Ереже шығару

Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Толқын ауылы

«Толқын орта мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі

Пән мұғалімі

Жайлыбекова Алия

Пән / сынып

Қазақ тілі, 8-сынып

Тақырып: Кезектес салалас құрмалас сөйлем

Білімділік

Салалас құрмалас сөйлемнің түрлері туралы білімді тереңдету. Мағыналық түрлерінің бірі — кезектес салалас құрмалас сөйлемнің жасалу жолын мысалдар арқылы дәлелдеп түсіндіру және салаластың түрлерін ажырата білуге үйрету.

Дамытушылық

Оқушылардың пәнге қызығушылығын арттыру; өзгенің пікірін тыңдай білуге, ойды жинақы әрі мағыналы жеткізуге, өз пікірін қорғауға, өзіндік қорытынды жасауға дағдыландыру; сөздік қорын молайту.

Тәрбиелік

Қазақ тілін құрметтеуге, мәдениеттілікке, батылдыққа тәрбиелеу және тілге деген сүйіспеншілік сезімін күшейту.

Сабақ түрі

Аралас сабақ.

Сабақ әдістері

  • Блум таксономиясы
  • Түсіндіру
  • Ереже шығарту
  • Талдау
  • Сұрақ-жауап

Көрнекіліктер

Интерактивті тақта Тірек сызба Венн диаграммасы Семантикалық карта Сурет Тест

Сабақ барысы

Ұйымдастыру кезеңі

  • Оқушылармен амандасу.
  • Сынып оқушыларын түгендеу.
  • Сабаққа дайындықтарын тексеру.
  • Сынып тазалығын тексеру.
  • Информатика кабинетіндегі қауіпсіздік ережелерімен таныстыру.

1) Білу

Өткен тақырып бойынша білімді тексеру: ережені сұрау және үй тапсырмасын тексеру.

Сұрақ-жауап

Қайталау сұрақтары

  1. Құрмалас сөйлем дегеніміз не? Түрлері қандай?
  2. Салалас құрмалас сөйлем дегеніміз не? Түрлері қандай?
  3. Ыңғайлас салалас құрмалас сөйлем деген не?
  4. Себеп–салдар салалас құрмалас сөйлем деген не?
  5. Қарсылықты салалас құрмалас сөйлем деген не?
  6. Түсіндірмелі салалас құрмалас сөйлем деген не?
  7. Талғаулы салалас құрмалас сөйлем деген не?

2) Түсіну

Бүгінгі тақырып — кезектес салалас құрмалас сөйлем. Мысалдар арқылы ережені шығару.

Ереже шығарту
Бірде қуып жүремін шіркейі мен шыбынын,
Айдап бірде жүремін нағашымның шығырын.
Ә. Тәжібаев
Аққу біресе төмен түседі, біресе жоғары ұшады.
Қазан аспаның аузында от кейде жылтылдайды, кейде қызып жанып лапылдайды.

Ереже

Құрамындағы жай сөйлемдері арқылы берілген істің не оқиғаның кезектесіп келуін білдіретін салалас құрмалас сөйлем түрі кезектес салалас құрмалас сөйлем деп аталады.

Жалғаулық шылаулар

бірде, біресе, кейде

Тыныс белгісі

Жай сөйлемдердің арасына үтір қойылады.

3) Қолдану

Оқушылар ережені практикалық тапсырмалар арқылы бекітеді.

Жаттығу

116-жаттығу

Төмендегі сөйлемдерде кейде, біресе, не жалғаулық шылауларының қайсысы жай сөйлемдегі бірыңғай мүшелерді байланыстырып тұрғанын, ал қайсысы кезектес салаластың құрамындағы жай сөйлемдерді байланыстырып тұрғанын анықтау.

Шығармашылық тапсырма

Әр түрлі жағдаятқа байланысты өз ойларынан бірнеше мысал құрастыру.

4) Талдау

Құрылымын, мағынасын және айырмашылықтарын салыстыру арқылы талдау жасау.

Талдау

«Жалғасын тап…»

Бірнеше салалас құрмалас сөйлемнің бірінші жай сөйлемі беріледі. Екінші жай сөйлемді оқушылар өздері құрастырады.

  • Нұрғали біресе Тәукеге қарап күлімдейді, …
  • Бірде Айжан ән салады, …
  • Кейде аспанды қара бұлт жабады, …
  • Әжем бірде ою ояды, …

Венн диаграммасы

Кезектес салалас құрмалас сөйлемді талғаулы салалас құрмалас сөйлеммен салыстыру (слайд арқылы).

Назар аударатын тұстар

  • Кезектес салаласта оқиға/іс алма-кезек ауысып отырады.
  • Талғаулы салаласта бір нұсқа таңдалады немесе екі нұсқа кезектес мүмкіндікті білдіреді.

Семантикалық карта

Салалас құрмалас сөйлемнің мағыналық түрлеріне бірнеше мысал беріледі. Оқушылар әр мысалдың қай түрге жататынын анықтап, дәлел келтіреді.

Сурет бойынша мәтін құрастыру

Суретке қарап мәтін құрастыру, тақырып қою және мәтін ішінде құрмалас сөйлемдердің мағыналық түрлерін орынды қолдану. Соңында мәтін талданады.

5) Жинақтау

Слайдтағы тест сұрақтарына жауап беру арқылы тақырыпты қорытындылау.

Тест

6) Бағалау және рефлексия

Білемін

Тақырып бойынша бастапқы түсінігім мен білімім.

Білдім

Сабақ барысында меңгерген жаңа ұғымдарым мен дағдыларым.

Білгім келеді

Алдағы уақытта тереңдетіп білгім келетін сұрақтар.

Үй тапсырмасы

119-жаттығу. Берілген сөйлемдерді тұлғалық және мағыналық ерекшеліктеріне қарай құрмаластырып, қай түрдегі салалас құрмалас сөйлем екенін анықтаңдар.