Шешендік сөздерді халқымыздың қадір тұтуы
Сабақ барысы
I. Ұйымдастыру кезеңі
- Оқушылармен сәлемдесу.
- Оқушылардың сабаққа қатысуын тексеру.
- Зейінді сабаққа шоғырландыру.
II. Үй тапсырмасын тексеру
«Қозы Көрпеш — Баян сұлу» жыры бойынша жұмыс: жырдан теңеу мен эпитеттерді теріп жазу.
Жаңа тақырыпты түсіндіру
Шешендік сөздер — қазақ ауыз әдебиетінің күрделі әрі көркем салаларының бірі. Дәстүрлі шешендік сөздер шартты түрде шешендік толғау, шешендік арнау, шешендік дау болып үшке бөлінеді. Шынайы шешендік қиялдан тумайды: ол өмірлік оқиғалардан, табиғат құбылыстарынан, көп жылдық тәжірибеден, қайта-қайта айтылып, халық талқысынан өткен сара сөзден қалыптасады.
Мазмұндық түрлері
- Кеңесу сөзі
- Билік сөзі
- Салтанатты сөз
Композициялық құрылымы
- Кіріспе
- Баяндау
- Қорытынды
Негізгі ерекшелігі
«Өнер алды — қызыл тіл» қағидасына сай, шешендік сөз ұтқыр ойға, тапқыр қисынға, әділ шешімге құрылады.
Қазақ шешендік өнері — атадан балаға мирас болып жеткен ардақты өнер. Халық жадында сақталған даналық ойлар шешендердің сөзінен айқын көрінеді: шешендер көптің көкейіне қонған ойлы, сырлы сөздерді жаттап, орнымен жаңғыртып, кәдеге жаратады. Бұл өнердің «піспегі» — шешен билер, ал «күбісі» — халық: уақыт өте келе ел сөзді қырлап, өңдеп, көркемдеп, кейде түрлі тұлғалардың атынан да жеткізеді.
Шешен және би ұғымдары
Қазақта шешен және би ұғымдары әрі дара, әрі қосарланып қолданылады. Мысалы, Жиренше шешен, Сүйінбай шешен, Бөлтірік шешен, Шәңкі шешен сияқты атаулармен қатар Майқы би, Аяз би, Мөңке би, Әйтеке би секілді тұлғалар да айтылады.
Би атауы көбіне мемлекеттік мүддеге қызмет ететін, қоғамдық дау-дамайды шешуге бейім, шешендігі билік айтуымен танылған тұлғаларды білдіреді. Дегенмен би тек дау үстінде ғана шешен болмайды; ол елдің әдет-ғұрпы мен тарихын, табиғат пен адам мінезін терең танып, бүгінге баға беріп, болашаққа болжам жасай алатын кемел ой иесі.
Зерттелуі мен жинақталуы
- Ы. Алтынсарин нақыл сөздерді жинап, хрестоматиясына «Ізбасты», «Байұлы», «Жәнібек батыр», «Жиренше шешен» секілді даналық үлгілерін енгізді.
- М. Әуезов шешендік сөздерді алғаш зерттеушілердің бірі ретінде оларды іріктеп, жинақтап, ғылыми айналымға түсіруге үлес қосты.
- С. Сейфуллин «Қазақ әдебиеті» еңбегінде шешен билердің әлеуметтік қызметін, шешендік сөздің ауыз әдебиетіндегі орнын айқындап, бірқатар нұсқаларды жариялады.
- Ә. Маметова кандидаттық диссертациясында қазақ билерінің сөздерін атап, олардың әдеби мәнін тереңірек талдады.
Танымдық мақсатқа қойылатын басымдықтар
1) Шешендік сөздерді халқымыздың қадір тұтуы
2) Шешендік сөздердегі ұлттық мәдениет пен парасат
3) Асыл сөз астарындағы ұлағат
4) Дау-жанжалдың бітімін қысқа да нұсқа сөзбен табу, ел мен елді бітістіру дәстүрі
Қазақ шешендік сөзі түркілік танымнан бастау алып, ұлттық ерекшелікті бойына сіңірген, көркемдік қуаты мен ғибраттық сарыны айқын, поэтикалық тілі бай рухани қазына. Шешендік — дәстүрлі тіл өнері әрі сирек кездесетін дарын; ол суырыпсалма, жүрекжарды әділ сөздің табиғатымен дараланады.
Халық «Сөз қадірін білмесең, өз қадіріңді білмейсің», «Сөз сүйектен өтеді», «Шешеннің тілі қылыштан өткір, қылдан нәзік» деп, сөз өнерінің құдіретін ерекше бағалаған. Шешендік сөздер ғасырдан ғасырға ұласып, ұлттық мұрамыз ретінде ел игілігіне қызмет етіп келеді: қысқа, бейнелі, мағынасы терең сөз тыңдаушыны иландырып, ойландыруға жетелейді.
Жанрлық жіктелуі
Шешендік арнау
Қоғам мен заман тынысына байланысты өлеңдер, бата, тілек сөздер.
Шешендік толғау
Қоғамдық болмысты суреттейтін, ой түйіндейтін толғамды сөздер.
Шешендік дау
- Жер дауы
- Жесір дауы
- Мал дауы
- Ар дауы
- Құл дауы
Композициялық-тақырыптық сипатында дәстүрлі атаулар да ұшырасады: термелі сөз және пернелі сөз (қара өлең өрнегімен келетін түрлері).
Жаңа сабақты бекіту
Оқулықпен жұмыс
- Жиренше шешен, Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би туралы әңгімелерді мәнерлеп, рөлге бөліп оқу.
- Жиренше шешеннің жауабын талдау.
- Мәтінді нақышына келтіріп, мәнерлеп оқу.
- Ойтолғау жазу: «Тарихта із қалдырған тұлғалар».
- Қазыбек бидің толғауы мен Әйтеке бидің сөздеріндегі астарлы ойды анықтау; сұрақтарға жауап беру.
Мәтіндермен жұмыс (үзінділер)
Ағын судың өлгені —
Алты ай қыста қатқаны.
Асқар таудың өлгені —
Басын бұлттың жапқаны.
Ай мен күннің өлгені —
Еңкейіп барып батқаны.
Қара жердің өлгені —
Қар астында жатқаны.
Ажал деген — атқан оқ,
Бір Алланың қақпаны.
Дүниеде не өлмейді?
Жақсының аты өлмейді.
Ғалымның хаты өлмейді.
Өркенің өссін десең,
Кекшіл болма — кесапаты тиер еліңе.
Елің өссін десең,
Өршіл болма — өскеніңді өшірерсің.
Басына іс түскен пақырға
Қастық қылма — қайғысы көшер басыңа.
Жанашыры жоқ жарлыға
Жәрдемші бол асыға,
Қиын-қыстау күндерде
Өзі келер қасыңа.
Бүгін сағы сынды деп,
Жақыныңды басынба!
Суалмайтын суат жоқ,
Тартылмайтын бұлақ жоқ.
Құйрығы суда тұрса да,
Уақытысы жеткенде
Құрамайтын құрақ жоқ.
Дүние деген фәни бұл,
Баласы жоқта мият жоқ.
Бәрінен де қиын сол екен —
Артында жанған шырақ жоқ…
Үй тапсырмасы және бағалау
V. Үй тапсырмасы
- Шешендік сөздер (қайталу, қысқаша конспект).
- Жиренше шешен (мәлімет жинақтау).
- Төле би (мәлімет жинақтау).
VI. Бағалау
Оқушылардың жауаптары мен жұмыс сапасына қарай бағалау жүргізіледі.
Дерек
Оңтүстік Қазақстан облысы, Арыс ауданы, М. Шаханов атындағы жалпы орта мектебі.
Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі: Полатова Айнұр Мүслімбекқызы.