Шаңғысы бар бала

Мақсатты сабақ Сурет бойынша әңгімелеу Қысқы ойындар

Мақсаты мен күтілетін нәтиже

Балалардың қыс мезгілі туралы түсінігін кеңейту, сөздік қорын байыту, ойлау және есте сақтау қабілеттерін дамыту. Қыс ерекшеліктерін ажыратып, көргендері мен байқағандарын жүйелі жеткізуге, «нені? кімді? кімдерді? қандай?» сұрақтарына нақты жауап беруге және сурет мазмұнына сай әңгіме құрастыруға үйрету. Табиғатты аялауға, әсемдікті сезіне білуге тәрбиелеу.

Күтілетін нәтиже

  • Қыс мезгілі туралы негізгі түсініктерді меңгереді.
  • Қысқы ерекшеліктерді ажыратып айта алады.
  • Қысқы ойындарды атап, құралдарын таниды.
  • Сурет бойынша жүйелі әңгіме құрайды.

Әдіс-тәсілдер

Қуанышты сәт Сұрақ-жауап Көрсету Әңгімелеу Түсіндіру Елестету Ән айту Жалғастыру Қорытындылау

Сабақтың барысы

1) Қуанышты сәт: жылынып алайық

Тәрбиеші балалармен қыс туралы әңгімеге кіріспес бұрын, қысқы суықты елестете отырып, қысқа «жылыту» жаттығуын жасатады.

Сұрақтар: «Балалар, сендер аяздан қорқасыңдар ма? Далаға шыққанда тоңасыңдар ма? Егер тоңсаңдар, қане, бір-бірімізді үрлеу арқылы жылытайық. Жылынып алдық па?»

2) Елестету: қысқы табиғатты байқайық

Балалар өздерін сыртта, таза ауада тұрғандай елестетеді де, айналаны сипаттайды. Осы кезеңде тәрбиеші қыс мезгілінің белгілерін нақтылайтын сұрақтар қояды.

  • Айналаның бәрі қандай?
  • Қардың түсі қандай?
  • Ауа қандай?
  • Мұның бәрі қай мезгілде болады?

Балалардың жауабын қорытындылай отырып: қазір қыстың нағыз қақ ортасы екенін айтады. Бұл мезгілді «Сықырлауық қыс» деп атайды: қардың үстімен жүргенде қар сықырлап, ерекше дыбыс шығады.

Қайталау: «Қандай қыс?» — «Сықырлауық қыс».

3) Қысқы ойындар және жаңа сөздер

Тәрбиеші балаларды батылдыққа, белсенділікке жетелейді: «Біз қыстан, аяздан қорықпаймыз — жылы киініп, далада ойнаймыз». Балалар қыста ойнайтын ойындарын атайды, кейін жаңа ойындармен танысады.

Шаңғы

Шаңғыны аяққа киіп, қолымызға екі таяқша ұстаймыз. Қар үстімен сырғанап, еңістен төмен түсеміз.

Коньки

Конькимен мұз үстінде сырғанаймыз. Бұл ойын мұзды алаңда ойналады.

Хоккей

Хоккей мұзда ойналады: аяққа коньки киіп, қолға хоккей таяғын ұстап ойнаймыз.

Тапсырма: «Қане, бәріміз жаңа сөздерді қайталайық: сықырлауық, шаңғы, коньки, хоккей».

4) Суретпен жұмыс: кім не істеп жатыр?

Тәрбиеші балалардың назарын суретке аударады. Мақсат — көргенін дәл айтып, әрекетті дұрыс сипаттау.

Сұрақтар үлгісі

  • Суреттен нені көріп тұрсыңдар?
  • Шанасы бар бала кім?
  • Аққала жасап жатқан балалар кімдер?
  • Шаңғысы бар бала кім?
  • Шанамен сырғанап жүргендер кімдер?
  • Қар әкеліп жатқан кім?

5) Үлгі әңгіме (сурет бойынша)

Түнде қар қалың жауып, айналаны аппақ қар жапты. Балалар ғажайып қысқы табиғат аясында ойнап жүр. Бейбарыс, Ақниет және Анель қар домалатып, аққала жасап жатыр. Оларға Гүлсезім көмектесіп, қар тасып жүр. Аққала өте әдемі шықты, балаларға қарап күліп тұрғандай.

Дат шанамен сырғанап жүр, ал Бекжан шаңғымен ойнап жүр. Екеуі де балалардың аққаласына қызыға қарап қояды. Сырғанақта Ғания мен Перизат шанамен сырғанап, көңіл көтеріп жүр. Барлық ойынға риза болған Бағжан мен Ақниет аққаланы қалай жақсартуға болатынын ойластырып, қар үстіне жатып демалып алды.

Қайта байланыс: «Әңгіме ұнады ма? Қандай тұсы қызық болды?»

6) Сергіту және тәжірибелік қимыл: аққала жасайық

Балалар орнынан тұрып, өздерін далада тұрғандай елестетеді: жердің бетін қар басқан. Қарды қолмен алып, домалатып үлкейтеміз, кейін бөліктерін бір-бірінің үстіне қоямыз.

Бағдарлаушы сұрақтар

  • Аққала неше бөліктен тұрады?
  • Екінші бөлігін қайда қоямыз?
  • Енді қай бөлігін жасаймыз?
  • Басына не кигіземіз?
  • Көзі мен аузына не қоямыз?
  • Мұрнына не істейміз?

Қызықты ескерту

«Биыл қоян жылы» деген ойынды әзіл ретінде қосуға болады: «Қояндар сәбізді жеп кетпесін, мұрнын мықтап қояйық».

Бағалау: «Аққаламыз әдемі болды ма? Оң жағынан бір қарап, сол жағынан бір қарап көрейік».

7) Жалғастыру әдісі: балалар әңгімелейді

Балалар суретке қайта назар аударып, бір-бірінің ойын жалғастыру тәсілімен әңгіме құрайды: әр бала бір-екі сөйлем айтып, келесі балаға сөз береді.

Тәрбиешінің міндеті: сөйлемді толықтыруға көмектесу, дәл сөз таңдауға бағыттау, дұрыс дыбыстауды түзету.

8) Қорытынды және мадақтау

Сабақ соңында қыс мезгілінің белгілері қайталанып, балалардың жаңа сөздерді қаншалықты меңгергені пысықталады. Балалар белсенділігі үшін мадақталып, жігерлендіріледі.

Қысқаша қорытынды сұрақтар

  • Қыс мезгілінің қандай ерекшеліктерін білдік?
  • Жаңа сөздер қандай болды?
  • Сурет бойынша не туралы әңгімеледік?

Қосымша ақпарат

Қорытынды бөлімде балалардың қызығушылығын арттыру үшін «Астана — Азияда» тақырыбында қысқа жарнама/бейнефрагмент көрсетуге болады. Одан кейін «Азияда» туралы қысқаша мәлімет беріліп, балалардың әсері тыңдалады.