Менің жүрегім қамқоршы - Менің жүрегім жылы
Сабақтың мақсаты мен бағыты
Білімділік
Өзара достық, жақсылық ұғымдары және адамгершілік құндылықтары туралы түсінік қалыптастыру. Адам бойындағы құнды қасиеттер жайлы білімді кеңейту.
Дамытушылық
Өзін және айналасын сүюге, жақсы көруге деген ынта мен ниетті ояту.
Тәрбиелік
Қоршаған ортаға жақсылық жасай білуге, мейірім мен қамқорлыққа тәрбиелеу.
Көрнекілік
Слайд материалдары.
Әдіс-тәсіл
Сұрақ-жауап, баяндау.
Оқу іс-әрекеті
Саяхат сабағы.
Сабақтың барысы: «Алтын жүрек қалашығына» саяхат
Шаттық шеңбері
Біздің топта балалар
Тату-тәтті ойнайды.
Дос көңілі әрқашан
Тек жақсылық ойлайды.
Бүгін біз «Алтын жүрек қалашығына» саяхатқа шығамыз. Ол елге бару үшін алдымен жүрегіміздің қандай екенін сезіп көрейік.
«Жүректен жүрекке» және «Жүрек жылуы» тренингі
Тәрбиешінің жетекші сөзі
Оң алақанымызды жүрегіміздің тұсына қойып, лүпілдеп соққан кішкентай жүрегіміздің дүрсілін бір сәт тыңдайық. Жүректеріңнің соғысын сезесіңдер ме? Жүрегіміз қандай, ол бізге не деп тұрғандай?
Балалардың ықтимал жауаптары
- Менің жүрегім қамқор.
- Менің жүрегім жылы.
- Менің жүрегім қуанышты.
Әңгімелеу: «Мейірімді балапан» ертегісі
- Балапан жолда нелерді кездестірді?
- Ол қандай жақсы істер жасады?
Тыныштық сәті
Бір сәтке көзімізді жұмып, бойымызға сіңген жақсы қасиеттерді еске түсірейік. Жүрегіміздегі жақсылық алауының жылуын тұла бойымызға таратып, айналамызға мейірім сыйлағандай сезінейік.
Жақсылық деген не?
Сұрақтар
- «Жақсылық» сөзін қалай түсінесіңдер?
- Жақсы адам қандай адам?
Түйін
Жақсы қасиеттер үлкендерге көмектесуден, кішілерге қамқор болудан, табиғатты аялаудан көрінеді: ағашты сындырмау, жерге және суға қоқыс тастамау, құстар мен жан-жануарларды қорғау, туған жерді сүю. Осындай әрекеттер адамгершіліктің айқын белгісі.
Өзімізді тексеріп көрейік
Сендердің бойларыңда осындай қасиеттер бар ма? Бұл сұраққа сөзбен ғана емес, іс-әрекетпен жауап беруге тырысайық.
Тапсырмалар: жақсылықты қалай жасаймыз?
1-тапсырма
Отбасы мүшелеріне қалай жақсылық жасаймыз?
2-тапсырма
Достарымызға қалай жақсылық жасаймыз?
3-тапсырма
Отанға қалай жақсылық жасаймыз?
4-тапсырма
Табиғатқа қалай жақсылық жасаймыз?
Дидактикалық ойын: «Не қажет?»
Жақсылық жасауға көмектесетін қажетті әрекеттер мен заттарды ажырату, дұрыс таңдау жасау.
Шығармашылық жұмыс
Геометриялық пішіндерден құстарға ұя жасау. Қамқорлықтың нақты көрінісі ретінде табиғатқа пайдалы іс атқару.
«Иә/жоқ» ойыны
Мен бәріне әрқашан
Көмектесуге дайынмын.
Осындай іс болғанда
Мен әрқашан деймін: иә, иә, иә!
Иә дейміз
- Үлкендерді сыйлаймыз.
- Ағаш отырғызамыз.
- Анамызға көмектесеміз.
- Інімізді (қарындасымызды) киіндіреміз.
- Мысықты бағамыз.
- Құсқа жем саламыз.
- Гүлге су құямыз.
- Жақсылық жасаймыз.
Жоқ дейміз
- Балаларды ұрамыз.
- Ауаны ластаймыз.
- Ұяны бұзамыз.
Дәйексөз
«Жақсылық жасау да — бақыт...»
Сергіту сәті
Мынау — менің жүрегім,
Бәрі осыдан басталады.
Мынау — басым ақылды,
Бәрін осы атқарады.
Мынау — менің оң қолым,
Мынау — менің сол қолым,
Барлық істі атқарады.
Мынау — менің оң аяғым,
Мынау — менің сол аяғым,
Жақсылыққа апарады.
Табиғаттың даналық сөздері
Ұқсағым келеді...
-
Күндей бол
Әркімге сүйіспеншілік сыйла.
-
Лотос гүліндей бол
Жүрегің әрқашан ашық болсын.
-
Ағаштай бол
Жақсы істер жаса, жасаған ісіңе мақтау күтпе.
-
Теңіздей бол
Ойың таза болсын.
Жүрекке түйін
-
Аққудай бол
Өмірден тек жақсысын таңда: жақсыға қара, жақсыны тыңда және тек жақсылық жаса.
-
Құмырсқадай бол
Басқалармен бөлісе біл.
-
Жердей бол
Жақсы болсаң, бәрін шыдап көтер.
-
Судай бол
Таза болсаң, бәрін жуып кетір.
Ой
Біреуге жақсылық етсең — оны міндет етпе!
М. Әуезов
Халық даналығы
Жақсылық жүрген жерде, таршылық болмайды.
Қорытынды
Сұрақ
«Алтын жүрек қалашығында» біз не үйрендік?
Түйін сөз
Жақсы сөз — жақсы тілек,
Болайық ізгі ниетті.
Жақсылық ойлап кісіге,
Тілейік үлкен-кішіге.
Жақсылық жасау — бақыт. Айналаңа жақсы іс жасап қуантсаң, көңілің әрдайым қуанышқа толып, өзің де бақытты боласың. Жүрегімізде әрдайым мейірімділік пен жақсылық болсын.