Алтын қақпа сұрақ жауап мекені

Ақтөбе қаласы • №30 «Ұрпақ» МДҰ

Әдіскер: Тлеуова Роза Жолбайқызы

«Алтын қақпа» викториналық сұрақ-жауап ойыны — бастауыш сынып мұғалімдері мен мектепке дейінгі ұйым тәрбиешілеріне арналған танымдық сайыс.

Мақсаты

Бастауыш сынып мұғалімдері мен мектепке дейінгі ұйым тәрбиешілері арасында пікірталас ұйымдастырып, тәжірибе алмасуға жағдай жасау.

Қатысушылардың шығармашылық әлеуетін шыңдап, кәсіби шеберлігін арттыруға ықпал ету.

Көрнекіліктер

  • Қақпалар: Тас қақпа, Күміс қақпа, Алтын қақпа
  • Көмбелік тапсырма: Алтын сандық
  • Материалдар: арнайы дайындалған сұрақтар

Жүргізілу барысы

Кіріспе сөз

Құрметті ұстаздар мен тәрбиешілер! «Сөз атасы — сәлем» демекші, алдымен амандасайық.

Армысыздар, апайлар! Бүгінгі «Алтын қақпа» викториналық сұрақ-жауап ойынына қош келдіңіздер!

Жүргізуші сөзі (өлең жолдары)

Армысыңдар, мұғалімдер, әз жандар,

Білім іздеп инемен құдық қазғандар.

Құшақ жая қарсы аламыз сіздерді,

Би де билеп, ән де бүгін шырқалар.

Армысыңдар, қонақтар, ұстаздар,

Құрметпенен қол соғар.

Алдарыңда жауқазындай құлпырған,

Бәстеседі ұстаздарың құлшынған.

Түрліше ойын жүйелі,

Ой-өрісті дамытуда бір елі.

«Алтын қақпа» — сұрақ-жауап мекені.

Ойын шарты

Топтарға бөлу

  • Алғырлар тобы
  • Тапқырлар тобы
  • Білгіштер тобы

Кезеңдер құрылымы

Ойын 3 кезеңнен тұрады. Әр кезеңде 3 тапсырма беріледі. Тапсырмалар әртүрлі тақырыптарды қамтиды: айналадағы әлем, балалар көркем әдебиеті, логикалық есептер, салт-дәстүр, мақал-мәтелдер, жұмбақтар.

1-кезең: 3 сұраққа дұрыс жауап берілсе — Тас қақпа ашылады.

2-кезең: 3 сұраққа дұрыс жауап берілсе — Күміс қақпа ашылады.

3-кезең: 3 сұраққа дұрыс жауап берілсе — Алтын қақпа ашылады.

Алтын қақпа ашылғаннан кейін көмбеде Алтын сандық болады. Оның да өз тапсырмалары бар.

Сұрақтар мен жауаптар

1-кезең: Тас қақпа

3 тапсырма
  1. Логикалық есеп

    Қандай сағат күніне екі рет айналады?

    Жауабы: тоқтап тұрған сағат.

  2. Абайдың «бес дұшпаны»

    Абай атамыз атап көрсеткен бес дұшпанды ата.

    Жауабы: өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ.

  3. Табиғаттану

    Өсімдік неден көбейеді?

    Жауабы: тұқымнан.

Нәтиже: Тас қақпа ашылды.

2-кезең: Күміс қақпа

3 тапсырма
  1. Логикалық есеп

    Жаңбыр екі күн қатар жауа ала ма?

    Жауабы: жоқ, арасында түн бар.

  2. Жеті қазына

    Жеті қазынаны ата.

    Жауабы: ер жігіт, сұлу әйел, ақыл-ой, жүйрік ат, қыран бүркіт, берен мылтық.

    Ескерту: «Жеті қазына» туралы нұсқалар әр өңірде әртүрлі айтылуы мүмкін.

  3. Тіркесін тап

    Тіл тас жарады… тас жармаса, бас жарады.

    Ерді намыс өлтіреді… қоянды қамыс өлтіреді.

    Басқа елде сұлтан болғанша… өз еліңде ұлтан бол.

Нәтиже: Күміс қақпа ашылды.

3-кезең: Алтын қақпа

3 тапсырма
  1. Логикалық есеп

    Жасы жүзге келген қария туған күнін жыл сайын атап өтеді. Сонда ол туған күнін бар-жоғы 25 рет қана атап өткен. Ол қай күні туған?

    Жауабы: 29 ақпан күні.

  2. Отан туралы мақал-мәтелдер

    Отан туралы 4 мақал айт.

    • Отан үшін отқа түс — күймейсің.
    • Отансыз адам — ормансыз бұлбұл.
    • Отан оттан да ыстық.
    • Отан — қуат, отбасы — шуақ.
  3. Жұмбақтар

    Үш жұмбақты шеш.

    Сақыр-сақыр сақасы,
    Ішіндегі бақасы.
    Екі торсық азығы,
    Діңкілдейді қазығы.

    Жауабы: бесіктегі бала.

    Табаққа түспес,
    Қазанға піспес,
    Оны ішпей адам өспес.

    Жауабы: емшектегі сүт.

    Аппас жұмбақ — адам басын таппас жұмбақ,
    Қыз тілесе — бермес жұмбақ,
    Қызыл алтынға батпас жұмбақ.

    Жауабы: адамның тәрбиесі.

Нәтиже: Алтын қақпа ашылды.

Көмбелік кезең: Алтын сандық

Қорытынды тапсырмалар
  1. Жеті жоқ

    Жеті жоқты ата.

    Жауабы: жылқыда өт жоқ, құста сүт жоқ, таста тамыр жоқ, тасбақада талақ жоқ, аспанда тіреу жоқ, жерде өлшеу жоқ, Аллада бауыр жоқ.

  2. Қазыбек би сөзі: «Не қымбат?»

    Алтын ұяң — Отан қымбат,

    Құт-берекең — атаң қымбат.

    Аямайтын анаң қымбат,

    Мейірімді апаң қымбат.

    Кіндік кескен жерің қымбат,

    Ұят пенен ар қымбат.

  3. Ақыл туралы мақал-мәтелдер

    Ақыл туралы 4 мақал айт.

    • Ашу — дұшпан, ақыл — дос, ақылыңа ақыл қос.
    • Ақылсыз сұрақ беріп, ақылды жауап күтпе.
    • Ашу асыққанда, ақыл басу айтады.
    • Ас тасыса — қатығы төгілер, ашу тасыса — ақылы төгілер.

Нәтиже: Алтын сандық ашылды.

Қорытынды

Көмбеге жетіп, Алтын сандықтың тапсырмаларын да орындадық. Бұл сайыс ұстаздар мен тәрбиешілердің жан-жақты, сегіз қырлы бір сырлы екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Осы мамандар тәрбиелеп өсірген бүлдіршіндер мен оқушылардан жарқын жетістіктер күтуге толық негіз бар екеніне сенім білдіреміз.

Қатысқандарыңызға үлкен рақмет!

Сау-саламат болыңыздар!