Парасат тобы

Дене шынықтыру: «Спорт – өмір көркі»

Бұл эстафеталық сайыс оқушыларды салауатты өмір салтын ұстануға баулиды, спортқа деген қызығушылығын арттырады және қозғалыс дағдыларын дамытуға бағытталған.

Түрі: Эстафеталық ойын Өтілетін орны: Спорт залы Бағалау: 5 баллдық жүйе

Мақсаты мен міндеттері

Мақсаты: салауатты өмір салтын ұстануға баулу, спортқа деген қызығушылықты арттыру.

Міндеттері: әртүрлі спорттық ойын түрлерімен танысу және тәсілдерін меңгеру; оқушылардың икемділігі мен ептілігін, мергендік пен шапшаңдық қабілеттерін дамыту.

Көрнекіліктер

  • түрлі-түсті шарлар
  • доптар
  • кедергілер
  • жалаушалар
  • ысқырық
  • уақыт өлшеуіш

Қатысушылар

Көңілді жарысқа 2-сынып оқушылары қатысады. Командалар кезең-кезеңімен сайысқа түсіп, әр тапсырма бойынша ұпай жинайды.

Ескерту: әр кезең сайын әділқазылар алқасы баға беріп отырады.

Сайыстың барысы

I

Ұйымдастыру кезеңі

Құрметті мұғалімдер мен оқушылар, бүгінгі «Спорт – өмір көркі» сайысына қош келдіңіздер! Қатысушыларды ортаға шақырамыз.

Ұстанған салауатты өмір салтын,
Жасқанып, ешқашан да мойымайтын,
Болашақ спортшылар келді ортаға —
Қол соғып қарсы алайық, қане, халқым!

Сайысты бастамас бұрын, әділ баға беретін әділқазылар алқасымен танысамыз. Бағалау 5 баллдық жүйе бойынша жүргізіледі.

II

Негізгі бөлім: кезеңдер

  1. I кезең: Секіртпемен секіру

    Тапсырма

    Секіртпемен секіріп, берілген тапсырманы орындау.

  2. II кезең: «Аққала»

    4 бөлім
    • Үлкен резеңке доптың үстіне отырып, секіріп жарысу.
    • Допты жерге ұрып, жүгіріп өту.
    • Футбол добын теуіп бару.
    • Допқа шелек кигізу.
  3. III кезең: «Туннель»

    Командалық

    Әр топқа матадан жасалған туннель беріледі. Әр ойыншы туннельден өтіп, белгіленген жерге дейін жүгіріп барып, қайта орнына келеді.

  4. IV кезең: Шайбалы хоккей

    Ептілік

    Әр ойыншы шайбаны клюшкамен итеріп, кедергілердің арасымен жүгіріп өтеді.

  5. V кезең: Самокат тебу

    Шапшаңдық

    Самокатпен жүріп, кедергілердің арасынан өтіп жарысу.

  6. VI кезең: «Мергендер»

    Нәтиже есептеледі

    Әр ойыншы үрленген шарды атады. Жарылған шар саны есепке алынады.

Құрметті сайыскерлер! Сіздерге сәт сапар! Сайысымызды бастаймыз.

III

Командалар және ұрандар

«Алға» тобы

Ұраны: «Спортпен достас, жалқаулықпен қоштас».

«Сұңқар» тобы

Ұраны: «Бәріміз – біріміз үшін, біріміз – бәріміз үшін».

«Қайрат» тобы

Ұраны: «Салауатты өмір салтын сақтаймыз, жаттығудан ешқашан да қашпаймыз».

«Парасат» тобы

Ұраны: «Парасатты, айбынды, боламыз біз сегіз қырлы, бір сырлы».

Әр кезең аяқталған сайын әділқазылар өз бағасын жариялап отырады.

Қорытынды бөлім

Көрсетті міне өз өнерін балалар,
Сайыстың да соңы келіп таянар.
Жеңімпазды анықтайық, қанекей —
Әділқазы сайысты әділ бағалар.

Сайыс шарттарына сәйкес қорытынды шығарылып, жеңімпаздар анықталады. Марапаттау рәсімін өткізу үшін сөз әділқазылар алқасына беріледі.

Спорт – өмірдің көркі. Спорт – досың да, серігің де. Жаттығып жүрсең, шымыр боласың; шынығып, өсіп, толысасың. Демек, салауатты өмір салтын ұстанып, спортты серік етейік!