Эфирде Поэзия падишасы
Фариза Оңғарсынова туралы әдеби-сазды кеш: поэзияға тағзым
Фариза апамыз поэзияға алғаш қадам басқан күннен-ақ қазақ өлеңінің биігіне көтеріліп, бүкіл ғұмырын шығармашылыққа арнады. Бұл туралы Нұрсұлтан Назарбаевтың да пікірі бар: қазақ поэзиясының «падишасына» айналған тұлғаның еңбегі мен өнегесі ұлт руханиятына қызмет етті.
Мақсат
Жуырда ғана өмірден өткен поэзия падишасы Фариза Оңғарсынованың шығармашылық жолына талдау жасап, балалардың сөз өнеріне деген сүйіспеншілігін арттыру, ақын мұрасын насихаттау.
Поэзияның қасиеті туралы ой
Мейірханның сөзі
Поэзия — қасиетті ұғым. Ол — адамның ішкі сезімінің тіл жетпес тылсымында жатқан әсем әлемі, жеке адамның ешкімге айтпас қастерлі сыры. Поэзия тек ішкі дүние ғана емес, адам жанының алаулаған алтын жалыны.
Ежелден-ақ ұлы Аристотель поэзияның тарихтан да, тіпті философиядан да жоғары екенін айтқан. Поэзия — әлемнің жыршысы, ақылдың айнасы, халық мұңы, өнердің шыңы.
Айдананың сөзі
Ғабит Мүсірепов: «Біреудің бағы — тілінде, біреудің бағы — уысында» деген. Поэзия әлемінде бағы жанған, қарагөз нәзік жандылар аз емес. Бірақ қазақ қыздарының поэзиясы сөз болғанда, алдымен поэзия шолпаны — Фаризаны атаймыз.
Шерхан Мұртазаның пікірі
Қазақта ақын көп, Фариза — жалғыз. Жаңа туған айдың жанында жалғыз жұлдыз ерекше жарқырап тұрады. Періште жұлдыз сияқты. Ақындығы да, жаратылысы да ерекше, ешкімге ұқсамайды. Ақын жалғыз. Перзенттері сансыз. Олар миллиондардың жүрегін жылытады, жандарын жадыратады.
Өмірбаяннан бір үзік
Мейірханның баяндауы
Фариза Нарын құмының арасында дүниеге келген. Асып-тасқан байлығы болмаса да, берекесі мен өз дәулеті бар отбасында өсті. Әкесі елге сыйлы, ашық-жарқын жан болған. Ақын әкесіне арнап талай өлең жазды.
Фариза жастай әкесінен айырылып, анасы Халиманың тәрбиесінде қалады. Анасы көп сөйлемейтін, сөйлесе мақалдап сөйлейтін, аса ақылды, рухани қуатты, көрікті адам болған.
Музыкалық сәт
Айдана: «Фариза апайымыздың сөзіне жазылған ана туралы әнді тыңдайық. Алдарыңызда кішкентай бүлдіршіндеріміз — Бекнұр мен Аружан!»
Фариза лирикасының өзегі
Мейірханның талдауы
«Өлең — өмір, өлең — сезім» десек, сырлы лирикаға тән басты ерекшелік — өмір құбылысын жүрек толқынысы мен шынайы тербеліс арқылы жеткізу. Ендігі кезек — оқырман жүрегінен орын алған жыр жолдарына.
Мен қорықпаймын сұсты тұлғаларыңнан, асқарларым, Жанартаулардан лапылдап шашқан жалын. Көңіл — сұңқар емес пе — келеді ылғи Асқарлардан да әрі асып аспандағым. Өршіп қайта жаныма от алмасам, Мен әйтеуір құздардан жасқанбадым.
Сезем — талай жанардан жас парларын. Тарлау жолда тайғанақ тастар барын. Шырқау деген шыңдардан құлау емес, Жасымашы тек, жас құсым — жақсы арманым!
Жастар — жара түспеген жанына әлі, Түсінгендей жанымды табынады; Менің асқақ әм мұңды жырларымды Іздеуі хақ солардың, сағынары... Мен кешпеген дүние жоқ екенін сезеді олар. Сезеді бәрі — бәрі...
Көрнекі бөлім
Бейнебаян көрсетілімі.
Тікелей эфир: «Поэзия падишасы»
Айдананың хабарламасы
«Қымбатты қауым, ендігі кезекті Қазақстан–Орал телеарнасына береміз! Тікелей эфирде “Поэзия падишасы” атты телебағдарлама. Сөз кезегі — Милленада».
Милленаның кіріспе сөзі
Шатқалдарында жар құздың, Ақпан жалында қар-мұздың, Көлденең көзден қорғарсың, Жанымда жүрші, жалғызбын.
Осындай өлең арнаған парасатты поэзияның падишасы — Фариза ақын фәниден өтті. Қазақ елінің маңдайына біткен жұлдыз сөнді. Мұқағали мұңын шаққан ұлы тұлғаның қазасы әр қазақтың жанына батары сөзсіз. Қалай мақтасақ та, қалай жоқтасақ та — лайықты тұлға. Қаза қайырлы болсын.
Бағдарлама қонақтары
- Елеусинова Альбина — қазақ поэзиясын зерттеуші жас ғалым
- Ихсанғалиева Саида — жас тарихшы
Сұрақ-жауап
Миллена: «Альбина ханым, Фаризаның мықтылығы неде деп ойлайсыз?»
Альбинаның жауабы
Бұл сауалға ең дәл жауап — оның өлеңдерін оқу және әлемдік поэзиямен салыстыру. Сонда Фаризаның тек қазақ поэзиясында ғана емес, әлем поэзиясында да тұлғалық деңгейге көтерілгенін, шығармашылығының ұлттық мұраға айналғанын сезінесіз.
Фариза өлеңге ешкімге ұқсамайтын күрделі де құдіретті болмыспен, тұтастықпен келді. Өмірге өзіне ғана тән сезім көзімен қарауы — биіктікті ерекше түйсінуінен туған бірегей құбылыс. Фариза әлемі — әлі де толық ашыла қоймаған, бірақ қазақпен бірге мәңгі жасайтын әлем.
Миллена: «Құрметті көрермендер, микрофонды алып, сұрақтарыңызды қоя беріңіздер. Өзіңізді таныстырып өтсеңіз!»
Арманның сұрағы
«Менің атым — Арман. Сұрағымды Саида ханымға қойғым келеді. Фариза ақын сырт көзге қаталдау көрінеді: ойын жасырмай, тіке айтады. Ал өлеңдері тұнып тұрған лирика. Оның лирикалық “Мені” мейірімді, ақжарқын, адамды ерекше жақсы көреді; сүйсе де, ренжісе де жасандылықтан ада. Егер ол шынымен қатал болса, өмірдегі мінезі мен өлеңдегі мінезінің сәйкес келмеуін немен түсіндіресіз?»