Сыңғырлa, күмiс қoңырaу
«Сыңғырла, күміс қоңырау!» салтанатты жиыны
Бұл мәтін 1-қыркүйек — Білім күніне арналған мектептегі дәстүрлі салтанатты жиынның жүргізілу барысын қамтиды. Мақсат — жаңа оқу жылымен құттықтау, оқушылардың сапқа тұру мәдениетін қалыптастыру, жас ұрпақты ұлтжандылыққа, адалдық пен мейірімділікке, имандылыққа, мектеп пен ұстаздарды құрметтеуге тәрбиелеу.
Іс-шараның мақсаттары
- Жаңа оқу жылымен құттықтау.
- Оқушылардың сапқа тұру мәдениетін қалыптастыру.
- Ұлтжандылыққа, адалдық пен мейірімділікке, имандылыққа тәрбиелеу.
- Мектеп пен ұстазды құрметтеуге баулу.
Жиынның ашылуы
1-жүргізуші
Қайырлы күн, құрметті ұстаздар мен оқушылар!
2-жүргізуші
Армысыздар, қадірлі ата-аналар мен қонақтар!
1-жүргізуші (өлең)
Өмір бойы мектебімді жыр етем, Бір өзіңде бақыт, білім, берекем. Шәкірттерің өрістесін, өрлесін, Құтты болсын Білім күнің — мерекең!
2-жүргізуші
Құрметті оқушылар, аяулы ұстаздар, ата-аналар, қадірменді қонақтар! Қазақстан Республикасының Конституциясының 20 жылдық мерейтойымен құттықтай отырып, мектеп өмірінде дәстүрге айналған «Сыңғырла, күміс қоңырау!» атты салтанатты жиынымызды ашық деп жариялаймыз!
Бірінші сынып оқушыларын қарсы алу
1-жүргізуші (өлең)
Мектебіне шәкірттер ағылады, Сана, білім сусақан табылады. Гүл шоқтарын қолына көтеріп кеп, Ұстазына жеткенше сағынады.
2-жүргізуші (өлең)
Жүректері тұратын лүпіл қағып, Мұғалімдер оларды күтуде анық. Білім нұрын ұрпаққа таратсын деп, Осы шақты аңсайды бүкіл халық.
Маңызды сәт
Бүгінгі қуанышты күн — бүлдіршіндердің 1-сыныпқа қабылданып, алғашқы қоңырау мерекесіне қатысатын сәті. Құрметті халайық, 1-сыныпты білім әлеміне апаратын ұстаз — Аргимбаева Әсем Елубайқызы және мектеп табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіндерді ортаға қошеметпен шақырамыз.
Оқушылар музыка әуенімен келіп, сапқа тұрады.
1-жүргізуші
Бүлдіршіндер — ертеңгі ел мамандары. Құтты болсын алғашқы қадамдары!
2-жүргізуші
Құтты болсын басталған оқу жылы, құтты болсын болашақ баспалдағы!
Мемлекеттік рәміздер
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын шығару рәсімі өтеді. Мемлекеттік Әнұран орындалады.
Құттықтаулар мен сөз сөйлеулер
1-жүргізуші
Бүгінгі салтанатты шақта құттықтау сөз мектеп директоры Сиванбаев Мұрат Серғалиұлына беріледі.
2-жүргізуші
Құттықтау сөз бүгінгі жиынымыздың құрметті қонағы — Есіл аудандық оқу бөлімінің басшысы Ташмақонова Гүлжиян Тасбайқызына беріледі.
1-жүргізуші
Мұғалім — балалардың ұстазы, болашақ ғалымдардың, даналардың бағдары. «Ұстазым» әні өздеріңізге арналады.
2-жүргізуші
Келесі сөз кезегі жергілікті әкім Некибаев Азамат Саветұлына беріледі.
1-жүргізуші
Алдарыңызда 5-сынып қыздарының биі.
2-жүргізуші
Сөз кезегі мектебіміздің оқу ісінің меңгерушісі Нұран Айбарша Біржанқызына беріледі.
1-жүргізуші
Сөз кезегі мектеп табалдырығын алғаш рет аттағалы тұрған бүлдіршіндерге беріледі.
Бүлдіршіндердің өлеңдері
№1
Қуантамын елімді, Қуантамын жерімді. Қуантамын жүректі, Қуантамын түлекті — Мен мектепке барамын.
№2
Елдің атын жазамын, Жердің атын жазамын. Туған тілге тазамын, Батаңды бер, қазағым — Мен мектепке барамын.
№3
Өмірімнің көктемін Сенде өткіземін деп келдім. Армандарым көп менің, Атқарамын деп келдім, Асыл анам — мектебім.
№4
Жүрегімде қуаныш, Мен бүлдіршін баламын. Енді жайнап нұр жүзім, Мен оқушы боламын.
№5
Нағыз білім, ырыс, бақ — Дүниені тұр ұстап. Енді біздер сабаққа Кіреміз дұрыс-ақ.
№6
Енді мен үлкен баламын, Мамамның тілін аламын. Ұстаздың барлық айтқанын Миыма құйып аламын.
№7
Мектеп — қамқор анамыз, Оқып, білім аламыз. Өнерпаз боп өсетін Біз оқушы боламыз.
№8
Мен мектепке барамын, Кілең бестік аламын. Ата-анамды қуантам, Шоқ жұлдыздай жанамын.
2-жүргізуші
«Бала тілегі» әні орындалады.
Бата және өнер нөмірлері
1-жүргізуші
Мектеп табалдырығын аттағалы отырған жас бүлдіршіндерді құттықтап, ақ жол тілеп, бата беру үшін зейнеткер ұстаз Ералина Үміт Бейсекеевна шақырылады.
2-жүргізуші
5-сынып ұлдары «Джентльмендер» биін орындайды.
Түлектердің тілегі және «Әліппе» табыстау
1-жүргізуші
11 жыл бұрын осы мектептің табалдырығын аттаған биылғы түлектер 1-сынып оқушыларына жүрекжарды тілектерін арнайды.
11-сынып оқушыларының құттықтауы (үзінді)
Қымбатты біздің кішкентай ізбасарларымыз! Аяулы ұстаздар! Міне, бүгін біз үшін соңғы «Алғашқы қоңырау». Балалық шақтан болашаққа қадам басып бара жатқан біздер мектеп үмітін ақтауға бар күшімізді саламыз. Оқыған әпке, ағаңыз, Қадірлі мектеп — бұл мектеп. Сендердей біз де болғанбыз, Есейдік, міне, қараңыз. Құт болып алғашқы қадамың, Жағарсың білім шырағын. Биылғы жыл ерекше, Ұғарсың оның шын мәнін. Құттықтап Білім күнімен, Сыйланар сізге Әліппе. Бар білімнің бастауы, Қадірлеп оны дәріпте.
Осы сәтте 1-сынып оқушыларына алғашқы оқулық — «Әліппе» табысталады.
2-жүргізуші
«Мектебім» әні орындалады.
Алғашқы қоңырау
Салтанатты сәт
Жаңа оқу жылы құт болып, ізгілік оты жағылсын. Бөбек пен түлек жұп болып, алғашқы қоңырау қағылсын!
Алғашқы қоңырауды күмбірлете соғу үшін ортаға биыл түлеп ұшатын түлек Хазиева Сания мен мектеп табалдырығын алғаш аттаған оқушы Ерсайын Әділет шақырылады.
2-жүргізуші
Құттықтау сөз кезегі 1-сынып ата-аналарына беріледі.
1-жүргізуші
Келесі сөз кезегі мектебіміздің тәрбие ісінің меңгерушісі Мустафина Асия Балтабекқызына беріледі.
Қорытынды
2-жүргізуші
Осымен 1-қыркүйек — Білім күніне арналған «Сыңғырла, күміс қоңырау!» мерекесі өз мәресіне жетті.
1-жүргізуші
Білім күні құтты болсын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш, еліміздің беделі асқақ болсын!
2-жүргізуші
Ақ жол сіздерге, мектеп оқушылары! (Шашу шашылады.)