Тәкаппар ұлы дүние

Дүниеге жар
Ей, тәкаппар дүние!
Маған да бір қарашы.
Танисың ба сен мені?
Мен – қазақтың баласы!
Тағы жұрт деп тағы да
Танымассың, білмессің.
Өйткені мен қазақпын,
Англичанин емеспін.
Танисың ғой сен оның
Өзінен бұрын мылтығын.
Дәріптейсің қасиетін,
Адамы түгіл, итінің.
Мен де оны бір кезде
Етігінен танығам.
Қадай басып өкшесін
Далама кеп қаңғыған.
Тағы дейтін халқымды,
Дозақ дейтін даланы.
Кен қазам деп көр қазып,
Ақтаратын моланы.
Жылап жатса бір қазақ,
Күлуші еді - ау ол әлі!
Соның бәрі сұрқия
Сұм патшаның әлегі.
Екі аяқты аң патша
Көп батырды шеңгелін.
Сар далада сарғайдым,
Қасіретпен шөлдедім.
Мынау қара көзімнен
Сансыз дария жас ақты.
Өз етімді өзіме
Кесіп алып асатты.
Айтып, айтпай не керек,
Не көрмеді бұл қазақ!
Дүние бүгін ұялар,
Айтпа, ойбай, аузың жап.
Сорлы емес ем ежелден,
Қаралы едім, зарлы едім.
Ұялушы ем өзге елден,
Намысты едім, арлы едім,
Есе тиер, енші алар
Ел болсам деп ойлаушы ем.
Қазақпын деп айта алар
Мен болсам деп ойлаушы ем.
Тәкаппар дүние төріне
Емін - еркін шықсам - ау.
Айтқанымды тыңдатып,
Айтқандарын ұқсам - ау
Деп ойлаушы ем, сол болды,
Арманыма жеттім мен.
Үдере жорттым, жол болды,
Тау төңкердім екпінмен.
Енді мені менсінбес
Европаның қай елі?
Қарсы келсем – құшақтар
Қаратпайтын әйелі.
Сорлы негр қара боп
Туғанына жазықты.
Тәкаппарсың дүние,
Көп қорладың аз ұлтты.
Қатарластың бірақ сен,
Аз дегенің көп екен.
Көміп кетер көпшілік,
Көп кешікпес күні ертең.
Бола бермес дүниеде
Күнде жанжал, күнде шу.
Жауып кетер жер бетін
Жалғыз ғана қызыл ту.
Сол қызыл ту астында
Күн келбетті қазақпын.
Отар емес телмірген,
Азаматпын, азатпын.
Енді сірә, дүние,
Танисың ғой мені сен.
Танысамын соғысып
Деп ойлама тегі сен.
Төрт құбылаң түгел сай
Қорқытпайды соғысың.
Жетпіс қабат қорғандай,
Батысымда – орысым.
Шымдай болат киінген
Шұғылалы шығысым.
Тас түлектей түйілген
Қырғыз, якут туысым.
Қазақ деген атымды.
Өшіре алмас ешбір жау!
Төбесінен, тиіссе,
Төңкерілер Алатау.
Аумағы мол алыппын,
Кең - ді менің құшағым.
Британия аралын
Қолтығына қысамын.
Тағы емеспін тағы айтам,
Адаммын - ды бұрыннан.
Адаммын деп жылағам,
Адаммын деп қырылғам.
Тәкаппар ұлы дүние!
Қазақ деген – мен деймін.
Мылтығыңды ұсынба.
Қолыңды ұсын, кел деймін!
1940, Алматы.
Қасым Аманжоловтың өлеңдерін қарау



Ұқсас жұмыстар

Сезім саясымен салыстырғанда теңіздің жанындағы тамшыдай
Құран хикаялары
Мұқағали Мақатаев поэзиясындағы символизм
Қорқыт атаның даналық сөздері
М.Мақатаев поэзиясындағы символизм
К.Ахметованың шығармашылық өмірбаяны
Исламдағы мінез-құлық
Оқушыларға адамгершілік тәрбие беру жайлы
Қорқыт ата дастанындағы ұлттық идея
Бастауыш сыныптарда мысалдарды оқыту
ТҮМЕН ҰЛЫ МҮДЕ ҚАҒАН
Қазіргі дүниежүзінің саяси картасы
МЫҢЗЫҚҰЛЫ ЕДІЛ ҚАҒАН
ҚАРАШАҰЛЫ БӘЙДІБЕК
ҚҰТЫЛЫҒҰЛЫ КҮЛТЕГІН
ШЫҢҒЫСҰЛЫ ЖОШЫ ХАН
ХАЛЫҚТЫҢ ДЕНСАУЛЫҒЫНЫҢ НЕГІЗІ
ЖАМАҚҰЛЫ БЕЙБАРЫС
СӘБИТҰЛЫ АСАНҚАЙҒЫ
СҮЙІНІШҰЛЫ ҚАЗТУҒАН