Қолыңда шәкіртіңнің болашағы
Ұстаздың ұлы келбеті
Бұл тәрбие сағатының мақсаты — оқушыларды мұғалімдерді құрметтеуге баулу, өз елінің адал, әділ, ақылды азаматы болуға тәрбиелеу.
Көрнекіліктер
- Мерекеге арналған газеттер
- Суреттер
- Гүлдер
- Шарлар
- Қанатты сөздер
- Слайдтар
Іс-шараның барысы
Жүргізуші
Армысыздар, аяулы ұстаздар!
Ұлылықтың ұйытқысынан жаралған,
Өнегеңнен барлық шәкірт нәр алған.
Шапағаты шуақ сепкен ұстаздар,
Өздеріңмен бастау алар бар арман.
Жүргізуші
Ұстаздар — жақсылықтың жол ашары,
Қолында шәкіртінің болашағы.
Өмірді алға қарай өрлететін —
Сендерсің Ұлы Отанның болашағы.
«Ұстазым — мәңгілік жадымда қалар жаңғырып!» атты мерекелік кешті бастауға рұқсат етіңіздер.
Өлең жолдары мен құттықтаулар
Тахмина
Ұстаз болу — жүректің батырлығы,
Ұстаз болу — сезімнің ақындығы.
Ұстаз болу — мінездің күн шуағы,
Азбайтұғын адамның алтындығы.
Аружан
Ұстазым — екінші анам, аялаған,
Біздерден бар білімін аямаған.
«Оқысын, білім алсын, үйренсін» деп,
Күнде ерте құшақ жая шықты алдан.
Бүгінгі шашуымыз, ұлағатты ұстаздар, сіздерге арналады.
Ән
«Тойға шашу»
Айнұр
Ұстаз деген — ұстаз болып туғандар,
Ұлылықты ұлықтаған имандар.
Ұрпағының ертеңіне жол ашып,
Өмірінің өр шақтарын қуғандар.
Тимур
Ұстаз бізге білім беріп өсірген,
Қатемізді әрқашанда кешірген.
«Өмір жолы — қиын жол» деп әрдайым,
Тәрбиелеп, ақылды етіп өсірген.
Мейіржан
Ұстаздарым — биік тұлға, байсалды,
Құшақ жайып, өз мерекең қарсы алды.
Қуанышта жарқын тілек білдіріп,
Құттықтаймыз ұстаздарым баршаңды!
Саят
Жақсылыққа біздерді баптаған,
Ұстазым, өзіңменен мақтанам!
Ізгілік сыйлаған біздерге,
Мың алғыс, мың алғыс сіздерге!
Ән
«Білімнің бұлағы»
Нақыл сөздер
«Адамның адамшылдығы жақсы ұстаздан басталады.»
«Ұстаз деген ұлағатты атауды естігенде, күні бүгінге дейін өзімді шәкірттей сезінемін.»
«Мұғалім бәрінен де қымбат, өйткені мұғалім — мектептің жүрегі.»
«Ақырын жүріп, анық бас, еңбегің кетпес далаға. Ұстаздық қылған жалықпас, үйретуден балаға.»
«Ұстаздық ету — өзінің уақытын аялау, өзгенің бақытын аялау.»
«Нашар ұстаз шындықты қайталайды, жақсы ұстаз сол шындықты табуға үйретеді.»
«Оқушы жастардың ең сенімді ұстазы, сыр жасырмай ашық айтатын адамы — мұғалім.»
«Мұғалім — оқушы үшін ең жоғарғы адамгершіліктің үлгісі. Сондықтан да ол оқушы жүрегінде ұмытылмас із қалдырады.»
Қорытынды
Ұстаз ақыл-ойы мен күш-қуатын балаларға арнап, жан аямай еңбек етеді. Ол шәкірттің көкірек көзін ашып, дүниетанымын кеңейтеді, қияға қанат қақтырады. Сондықтан да дарынды ойшылдар да, арман қуған балалар да ұстазды ерекше қадірлеп, пір тұтады.
Ендеше, ұстазды құрметтейік, қадірлейік, ренжітпейік. Осы оймен бүгінгі тәрбие сағатымызды аяқтаймыз.