Әуе көлігі
Сабақтың мақсаты мен міндеттері
Мақсаты
Жер үсті, жер асты, әуе және су көліктері туралы түсінік қалыптастыру. Жер үсті көліктерінің жолаушы, жүк тасымал және арнаулы көліктер болып бөлінетінін түсіндіру.
Дамыту міндеті
Оқу және байланыстырып сөйлеу дағдыларын жетілдіру, көлік түрлері туралы білімін кеңейту.
Тәрбиелік міндеті
Оқушыларды көшеде жүру ережелерімен және бағдаршамның қызметімен таныстыру. Қауіпсіз жүріс-тұрыс дағдыларын қалыптастырып, бағдаршамды дұрыс қолдануға үйрету.
Көрнекіліктер мен ұйымдастыру
Көрнекіліктер
- Жолда жүру ережелеріне арналған мазмұнды суреттер
- Бағдаршам макеті
- Түрлі ойыншық машиналар
- Қазақстанның физикалық картасы
Сабақ форматы
Сабақтың түрі
Жаңа ұғымды меңгерту сабағы
Сабақтың әдістері
Сұрақ-жауап, өз бетімен жұмыс, ойын, көрнекілік
Сабақтың барысы
I. Ұйымдастыру кезеңі
Оқушыларды сабаққа дайындау, назарын шоғырландыру, жұмыс тәртібін белгілеу.
II. Жаңа сабақ
1) «Ой шақыру»
Көшеде жүру ережелері бейнеленген суреттер бойынша әңгіме құрастыру, қауіпсіздік белгілерін талқылау.
2) «Қазақстан еліне сиқырлы саяхат»
Қазақстанның физикалық картасымен танысу және сұрақ-жауап арқылы білімді толықтыру.
- Біздің еліміз қалай аталады?
- Қазақстан қандай мемлекет?
- ҚР тұңғыш Президенті кім?
- Қазақстанның қандай қалаларын білесіңдер?
- Сендер қай қалада тұрасыңдар?
III. Ойын: «Пойыз»
Оқушылар бір-бірінің қолынан ұстап, «паровоз» болып қозғалады және Қазақстан қалаларының аттарын атайды. Ойын арқылы көлік түрлерін өмірмен байланыстырып, төмендегі сұрақтарға жауап береді.
Өлең (Ә. Асылбеков)
Қане, кімнің бойы ұзын,
Паровозы ол пойыздың.
Қатар-қатар тұрайық,
Пойызды біз құрайық.
Ал, паровоз, баста алға,
Бәрімізді басқар да.
Пш-пш, пш-пш, біз кеттік,
Жүрісті тым үдеттік.
Гу-гу, гу-гу, гуілде,
Қалып қойма бәрің де.
Пш-пш, пш-пш, біз кеттік,
Жүрісті тым үдеттік.
Талқылау сұрақтары
- Бір қаладан екінші қалаға қандай көліктермен барамыз?
- Қала мен ауыл ішінде қандай көліктер қатынайды?
IV. Оқулықпен жұмыс
Мәтінді тізбектей дауыстап оқып, мазмұнын әңгімелеу. Оқушыларға көліктер туралы жүйелі түсінік беру.
Көлік түрлері
- Жер үсті көлігі: машина, автобус және т.б.
- Су көлігі: қайық, кеме, катер, теплоход және т.б.
- Әуе көлігі: ұшақ, тікұшақ
- Жер асты көлігі: метро
Жер үсті көлігінің жіктелуі
- Жолаушы көлігі: адамдарды тасымалдайды
- Жүк тасымал көлігі: жүкті тасымалдайды
- Арнаулы көлік: жедел жәрдем, өрт сөндіру, жол-патруль қызметі және т.б.
V. Дәптермен жұмыс
Суреттегі бағдаршамның көздерін тиісті түстерге бояу.
Қызыл
Сары
Жасыл
VI. Жол ережесі: шағын көрініс
Көрініс арқылы бағдаршам белгілерінің мәні мен көшеде өзін дұрыс ұстау ережелері бекітіледі.
Өлең жолдары
1-оқушы:
Жайраңдаған жараңдар,
Жан-жағыңа қараңдар.
2-оқушы:
Жолдан өтер көлік бар,
Жол беретін адам бар.
Әдеп, тәртіп сақтаңдар.
Бағдаршам ережелері
3-оқушы (қызыл):
Қызыл көзін ашқанда, сынық сүйем баспа алға.
4-оқушы (сары):
Сары көзін ашқанда, қарап қалма аспанға.
5-оқушы (жасыл):
Жасыл көзін ашқанда, өте берші, жасқанба!
VII. Қорытындылау және жүйелеу
Көлік суреттерін тиісті жазбалардың астына орналастыру арқылы білімді бекіту.
Көлік түрлері
Жер үсті көлігінің түрлері
VIII. Қоғамдық көліктегі тәртіп және әдеп
Көлікке міну және түсу ережелері, үлкенге орын беру, кезек сақтау, айналаға кедергі жасамау сияқты әдептілік нормалары түсіндіріледі.
IX. Жұмбақтар
Қазша қанатын жаяды,
Үйрекше мойнын созады.
Құсша қонады.
Жауабы: Ұшақ
Күндіз-түні күрсінеді,
Жүрген жері сілкінеді.
Жауабы: Пойыз
Арқасында ауыл жүр,
Ала тайым шауып жүр.
Жауабы: Автобус
X–XII. Бағалау, рефлексия, үй тапсырмасы
Бағалау
Оқушылардың білімін салыстыра бағалау, жетістіктерін атап өту және мадақтау.
Рефлексия
«Бүгін не үйрендік, не білдік?» сұрағы арқылы қорытынды жасау.
Үй тапсырмасы
- Мәтінді түсініп оқу
- Жұмбақтарды жаттау
- Көлік суреттерін жинақтау