Балабақша меңгерушісі

Шараның мазмұны

Тақырыбы

«Ару Ана, асыл Ана — мақтанышым өзің ғана!»

Мақсаты

  • Балаларға 8 наурыздың аналар, әжелер және ұстаздар мерекесі екенін ұғындыру.
  • Аналардың еңбегінің зор екенін түсіндіру.
  • Балабақша мен ата-ана арасындағы байланысты нығайту.
  • Балалардың анаға деген адамгершілік қасиеттерін, сөйлеу мәнерін және есте сақтау қабілетін дамыту.

Кіріспе: көктеммен бірге келген қуаныш

Бүгін балабақшамызда мерекелі думан. Күй күмбірлеп, жырдан шашу шашылып, жүректерге шаттық ұялар күн. Балалар үшін ең жақын жан — ана. Ана құшағы — пана, ана мейірімі — өмірдің шуағы.

«Ана» десем — алғыс алам халқымнан.
«Ана» десем — теңіз болып шалқыған.
«Ана» десем — ашылады қабағым,
«Ана» десем — әділдікті ұғамын.

Көктемнің алғашқы хабаршысы — бәйшешек қылтия көтерілгендей, аналар мерекесі де көңілге нұр құйып келеді. Барша асыл аналарымызды, қадірлі әжелерімізді, аяулы ұстаздарымызды және қыздарымызды мерекемен құттықтаймыз!

Бағдарлама: сайыс кезеңдері

Мерекелік сайысымыз бірнеше кезеңнен тұрады. Әр кезең ана өнерін, шеберлігін, талғамын және ұлттық танымын айқындайды.

1-кезең

«Мен анамын — ұрпағын әлдилеген» (таныстыру)

2-кезең

«Көтерейік көңілді ән-жырменен!» (өз өнері)

3-кезең

«Өнерлінің қолы алтын» (қолөнер)

4-кезең

«Сұлулық сыры» (сән үлгісі)

5-кезең

«Сиқырлы гүлдер» (сұрақ-жауап)

6-кезең

«Сүйікті тағам» (ас мәзірі)

Балалардың құттықтауы: өлең мен ән

Балалар аналарымызға, әжелерімізге және апайларымызға ақ тілегін өлеңмен, әнмен жеткізді. Хор орындауында: «Ақ мамам».

Тақпақтар

Нұрасыл

Әжем менің әлі де
Ұқсамайды кәріге.
Шай қайнатып береді,
Қажет болса бәріне.

Әлішер

Алақаны аялы,
Анам бар — жаны саялы.
Кешіре білген кінәмді,
Әкем бар менің шыдамды.

Жамиля

Менің әжем сымбатты,
Әжем менің қымбатты.
Құрт пен майын жинайды,
Біздерге оны сыйлайды.

Ә. Әлихан

Біз доспыз гүлдермен,
Текке оны жұлмаймыз.
Той күні бір-бірден,
Анамызға сыйлаймыз.

Нұрайым

Ақ қабақты анашым,
Күн сәулелі мамашым.
Әлпештеген баласын,
Аман болшы, анашым.

Қ. Әлихан

Менің әжем — гүл әжем,
Алтын әжем — күн әжем.
Апам үшін, мен үшін
Нағыз ана — тіл әжем.

Өнер сайысы

«Өнерлі өрге жүзеді» — балаларымыз өнерлерін ортаға салды.

Жарқынай

Мамаларды сүйеміз,
Сөзін ойға түйеміз.
Әжені де ардақтап,
Әдеппен бас иеміз.

Мейірімжан

Еркелесем күлімдейтін,
Ұрысқаны білінбейтін.
Маңдайымнан иіскеп менің,
«Құлыншағым, күнім» дейтін.

Адия

Анашым, анам,
Ризамын саған.
Тіліңді алам,
Ақылды болам.

З. Нұрхан

Бәрімізге анасың,
Біз үшін көп жанасың.
Құтты болсын мейрамың,
Құттықтаймын, анашым.

С. Кәусар

Ақ анашым, аппағым,
Өзің жайлы тақпағым.
Өзің жайлы әнімде,
Арнадым саған бәрін де!

Алдияр

Шалқып тасып әніміз,
Жадырасын жанымыз.
Ана, сені құттықтап,
Әндетеміз бәріміз.

Е. Кәусар

Менің әжем, ақ әжем,
Ұл мен қыздың бағы — әжем.
Ертегі айтып бер десем,
Айтып берер тағы әжем.

Қобылан

Сенен өскен балалар —
Батырлар мен даналар.
Құттықтаймыз мейраммен,
Құрметті аналар!

Сонымен қатар, кішкентай Нұрасылдың орындауында: «Апам үшін» әні шырқалды.

Сән үлгісі: «Сұлулық сыры»

Сұлулық табиғаттан басталады. Көктеммен бірге көңіл де, өңір де құлпырады. Бұл кезеңде аналардың талғамы мен көркемдік әлемі айқындалды.

Балалардың лебізі

Айдархан

Ананың әрбір сөзі — ой талабы,
Жүректің тереңінде сақталады.

Аманат

Өсеміз елін сүйген ұландар боп,
Ардақты ана еңбегі ақталады.

Еркеназ

Сырмақ сырған оюлап,
Жақсы көрем әжемді.

З. Кәусар

Ақ әжемді әрқашан,
Сыйлап жақсы көремін.

Ана туралы жүрек сөзі

Ажар

Анам менің — өмірдегі тірегім,
Анам менің — кеудемдегі жүрегім.

Дияр

Бала деген — ана жүрегі,
Бала үшін ана өмір сүреді.
Бала көңілденіп қуанса,
Анасы да қуанады, күледі.

Айзере

Менің анам ақылды,
Тарап берер шашымды.
Гүлді-гүлді әдемі,
Көйлек сатып әперді.

Самғат

Баққа гүл толғанда,
Біз оны жинаймыз.
Мереке болғанда,
Анаға сыйлаймыз.

Жанель

Бізді өсіріп баптаған,
Жақсы болсақ шаттанған.
«Алтыным» деп мақтанам,
Айналайын, ақ мамам.

«Сиқырлы гүлдер»: сұрақ-жауап кезеңі

Бұл кезеңде аналарымыз ұлттық дәстүр, таным және салт-ғұрыпқа қатысты сұрақтарға жауап берді.

  1. Жеті ата қалай аталады?
  2. Қазақтың ұлттық ойындарын атаңыз.
  3. Жеті қазынаны атап беріңіз.
  4. Қазақтың ұлттық киімдерін атаңыз.
  5. Үш арсыз қалай аталады?
  6. Тілашар тойы қай кезде жасалады?
  7. Үш ырым айтып, мағынасын түсіндіріңіз.
  8. Қазақстан Республикасының рәміздерін атаңыз.

Қорытынды: марапат пен мерекелік тілек

Сайыс кезеңдері аяқталды. Енді қорытынды бағаны әділқазылар алқасы шығарады. Бағалау жүріп жатқанда балаларымыздың өнерін тамашаладық: ән мен бидің шырайын келтірген «Көктем вальсі» орындалды.

Құтты болсын осы шаттық күніміз,
Бақытты да ұзақ өмір сүріңіз.
Қуанышты жүзіңізбен әрдайым,
Бұл өмірде күліп қана жүріңіз.

Бүгінгі сайысқа қатысқан барлық аналарымызға алғыс айтамыз. Барша әжелерімізге, аналарымызға, апайларымызға және бүлдіршін қыздарымызға 8 наурыз — Халықаралық әйелдер күні құтты болсын! Отбасыларыңызға бақыт пен береке, қуаныш пен шаттық, дендеріңізге саулық, ұзақ ғұмыр тілейміз.

Құттықтау сөз

Құттықтау сөз кезегі ата-аналарға беріледі. Сау болыңыздар!