Қазақ қызы

Әсемдік әлемінде

Бұл тәрбие сағаты 8 наурыз — аналар мен қыздар мерекесіне арналады. Негізгі ой — қыз баланың тәрбиесі, әдептілігі мен әсемдігі, сұлулықтың жаршысы екені туралы сөз қозғау; сондай-ақ ұл мен қыздың бір-бірін шынайы құрметтеп, қастерлей білуіне баулу, өзара сыйластық пен достық қарым-қатынасты нығайту.

Мақсаты

Қыз тәрбиесін ардақтау, әдеп пен әсемдік құндылықтарын дәріптеу, өзара құрмет мәдениетін қалыптастыру.

Көрнекілігі

Нақыл сөздер, суреттер, бейнекөрініс, слайдтар, музыкалық нөмірлер.

Негізгі өзек

Әсемдік — сыртқы көрік қана емес, мінез, тәрбие, ізет, білім және адамгершілік.

Кіріспе

Бүгінгі «Әсемдік әлемінде» атты тәрбие сағатымызда қыздарымызды ортаға шақырып, оларға құрмет білдіреміз. Ұлдар қыздарды орындарына шығарып, жақсы қасиеттерін атап, ізгі тілектерін айтады. Осы арқылы нәзіктікке ілтипат, әдепке құрмет, ізетке сүйіспеншілік мәдениеті көрініс табады.

Негізгі ой: «Қызға әсемдік жарасады» — қыз баланы жан-жақты сұлулықтың, әдептіліктің, мәдениеттіліктің жаршысы ретінде бағалау.

ІI бөлім. «Қазақтың қыздары — ай»

Бұл бөлімде ұлдар қазақ қызының тәрбиесі, көркі мен мінезі туралы ойларын ортаға салады. Әңгіме өзегі — қыздың қадір-қасиетін тану және сыйлау.

Азамат

Халқымызда «қыз» сөзі әдемілік пен жан-жақты сұлулықтың символы ретінде айтылады. Қыздың әдепті, көрікті болуын өлең-жырмен де өрнектеген.

Қыз емес, қыздың аты — қызыл алтын,
Көрінер толған айдай жүзі жарқын.
Үлкеннің алдын орап сөз сөйлемес,
Халқының сақтай білген ізгі салтын.

«Қыз — елдің көркі, гүл — жердің көркі» деген мақал да қыз баланың нәзіктігі мен талаптылығын, өнер-білімге бейімділігін дәріптейді. Халқымыз қызды ардақтап, мәпелеп өсіруге мән берген.

Ернар

Қазақ халқы қызды ерекше қастерлеген: тұңғыш қыз дүниеге келсе, ырыс деп бағалаған. Өйткені қыз — болашақ ана. Сол себепті қыз тәрбиесіне тек ата-ана ғана емес, көрші-қолаң, туған-туыс, ауыл-аймақ болып жауапкершілікпен қараған. «Қызға қырық үйден тыйым» деген сөздің астары да осында.

Дархан

Қыз баланы құрметтеу — халқымыздың көне дәстүрі. Қыздың алдында дөрекі сөйлемеу, ізетті болу, жиын-тойда сыйлы орын беру, сәнді киім мен әшекейдің жақсысын қызға ұсыну — бәрі де қыз қадірін арттырған тәрбиелік ұстанымдар.

Сахналық нөмір: ән — «Арман жырым, аруларым».

Райымбек

Қыз баланың бойына жат қасиеттер — өтірік, ұрлық, қатыгездік, қулық-сұмдық. Сондықтан «Біреудің ала жібін аттама», «Өтірік өрге бастырмайды», «Ешкімге қиянат жасама» деп, адалдық пен әділдікке тәрбиелеген.

Азамат (Ы.)

«Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер», «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген нақылдар отбасындағы тәрбиенің тірегін көрсетеді: ұлға — әке, қызға — ана өнегесі айрықша ықпал етеді.

Маулет

Қыз отырған ортада әдеп пен ізет сақталған. Үлкен-кіші демей, оқыс мінезге, өрескел сөзге бармау — қызға тән инабаттың өлшемі ретінде танылған.

Аманғали

Адамды сыртқы келбеті мен киім үлгісінен де тануға болады. Жасына сай, талғаммен, жарасымды киінген; мәдениеттілігімен, сыпайы қылығымен ерекшеленген қыздарды көргенде көңіл қуанышқа толады.

Сырым

Табиғат қыздың жан дүниесін нәзіктікке, қарапайымдылыққа, қайырымдылыққа бай етіп жаратқан. Жас қыздар — ақ қырдың қызыл гүліндей.

Сахналық нөмір: ән — «Ханшайым».

ІІІ бөлім. «Іші алтын, сырты күміс — сөз төресі»

Қыз бала және оның тәрбиесі туралы мақал-мәтелдер мен нақыл сөздер — өмірлік бағдар, мәдени өлшем. Ендеше халық даналығына құлақ түрейік.

  • Қыз өссе — елдің көркі, гүл өссе — жердің көркі.
  • Қыз — өмірдің қызғалдағы.
  • Қызды асырай алмаған күң етеді, ұлды асырай алмаған құл етеді.
  • Қыз — қуыршақ, ұл — құлыншақ.
  • Ұлың өссе — ұлы жақсымен ауылдас бол, қызың өссе — қызы жақсымен ауылдас бол.
  • Қыз балаға қырық үйден тыйым.
  • Қызым — үйде, қылығы — түзде.
  • Қыз қылығымен әдемі.
  • Қыздың жиған жүгіндей.
  • Қарындасын сыйламағанның қары сынсын.
  • Қыз мінезді жігіт екен.
  • Қыздар деген қызыл гүл ғой, өсіп тұрған бақтағы.

Сахналық нөмір: ән — «Қазақ қызы».

Тәрбиенің терең тамыры: «Құтты білік» тағылымы

ХІ ғасырдағы жазба мұралардың ішінде қыз тәрбиесіне қатысты ой-тұжырымдары терең еңбектердің бірі — Жүсіп Баласағұнның «Құтадғу білік» («Құтты білік») кітабы. Бұл шығармада әдеп, ақыл-ой, мінез-құлық, адамгершілік туралы озық үлгілер көркем тілмен баяндалады.

Аймаңдайлы ұл-қыз туса алдыңда,
Үйіңде өсір, бөтен жерге қалдырма.
Тәрбиешісі ізгілікті, көшелі —
Ұл-қыз жақсы, таза болып өседі.
Ұл-қызыңа әдеп үйрет, білім бер —
Қос жалғанды бірдей көріп күлімдер.

Сұлулық сыры

«Қазақ қызы» десе — беті ашық болғанымен, жүзінде ұяңдық бар; ұзын шашы өрілген, жүріс-тұрысы жинақы, қадамынан-ақ инабат сезілетін бейне көз алдымызға келеді. Құлағымызға шолпының сыңғыры келеді: ол — ұяңдықтың, әдептің, сұлулықтың сазы.

Сахналық көрініс: шолпы таққан қыздың жайлап жүріп өтуі — нәзіктік пен әдептілікті ишаралайды.

Бұрым — әсемдіктің бір белгісі ғана емес, қыз бойындағы көркем тәрбиенің де нышаны. Сондықтан бұрым туралы жақсы сөзді аямайық.

Абай өлеңі: «Білектей арқасында өрген бұрым»

Білектей арқасында өрген бұрым,
Шолпысы сылдыр қағып жүрсе ақырын.
Кәмшат бөрік, ақ тамақ, қара қасты —
Сұлу қыздың көріп пе ең мұндай түрін?

Сахналық нөмір: би — «Ақсұңқарым».

Шолпы үні — тек әшекейдің сыңғыры емес, тәрбиенің де белгісі. «Шолпының даусы қатты шықса, әдепсіздікке балайды» деп, қызды жинақылыққа, ибалыққа баулыған. Ақындар бұрымды қазақ әйелінің көркіне теңеп, өрілген қос бұрымды сұлулықтың ажарын аша түсетін белгі деп жырлаған.

А. Бақтыгереева: «Бұрым» (үзінді)

Ашуланып қайттың неге, ерке гүл,
Мектебіңе кетіп едің еркелеп бір.
Тортаңдайсың ата жауың сияқты —
Бантигіңді шешіп кеткен тентек ұл.

Қыз баланың бұрым деген сәні еді,
Балалықтың ойыны бар — әдемі.
Қыз бұрымға маза бермей жүретін —
Балалықтың ойыны бар — әдемі.

Сезім — адамдық қасиет

Ұлдардың қыздарға айтар назы мен ақылы — сыйластықтың бір көрінісі. Ә. Нұршайықовтың «Автопортрет» еңбегінен алынған кеңестер арқылы қыз баланың көркі мен ақылы, әдебі мен санасы қатар бағаланады.

  • Қыздар! Әдемі болыңдар, әсем болыңдар, сонымен бірге ақылды болыңдар.
  • Сұлу болыңдар, сымбатты болыңдар, сонымен бірге саналы болыңдар.
  • Инабатты болыңдар, ілтипатты болыңдар, сонымен бірге ұйымшыл болыңдар.
  • Ұйқышыл болмаңдар, ұмытшақ болмаңдар, ұрысқақ болмаңдар.

Ырым-әдеп: ұлдар қыздарға гүл табыстайды.

Ізет белгісі: қыздар кестелі орамал ұсынады.

Ән айту мен би билеу — әсемдіктің бір бөлігі. Келесі нөмір: вальс — «Қыздар, қыздар, сұлу қыздар».

Пікірталас

Қыздардың сұрағы

Қыздарды сыйлау деген не?

Ұлдардың сұрағы

Сыйлау үшін қандай болуың керек?

Қорытынды

Бабаларым қыздарды қадірлеген,
Қыз баладан басталар өмір терең.
Ауыл көркі — қыз болып ән айтылып,
Күн болмаған сазды күй төгілмеген.

Бүгінгі тәрбие сағатында қыз тәрбиесін қыздардың өзінен гөрі, ұлдардың сөз етуін мақсат еттік. Өйткені қыз баланың тәрбиесі — баршаның ісі. Ұл мен қыздың бірін-бірі түсінуі, сыйлауы, қамқор болуы — ертеңгі өнегелі қоғамның негізі.

Қыздарға айтар тілек: «қазақ қызы» деген қастерлі атқа лайық болыңдар. Білімді де тәрбиелі болып, қырдың қызғалдағындай жайнап өсе беріңдер.