Сиқырлы шаршы
Коучинг-сабақ (7–8 сынып)
Оқушылардың логикалық ойлау және есте сақтау қабілеттерін дамыту
7–8 сынып оқушылары арасында «Оқушылардың логикалық ойлау және есте сақтау қабілеттерін дамыту» тақырыбында коучинг-сабақ ұйымдастырылды. Сабақ барысында тапсырмалар қарапайымнан күрделіге қарай құрастырылып, оқушылардың шығармашылық әлеуетін біртіндеп ашуға бағытталды.
Мақсаты
Логикалық тапсырмалар арқылы оқушылардың ойлау және шығармашылық қабілеттерін дамыту.
Күтілетін нәтиже
Оқушылар тапсырмаларды логикалық тұрғыдан талдап, шешу жолдарын қарастырады; есте сақтау қабілеті нығаяды; өз пікірін сенімді жеткізуге дағдыланады.
Негізгі идея
Логика — ойлау, оның формалары мен заңдылықтары туралы ғылым. Қазіргі педагогикалық көзқарастарда оқушының тұлғалық әлеуетін дамыту, шығармашылық мүмкіндігін ашу негізгі міндеттердің бірі болып саналады. Оқушының жеке ойлау қабілетін дамыту үшін оның өз күшіне сенімін арттырып, қолынан келетін істердің мүмкіндігін көрсету маңызды.
1-бағыт
Қызығушылығын арттыру
2-бағыт
Ойлау және қабылдауды дамыту
3-бағыт
Шығармашылық ізденісті дамыту
Қолданылған тапсырмалар түрлері
Көру қабілетін дамыту
- Ребус
- Сөзжұмбақ
- Анаграмма
- Сиқырлы шаршылар
- Геометриялық фигуралар
Есту қабілетін дамыту
- Математикалық мақал-мәтелдер
- Логикалық есептер
- Қалжың есептер
Ойлау қабілетін дамыту
Талдау, салыстыру, жалпылау, жүйелеу және шешім қабылдау дағдыларын талап ететін тапсырмалар арқылы оқушылардың ойлау икемі күшейтілді.
Коучинг барысы
-
1) «Логиканы дамыту»: сурет салу
Әр топ мүшесіне сызықтары бар және 1–4 деп нөмірленген парақшалар таратылып, 5 минут ішінде сурет салу ұсынылды. Уақыт аяқталған соң суреттер нөмірі бойынша салыстырылып талқыланды.
-
2) «Мнемоника»: көру арқылы есте сақтау
Оқушылар кемпірқосақ пен жеті жұлдызнама суреттеріне шамамен 1 минут қарап, кейін кемпірқосақ түстерін және жеті жұлдызнаманы ретімен атап шықты.
-
3) «Ұқсастық тап»
Топтағы төрт оқушы жұптасып, бір-бірінің ұқсастықтарын анықтау арқылы байқампаздық пен шапшаңдықтарын көрсетті.
-
4) «Сиқырлы шаршы»
Тапсырманы орындау кезінде оқушылардың тез ойлап, жылдам шешім қабылдау дағдылары байқалды.
-
5) SMART — «ақылды міндеттер»
Бір сыныпқа Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған өнеге сағатының жоспарын, екінші сыныпқа Абайдың 170 жылдығына орай поэзия кешіне қатысу бойынша нақты міндеттерді жазу тапсырылды.
-
6) Сергіту сәті
Қысқа бейнематериал көрсетіліп, оқушылар демалып алды.
-
7) Сәйкестендіру тапсырмалары және логикалық есептер
Сергітуден кейін екі топқа сәйкестендіру тапсырмалары ұсынылып, соңынан логикалық есептер шығарылды.
Қорытынды
Оқушылардың логикалық ойлау және есте сақтау қабілеттерін дамыту жұмысы бастауыш сыныптардан-ақ жүйелі түрде басталуы тиіс. Бүгінгі ұстаздың басты мақсаты — оқушылардың логикалық ойлауын жетілдіру арқылы өзін де, өзгені де тануға, өмірдің мәнін түсінуге, кез келген қиындықты жеңе білуге ұмтылдырып, сенімді, адал және парасатты тұлға тәрбиелеу.