Басқа пәле тілден
Мақал-мәтелдер
Төмендегі жинақта ел, бірлік, ерлік, адамгершілік, білім мен тіл туралы қазақтың мақал-мәтелдері топтастырылды. Оқуға жеңіл болуы үшін мазмұны бойынша бөлімдерге бөлінді.
Туған жер, ел қадірі
- Ит — тойған жеріне, ер — туған жеріне.
- Кісі елінде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол.
- Өз елім — өлең төсегім.
- Мал қонысын іздейді, ер жігіт туысын іздейді.
- Елдің бәрі жақсы, өз елің бәрінен жақсы.
- Іргесі берік елді жау ала алмас, ауызы бір елді дау ала алмас.
- Сұңқар қиясын сағынады, торғай ұясын сағынады.
- Ұлтарақтай болса да, ата қоныс жер қымбат.
- Ат төбеліндей болса да, туып-өскен ел қымбат.
- Жат елдің жақсысы болғанша, өз еліңнің сақшысы бол.
- Есі бар жігіт елін табар, есі жоқ жігіт жаттың отын жағар.
- Ел іші — алтын бесік.
- Ел құлағы — елу.
- Қырықтың бірі — Қыдыр.
- Бүлінген елден бүлдіргі алма.
- Тау мен тасты су бұзар, ер арасын қу бұзар.
- Ел болатын жігіттер ел намысын жыртады, ел болмайтын жігіттер елін ұрлап құртады.
- Балық іздесең, көлге бар; береке іздесең, елге бар.
- Ел-жұртыңның қадірін іс түскенде білерсің.
- Сары тонның қадірін қыс түскенде білерсің.
- Өсер елдің баласы қозысын бағып қой қылар; өспес елдің баласы қозысын сойып той қылар.
Ынтымақ, бірлік, татулық
Негізгі ой
Ырыс алды — ынтымақ. Бірлік бар жерде тірлік берік.
- Ырыс алды — ынтымақ.
- Бірлік болмай, тірлік болмас.
- Алтау ала болса, ауыздағы кетеді; төртеу түгел болса, төбедегі келеді.
- Тірліктің түбі — бірлік.
- Ағайын тату болса — ат көп, абысын тату болса — ас көп.
- Екі құзғын таласса, бір қарғаға жем болар.
- Қырық кісі — бір жақ, қыңыр кісі — бір жақ.
- Саусақ бірікпей, ине ілікпейді.
- Тоқтықта жараспаған, аштықта қараспайды.
- Байлық байлық емес, бірлік — байлық.
- Ынтымақсыз елді ұрысы билейді, ынтымақты елді дұрысы билейді.
- Бір кісінікі — мақұл, екі кісінікі — ақыл.
- Бас жарылса — бөрік ішінде, қол сынса — жең ішінде.
- Алтын алма, алғыс ал: алтын — жер сыйы, алғыс — ел сыйы.
Ерлік, намыс, тәуекел
- Көңілің тартпаған іске қол ұрма.
- Ер тарықпай, молықпайды.
- Ер сүрінбей, ел танымас; ат сүрінбей, жер танымас.
- «Малы жоқ» деп ерден түңілме, «егіні жоқ» деп жерден түңілме.
- Ер үмітін ер ақтар, ер атағын ел сақтар.
- Ер мойнында қыл арқан шірімес.
- Оқ жетпес жерге қылыш суырма.
- Ер қартайса — қазаншы, бүркіт қартайса — тышқаншы.
- Ер қанаты — ат.
- Күш атасын танымайды.
- Ерді намыс өлтіреді, қоянды қамыс өлтіреді.
- Ер жігіт ел үшін туады, ел үшін өледі.
- Шын ер — жеңсе тасымас, жеңілсе жасымас.
- Ат басына күн туса, ауыздығымен су ішер; ер басына күн туса, етігімен су кешер.
- Үйде шешен — дауға жоқ, үйде батыр — жауға жоқ.
- Батыр мақтанса — жауға шапқанын айтар, қу мақтанса — алдап қаққанын айтар.
- Ер даусыз болмайды, ер жаусыз болмайды.
- Ерді кебенек ішінде таны.
- Шешінген судан тайынбас.
- Түпкі айылдың батқанын иесі білмес, ат білер.
- Ер жігіттің қадірін ағайын білмес, жат білер.
- Ердің атын не аты шығарар, не қатыны шығарар.
- Ер бір рет өледі, ез мың рет өледі.
- Тәуекел тау жығар.
- Су жетпейін демейді, жар жеткізбейді.
- Ер жетпейін демейді, мал жеткізбейді.
- Бас болмақ оңай, бастамақ қиын.
- Жаман жолдас жауға алдырар, жаман би дауға алдырар.
- Ер бақыттың қонғанын білмейді, ұшқанын біледі.
- Қорыққанға қос көрінер.
- Қорқақтың көзі үлкен, ақымақтың сөзі үлкен.
- Жау жоқта батыр көп, дау жоқта ақыл көп.
- Қылышынан қан тамған батырды тілінен бал тамған ақын алады.
- Ердің жақсысы елімен ойласады, әйелдің жақсысы ерімен ойласады.
- Ер қадірін білмеген ел қадірін білмейді.
- Бірлік қайда болса, ерлік сонда.
- Еркіндік қайда болса, елдік сонда.
- Жығылған күреске тоймайды.
- Қамысты бос ұстасаң, қолыңды кеседі; қасыңды бос ұстасаң, төбеңді теседі.
- Көз қорқақ, қол батыр.
- Күшті болсаң — нәпсіңді тый.
- Шындық — қамал бұзар.
- Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі.
- Үйренген жау атыспаққа жақсы.
- Сақтықта қорлық жоқ, сәлемде зорлық жоқ.
- Бұқа болар бұзау биттейінен белгілі.
- Батыр болатын бала титтейінен белгілі.
- Ер айтса — ел айтқаны, елдің қамын жеп айтқаны.
- Елуінде ер — дана, елу жылда ел жаңа.
- Ат басына күн туса — айыл-тұрман садаға; ер басына күн туса — бастан құлақ садаға.
- Арманымен ер сұлу, орманымен жер сұлу.
- Өзін-өзі білген ер бақытты, өзін-өзі билеген ел бақытты.
Адам, мінез, жолдастық
- Көпті жамандаған — көмусіз қалар.
- «Өзім білем» деген жігіт басына ойран салар; «көп біледі» деген жігіт басына қорған салар.
- Ақылсыз адам айқайлап келеді, жан-жағын жайпай келеді.
- Ақылды адам жайлап келеді, жан-жағын байқап келеді.
- Сұлу сұлу емес, сүйген сұлу.
- Болар адам он бесінде бас болар, болмас адам қырық бесінде жас болар.
- Жаман итті еркелетсең, аузыңды жалар; жаман адамды еркелетсең, жаныңды алар.
- Ағаш тамырымен мықты, адам дос-жарымен мықты.
- Жолдасы жоқ жігіттің олжасы жоқ.
- Жаман жолдастан жақсы дұшпан артық.
Ас, ырыс, тұрмыс
- Ас адамның арқауы.
- Бауыр — шырын, бас — тәтті; ағайынмен ішкен ас — тәтті.
- Пышағы бар сүйгенін жер, пышағы жоқ тигенін жер.
- Тарта жесең — тай қалар, қоя жесең — қой қалар, қоймай жесең — не қалар?
- Жазым болса, быламыққа тіс сынар.
- Қыдырып жеген жанбастан, шақырулы жеген жауырын артық.
- Өле жегенше, ағайынмен бөле же.
- Аз қайғыны ас басады, көп қайғыны дос басады.
- Жылқының етін жесең — тісіңе кіреді, жемесең — түсіңе кіреді.
- Аз ғана асым, даусыз басым.
- Денің сау болса, «жарлымын» деме.
- Жолдасың көп болса, «жалғызбын» деме.
- Тұр-тұрдан хабар келсе, ұйқыдан маза кетеді.
Ақыл, білім, өнер
- Кісінің кісілігі киімінде емес, білімінде.
- Айла — алтау, ақыл — жетеу.
- Айла мен ақыл қосылса — алдырмайтын екеу.
- Ақыл көпке жеткізер, өнер көкке жеткізер.
- Итке төсек не керек, естіге өсек не керек.
- Киіміне қарап қарсы алады, біліміне қарап шығарып салады.
- Ақылды өзінен көреді, ақылсыз ағайыннан көреді.
- Ақымақ ішкен-жегенін айтады, ақылды көрген-білгенін айтады.
- Ер жігіттің өлгені — ессіз болса алғаны.
- Әділ бидің өлгені — сөзінің жалғаны.
- Еңбегі жоқ ғалым — ыстығы жоқ жалын.
- Білім — гауһар, бағасы жоқ; надандық — кесел, дауаcы жоқ.
- Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады.
- Күш — білімде, білім — кітапта.
- Қарғыстың ең жаманы: өзің білме, білгеннің тілін алма.
- Түстік өмірің болса, кештік білім жи.
- Білмесең — үндеме, білгенді — күндеме.
- Ақылы жоқтың арманы жоқ.
- Өнер алды — қызыл тіл.
Тіл, сөз, жауапкершілік
Ескерту
Сөз — қуат та, қауіп те. Ойланбай айтылған тіл жанға да, елге де салмақ түсіреді.
- Тіл тас жарады; тас жармаса, бас жарады.
- Басқа пәле — тілден.
- Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ.