Шопан ата

Сабақтың мақсаты

  • Білімдік: балалардың төрт түлік туралы түсінігін кеңейту, төлдерін ажырата білуге үйрету, малдың пайдасын түсіндіру.
  • Тәрбиелік: үй жануарларына қамқорлықпен қарауға тәрбиелеу.
  • Дамытушылық: сөздік қорын дамыту, жаңа сөздермен толықтыру.

Қажетті материалдар

  • Жайлау макеті
  • Қоржын
  • Жануарлар муляждары
  • Слайд: төрт түлік

Сабақ форматы

Саяхат сабақ Жұмбақ шешу Ойын Өлең оқу Әңгімелету Дидактикалық ойын

Сабақтың барысы

1) Ұйымдастыру кезеңі

Психологиялық жаттығу

1-бала:

Білер қазақ баласы,

Сәлем — сөздің анасы.

Алдымыздан кезіккен,

Көп танысты көреміз.

Бәріне де ізетпен,

Біздер сәлем береміз.

Бәрі: Сәлеметсіздер ме!

Шаттық шеңбері

Қайырлы таң, көк аспан!

Қайырлы таң, жер ана!

Тәрбиеші: Айтыңдаршы, балалар, жұрт жайлауға қай уақытта шығады?

Балалар: Көктемде шығады.

2) Саяхатқа шығу

Тәрбиеші: Балалар, сендерге жайлауға саяхатқа шығуды ұсынамын. Бұрын ата-бабамыз жайлауға атпен, арбамен шыққан. Бүгін біз де атпен жайлауға барамыз.

Тәрбиеші: Міне, арғымақтарымыз да дайын тұр. Аттарыңа мініңдер.

Балалар ойыншық аттарын алып, бірінің артынан бірі тұрып, сапқа тұрады. «Адай» күйі орындалып, балалар жайлауға жетеді.

Тәрбиеші: Ал, жайлауға да келіп жеттік. Көзімізді жұмып, таза ауамен терең дем алып көрейік.

Тәрбиеші: Біз саяхатқа қайда келдік?

Балалар: Жайлауға келдік.

Сахна: Алдарынан Шопан ата шығады.

Тәрбиеші: Дұрыс, жайлауға келдік. Шопан ата да осында екен ғой. Сәлеметсіз бе?

Шопан ата: Сәлеметсіңдер ме, балалар! Жайлауымызға келгендеріңе қуаныштымын.

Балалар: Сәлеметсіз бе!

Тәрбиеші: Балалар, Шопан ата — қойдың иесі.

3) Төрт түлік туралы әңгіме және жұмбақтар

Шопан ата: Балалар, төрт түлікке қандай малдар жатады?

Балалар: Түйе, жылқы, сиыр, қой (және ешкі) жатады.

Шопан ата: Дұрыс. Ендеше, жұмбақ шешіп көрейік.

Жұмбақтар

1)

Кішкене ғана бойы бар,

Айналдырып киген тоны бар.

Жауабы: Қой

2)

Кезікті бір жануар,

Үстінде екі тауы бар.

Жауабы: Түйе

3)

Басында екі таяғы бар,

Төрт аяғы бар,

Тағы сақалы бар.

Жауабы: Ешкі

Жұмбақтар (жалғасы)

4)

Екі айнасы бар,

Екі найзасы бар.

Төрт жылтырмағы бар,

Бір шыбыртқысы бар.

Жауабы: Сиыр

5)

Екеу елеңдеп келеді,

Төртеу төбелесіп келеді.

Жауабы: Жылқы

Жұмбақ шешілген сайын балалар жануарлардың макетін тауып көрсетеді.

4) Төрт түліктің пайдасы

Тәрбиеші: Төрт түлік малдың адамға пайдасы бар ма?

Балалар: Бар.

Тәрбиеші: Қандай пайдасы бар? Бізге не береді?

Балалар: Сүт, ет, жүн береді.

Сүт өнімдері

Түйе сүті
Шұбат
Жылқы сүті
Қымыз
Сиыр/қой/ешкі
Май, құрт, айран, ірімшік

Жүннің пайдасы

Тәрбиеші: Қойдың, ешкінің, түйенің жүнінен не жасайды?

Балалар: Жіп иіреді, киім тоқиды, көрпе жасайды.

Шопан ата: Жарайсыңдар! Төрт түлік туралы көп біледі екенсіңдер.

5) Дидактикалық ойын: «Кім қалай дыбыстайды?»

Тәрбиеші: Мен қазір қандай жануарды көрсетсем, сол жануардың қалай дыбыстайтынын айтасыңдар.

Сиыр: мө-ө, мө-ө

Қой: мә-ә, мә-ә

Түйе: бө-ө, бө-ө

Жылқы: е-е-е

Ешкі: мәә-ә, мәә-ә

Тәрбиеші: Өте жақсы! Енді тыңдаңдар: жануарлардың дыбыстауын осылай атайды.

  • Жылқы — кісінейді
  • Сиыр — мөңірейді
  • Қой, ешкі — маңырайды
  • Түйе — боздайды

Балалар жаңа сөздерді қайталап, жаттап алады.

6) Сергіту сәті: «Қимылмен көрсет»

Балалар дөңгеленіп тұрады.

Қошақаны қойдың,

Қайда қалып қойдың?

Томпиып тұр бүйірің,

Қай өрістен тойдың?

Қимыл арқылы көрсету орындалады. Содан кейін балалар Шопан атамен қоштасып, аттарына мініп, топқа қайтады.

7) Мақал-мәтелдер

  • Жылқы — малдың патшасы, түйе — малдың қасқасы.
  • Мал өсірсең, қой өсір, өнімі оның көл-көсір.
  • Түйе — малдың үлкені, жылқы — малдың үркегі.
  • Малды баға біл, бабын таба біл.

8) Дидактикалық ойын: «Төлін тап»

Ережесі:

Тәрбиеші макеттің немесе суреттің бір бөлігін көрсетеді. Шақырылған бала жұбын тауып, қатарластырып қояды.

Түйенің төлі: бота

Жылқының төлі: құлын

Сиырдың төлі: бұзау

Қойдың төлі: қозы

Ешкінің төлі: лақ

9) Қорытынды

Тәрбиеші: Төрт түлікке қандай малдар жатады?

Балалар: Қой, ешкі, сиыр, жылқы, түйе.

Тәрбиеші: Қандай жаңа сөздермен таныстық?

Балалар: Жылқы кісінейді, сиыр мөңірейді, түйе боздайды, қой маңырайды.

Тәрбиеші: Өте жақсы, балалар! Бүгін бәрің сабаққа белсенді қатыстыңдар. Шопан ата да сендерге риза болды.