Сағат сөзін бәріміз бірге айтайықшы
Білім беру саласы
Қатынас
Ұйымдастырылған оқу іс-әрекеті
Сауат ашу және жазу
Тақырыбы
С дыбысы және әрпі
Мақсаты
Білімділік
- С дыбысы және әрпімен таныстыру.
- С дыбысынан басталатын сөздер айтқызу.
- Сөздерді буынға бөлуді үйрету.
Тәрбиелік
- Балаларды ұқыптылыққа тәрбиелеу.
- Ептілікке, жинақылыққа баулу.
Дамытушылық
- Ойын арқылы сөздік қорын дамыту.
- Тыңдау, жауап беру дағдыларын жетілдіру.
Қолданылатын көрнекіліктер
Ұйымдастыру кезеңі
Балалар, бәріміз ортаға шеңбер құрайық. Бір-біріміздің қолымыздан ұстап, алақан жылуын сезінейік. Қандай тамаша!
Шаттық шеңбері
Сәлем дейміз достарға,
Сәлем дейміз құрдасқа,
Сәлем дейміз ұстазға,
Сәлем дейміз қонаққа.
Айымыз ашық болсын,
Туымыз биік болсын.
Халқымыз тату болсын,
Балалар аман болсын!
Өткенді қайталау
Тәрбиеші: Балалар, бүгінгі ашық оқу іс-әрекетін бастамас бұрын, өткен әріптерімізді қайталап жіберейік. Өткен оқу іс-әрекетінде қандай дыбыспен таныстық?
Балалар: Б дыбысы және әрпі.
Тәрбиеші: Б дыбысы дауысты ма, әлде дауыссыз ба?
Балалар: Дауыссыз дыбыс.
Тәрбиеші: Дауыссыз дыбысты қандай текшемен белгілейміз?
Балалар: Көк текшемен.
Ойын: «Сөз ойла, тез ойла!»
Ойын шарты: Балалар шеңбер болып тұрады. Тәрбиеші допты бір балаға лақтырғанда, бала тәрбиеші атаған дыбысқа тез сөз ойлап, допты кері лақтырады.
Тосын сәт: «Сиқырлы сандық»
Есік қағылады. Хат тасушы келеді.
Хат тасушы: Бұл №33 «Көркемай» балабақшасы ма?
Тәрбиеші: Иә.
Хат тасушы: Осы балабақшаға сәлемдеме бар. Міне, сәлемдемеңіз.
Тәрбиеші: Рахмет!
Балалар, ішінен не бар екенін білгілерің келе ме? Бұл сандық жай сандыққа ұқсамайды: қасында әдемі кілті бар. Демек, бұл — сиқырлы сандық! Бірақ сандық құлыптаулы екен.
Жұмбақ
Затыңды аман сақтайды,
Ішіне адам батпайды.
Жауабы: сандық
Жұмбақты дұрыс шештік — сиқырлы сандық ашылды. Ішінен не шықты?
Балалар: Сағат!
Тәрбиеші: Дұрыс. Сағат адамға не үшін қажет?
Балалар: Уақытты білу үшін.
Тәрбиеші: «Сағат» сөзін айтқанда, басында қандай дыбысты естіп тұрсыңдар?
Балалар: С дыбысын.
Жаңа тақырып: С дыбысы және әрпі
Бейнежазба
«Сиқырлы әліппе» ашылып, С дыбысынан басталатын сөздер айтылады. Осы арқылы С дыбысы туралы алғашқы түсінік беріледі.
Артикуляция (айтылуы)
- Ерін екі жаққа қарай тартылып, тістер көрінеді.
- Тіл тістерге тиеді.
- Тістер арасынан ауа қысылып шығып, «с» дыбысы естіледі.
Қане, бәріміз қолымызды иегіміздің астына қойып, С дыбысын айтайық.
Негізгі қорытындылар
С — дауыссыз дыбыс. Дауыссыз дыбыстар көк текшемен белгіленеді.
С дыбысынан басталатын сөздер:
сағат, сәбіз, сырға, сақина, сабын.
Буынға бөлу
Са-ғат
Екі буын, екі дауысты дыбыс.
Сә-біз
Екі буын, екі дауысты дыбыс.
Ойын: «Сиқырлы буын»
Ойын шарты: Сөздің алғашқы буыны беріледі, ал екінші буынын балалар суретке қарап тауып айтады.
Дәптермен жұмыс
№1 тапсырма
«Сан», «тас» сөздеріне дыбыстық талдау жасап, тиісті текшелермен белгілеу.
№2 тапсырма
Суреттерден С дыбысы қай сөздерде кездесетінін анықтап, сәйкестендір.
№3 тапсырма
Суреттегі заттарды ата. Сызба бойынша буынға бөл.
Сергіту сәті
Бейнежазба арқылы қимыл-қозғалыс
Балалар бейнежазбадағы қимылдарды қайталап, бой сергітеді.
Тіл ұстарту жаттығулары
Са-са-са — ұстап алдым маса.
Се-се-се — сынды неше кесе.
Ес-ес-ес — пышақпен нан кес.
Қорытынды ойындар
Ойын: «Дыбысты анықта»
Ойын шарты: Балалар орындарынан тұрады. Тәрбиеші А дыбысынан басталатын сөздер айтқанда — қол шапалақтайды, ал С дыбысынан басталатын сөздер айтқанда — аяқтарын топылдатады.
Ойын: «Кім тез ойлайды?»
Ойын шарты: Үстел үстіндегі заттардың ішінен бала С дыбысынан басталатын затты таңдап, атын айтады және сол сөзге сөйлем құрайды.
Үлгі
Бала «сырға» затын алып: «Бұл — сырға. “Сырға” сөзі С дыбысынан басталады. Сырғаны анам тағады» — деп сөйлем құрайды.
Ашық оқу іс-әрекетіне белсенді қатысқан барлық балалар мадақталады.
Қоштасу
Ортаға келіп тұрайық,
Шеңберді біз құрайық.
Көріскенше күн жақсы,
Сау-саламат болайық!