Туып - өскен елің қымбат, кіндік кескен жерің қымбат

Сабақ тақырыбы: «Атамекен – алтын бесік»

Бұл сабақ атамекеннің адам өміріндегі орны мен маңызын терең түсінуге, туған жерді қадірлеу сезімін қалыптастыруға бағытталған.

Мақсаты

Оқушыларға атамекеннің адамның өсіп-өркендеуіндегі және өмір жолындағы рөлі туралы түсінік беру.

Міндеттері

  • Атамекенді қадірлеу, оған қызмет етудің мәнін ұғындыру.
  • Оқушылардың өз атамекені, туған жері туралы білімін кеңейту.
  • Туған жерге деген сүйіспеншілік пен мақтаныш сезімін арттыру.

Көрнекіліктер

  • Алматы облысы, Сарқан, Қойлық өңірі табиғаты бейнеленген суреттер.
  • С. Тұрысбековтің «Ақ жауын» күйі (тыңдалым).

Сабақ барысы

I. Тыныштық сәті

С. Тұрысбековтің «Ақ жауын» күйін тыңдай отырып, ауыл табиғатының көркем көріністері көрсетіледі. Бұл бөлім оқушыларды сабақты қабылдауға психологиялық тұрғыда дайындайды.

II. Үй тапсырмасын тексеру

С. Жүнісовтің «Аманай мен Заманай» әңгімесі бойынша талқылау.

Талқылау сұрақтары

  • Қария немересін атамекенге неліктен алып барғысы келді?
  • Атамекен, атажұрт несімен қымбат?
  • Адамның туған жері әрқашан атамекен бола ма?
  • Туған жеріңде туып-өскен қандай азаматтарды мақтан етесің?
  • Елің сенің қандай еңбегіңді мақтан еткенін қалар едің?

III. Дәйексөз

Оқушылар дәйексөздің мағынасын ашып, жалғастырып айту арқылы ой қорытады.

« Алтын ұяң — Отан қымбат.
Туып-өскен елің қымбат, кіндік кескен жерің қымбат… »
Қазыбек би

IV. Ойын-жаттығу

«Ойшылар: сөз тапқанға қолқа жоқ» ойыны ойналады. Ойын шарты бойынша оқушылар берілген сөздерді түрлендіріп, әңгіме құрап, бір-бірінің ойын жалғастырып отырады.

Тірек сөздер

Атамекен, Отан, ел басы, ар, туған жер және т.б.

V. Әңгімелесу

Ш. Айтматов пен М. Шахановтың сұхбат-әңгімесі рөлге бөлініп оқылады. Оқушылар атамекен туралы жеке ойларын ортаға салып, туған жерге қатысты тыйым сөздер мен ырымдарды еске түсіреді.

Сұрақ

Атамекен, туған жер туралы қандай тыйым сөздер мен ырымдарды білесіңдер?

VI. Шығармашылық жұмыс

Бауыржан Момышұлы — Отан үшін отқа түскен қазақ халқының ұлы перзенті, қаһарман жауынгер, даңқты қолбасшы, Кеңес Одағының Батыры, әйгілі жазушы, XX ғасыр биігінде тұрған дара тұлға.

Өсиет

Отан сүйер ұлан бол!

Мен немере сүйіп отырған адаммын. Балаларды өте жақсы көремін. Сол балалардың, бүлдіршін балдырғандардың бақытты болашағы үшін сұрапыл соғыста ер азабын мейлінше көрген адаммын.

Мен де адаммын — жаралған сүйек-еттен, Арым бар, намысым бар жер тербеткен. Қазақтың қарапайым бір ұлымын, Жанымды ар үшін құрбан еткен.

Балаларыма, немере-шөберелеріме айтар жалғыз тілегім: елді сүйер ұлан болыңдар! Өз халқыңа лайықты азамат болып өсіңдер.

Б. Момышұлы

Тапсырма

Төмендегі мақал-мәтелдердің мағынасын түсіндіріп, өз ойыңмен толықтыр.

  • Отансыз адам — ормансыз бұлбұл.
  • Елінен безген оңбайды, көлінен безген қонбайды.
  • Өз елімнің басы болмасам да, сайының тасы болайын.
  • Өз еліңнің иті де тойған жеріне, ер туған еліне.
  • Ел дегенде — жұмылып істе, жұрт дегенде — жұмылып істе.
  • Ел — жасымен көрікті, тау — тасымен көрікті.
  • Көптен жақсылық құтылмайды, аздан азап құтылмайды.
  • Сумен ойнама, отпен ойнама.
  • Ел ағасыз болмас, тон жағасыз болмас.
  • Ерден аспақ болсаң да, елден аспа.
  • Көптің күші — көлдей.
  • Көш басшысы жоқ ел оңбайды.

VII. Топпен ән айту

Оқушылар үнтаспаға қосылып «Атамекен» әнін орындайды.

Ән туралы

Сөзі
Қ. Мырза Әлі
Әні
Е. Хасанғалиев

Мәтіннен үзінді

Жасыл жайлау — түкті кілем, көк кілем, Көк кілемде көп ойнаймын, көп күлем. Айдарымнан сипап өткен самалы — Қазағымның алақаны деп білем.

Қайырмасы:

Қайда жүрсең, атамекен, Көкейіңде жатады екен. Күннің өзі ұясына Қимай оны батады екен.

Асқар тауың аспанменен таласқан — Қазағымның мәртебесі деп білем.

VIII. Қорытынды

Атамекен, Атажұрт, Туған жер — адам үшін ең жоғары құндылықтардың бірі, асыл ұғымдар.

Атамекен — туған халқының, ұлтының мекен еткен, ата-бабасы қоныс тепкен жері. Ал туған жер — әр адамның дүниеге келіп, өмір есігін ашқан қасиетті мекені.

Адам өмірге келіп, ес жиып, етек жия бастаған сәттен-ақ өз болашағына да, өткеніне де үңіледі. Сол өткен мен бүгіннің, арман мен мақсаттың өзегі — атамекенмен тығыз байланысты.

Халқымыздың атамекенді ардақтауы терең: туған жерді қасиет тұту — қанға сіңген мінез, ежелгі дәстүр. Бұл таным жүрекке ана сүтімен дарып, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келеді.

IX. Үй тапсырмасы

«Атамекенім — мақтанышым» тақырыбында шығарма жазып келу.

X. Тыныштық сәті

Тыныштық, тыныштық әлемде, Тыныштық, тыныштық бар жерде, …

(Өлең жолдарын оқушының ойымен жалғастыруға болады.)