жұбайы Үмсәләммен бірге тоғыз баланы өсіріп, тәрбиеледі. Бүгінде ұрпақтары әр салада қызмет етіп, елге үлес қосып жүр. Әнуар ақсақал 39 немере, 3 шөбере сүйген. Кенже ұлы Есенқожа мен келіні Күләш қолында. Күләш — айтыс ақыны Манап Көкеновтың қызы.