Киізден жасалған бұйымдарды таныстыру

Киізден моншақ жасау технологиясы

Киізден жасалатын бұйымдар — ұлттық қолөнердің құнды бөлігі. Бұл сабақта жүннің қасиетін танып, оны кәдеге жарата отырып моншақ жасаудың қарапайым әрі тиімді тәсілін меңгереміз.

Форматы
Аралас сабақ
Негізгі материал
Қой жүні (қалдықтары)
Нәтиже
Түрлі-түсті моншақ

Мақсаты

  • Киізден жасалған бұйымдармен таныстыру.
  • Киізден бұйым жасау технологиясын меңгеру арқылы ізденімпаздықты арттырып, ойлау қабілетін тереңдету және ой-өрісті дамыту.
  • Ұлттық қолөнерді қастерлеуге, бұйымға сәндік талап қоя білуге тәрбиелеу.

Көрнекілік және құрал-жабдықтар

Көрнекілік

  • Киізден жасалған бұйымдар
  • Моншақ түрлері
  • Сырға, білезік үлгілері
  • Буклет, фото, суреттер

Құрал-жабдықтар

  • Әртүрлі түсті жүн
  • Сабын (балалар сабыны)
  • Жүн инесі
  • Суға арналған тостаған
  • Кленка
  • Мықты жіп, ине, қайшы

Сабақ барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

Оқушыларды түгендеу, жұмыс орнының дайындығын тексеру.

II. Үй тапсырмасын тексеру

Өткен тақырып бойынша сұрақ-жауап жүргізіледі.

  • Жұмыс орнын ұйымдастыру
  • Техникалық қауіпсіздік ережелері
  • Карточка арқылы сұрақ-жауап

III. Жаңа сабақ: түсіндіру

Төрт түлік малдың жүні қазақ халқының тұрмыс-тіршілігінде ерекше орын алған. Жүнді ұқсату мәдениеті мыңдаған жыл бұрын қалыптасып, шаруашылықтың негізгі тірегіне айналды. Малдың еті мен сүті ғана емес, жүні де күнделікті қажеттілікке кеңінен пайдаланылды.

Халық шеберлері жүннің қасиетіне мән беріп, одан бау-шу, арқан-жіп, киім-кешек, қазақ үйге арналған киіз, түрлі төсеніштер, түс киіз, сәндік бұйымдар, сондай-ақ әшекейлер — моншақ, сырға, білезік және сыйға тартатын сувенирлер жасаған.

Маңызды ой: жүн қалдықтарын кәдеге жарату арқылы әрі экологиялық, әрі пайдалы қолөнер бұйымын жасауға болады.

Қой жүнінен моншақ жасау технологиясы

  1. 1

    Қажетті құралдарды дайындаңыз: жылы су, балалар сабыны, жүн, кленка, қайшы (қажет болса), жіп пен ине.

  2. 2

    Жүннің шағын бөлігін алып, тығыздап ораңыз.

  3. 3

    Оралған жүнді сабынды жылы суға малып, жақсылап шылаңыз.

  4. 4

    Жүнді алақаныңыздың арасында домалақтап, пішінін қалыптастырыңыз.

  5. 5

    Жүн түйіршігін сабындалған алақанға салып, көлемін ұлғайту үшін үстінен жүн қосып, екі алақанның арасында илеп-жұмырлауды жалғастырыңыз. Орташа есеппен 10 минут уқалағаннан кейін шар тәрізді моншақ қалыптасады.

    Кеңес: моншақ біркелкі шығуы үшін қысымды тең түсіріп, уқалау қарқынын тұрақты ұстаңыз.

  6. 6

    Дайын домалақтарды түрлі түске келтіріп (немесе әртүрлі түсті жүн қолдана отырып), моншақтар жинағын әзірлеңіз.

  7. 7

    Мықты жіп пен иненің көмегімен моншақтарды ретімен тізіңіз. Ұзындығы жеткілікті болса, жіптің ұштарын берік түйіндеп байлаңыз. Моншағыңыз дайын.

Сарамандық жұмыс

«Үйренгенің өзіңе құт, істегенің еліңе құт» қағидасын басшылыққа алып, оқушылар жүн қалдықтарынан домалақтау тәсілі арқылы моншақ жасайды.

Техникалық қауіпсіздік

Жұмыс барысында қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтаңыз: инемен, қайшымен абайлап жұмыс істеңіз; жұмыс орнын таза әрі ретімен ұстаңыз; ыстық су қолданбаңыз (жылы су жеткілікті).

Сабақты бекіту (сұрақ-жауап)

  1. 1 Жүннен жасаған моншақтарыңыз ұнады ма?
  2. 2 Ұнаса, несімен ұнады?
  3. 3 Жұмыс барысында қандай кемшіліктер жіберілуі мүмкін?
  4. 4 Жүннен тағы қандай бұйымдар жасауға болады?

Мақсат — оқушылардың өз ойларын анық жеткізуіне, көпшілік алдында қысылмай сөйлеуіне және жұмысты талдауға дағдыландыру.