Өсімдіктердің тұқымнан өсу, даму кезеңдермен таныстыру

Ұйымдастырылған оқу іс-әрекетінің технологиялық картасы

Білім беру саласы

Таным

Оқу іс-әрекет түрі

Жаратылыстану

Тақырыбы

Өсімдіктің өсіп-өнуі үшін не қажет?

Мақсаты мен міндеттері

Мақсаты

Балаларға өсімдіктердің тұқым арқылы өсіп-өну тәсілдері туралы түсінік беру; тұқымнан өсу мен дамудың кезеңдерімен таныстыру; өсімдіктерге сүйіспеншілікпен қарауға тәрбиелеу; байқампаздықты дамыту; өз ойын анық әрі сауатты жеткізуге үйрету және ойлау қабілетін арттыру.

Тілдік қолдау

Сөздік жұмыс

  • өсімдік
  • ағаш
  • тамыр

Билингвалды компонент

өсімдік
растение
бөлік
часть
көбею
размножение

Кіріспе: «Флора ханшайымымен» танысу

(Тәрбиеші топқа өсімдіктердің ханшайымы — Флора болып кіреді.)

Флора: Сәлем, балалар! Бүгінгі күніміз сәтті болсын деп сендердің алдарыңа өсімдіктердің ханшайымы Флора болып келдім. Қане, бәріміз тұрып «шаттық шеңберін» орындайық.

Шаттық шеңбері

Мына сұлу әлемде адам өмір сүреді, Үлкен менен кішіге күн сәулесін төгеді. Күнге қарап қол бұлғайық, Күн күлімдеп нұр төкті бізге жолдап — «Сәлем!» Кел, қосылып айтайық бір-бірімізге — «Сәлем!»

Флора: Біз сәлемдесу арқылы достарымызға, туыстарымызға қуаныш пен жақсы көңіл күй сыйлаймыз. Достарымыз көп, олардың бірі — табиғат.

Табиғат және өсімдіктер туралы әңгіме

Сұраққа бағыттау

Сұрақ: Балалар, табиғат дегеніміз не?

Дұрыс, табиғаттың бір бөлігі — өсімдіктер. Өсімдіктер бізге жақсы көңіл күй сыйлайды, ауаны тазартады, азық ретінде пайдаланылады және емдік қасиеті бар.

Жұмбақ

Неткен көркем жасыл достар, Жомарт, адал, асыл достар. Ауамызды тазартады, Бөлмемізді жаңартады. Қарапайым өсімдік, Бақшамызда өсірдік. Сырқаттансақ шамалы, Бізді емдеп жазады.

Сұрақ-жауап: өсімдіктердің топтары

  1. Балалар, өсімдіктер неше топқа бөлінеді?
  2. Жапырағы күзде сарғайып түсетін жалпақ жапырақты ағаштарды атаңдар.
  3. Мәңгі жасыл болып тұратын, жапырағы ине тәрізді ағаштарды атаңдар.
  4. Өсімдіктердің екінші тобына жататын қандай бұталарды білесіңдер?
  5. Өсімдіктердің үшінші тобына жататын шөптерді атаңдар.
  6. Өсімдіктер тірі табиғатқа жата ма?

Өсімдікке өсу үшін не қажет?

Өсімдіктер жақсы өсіп, құлпырып, бізге өздерінің алуан түрлі әсемдігін сыйлауы үшін белгілі бір жағдайлар қажет. Күтімі дұрыс болса, өсімдіктер жақсы өседі, өнеді және көбейеді.

Тұқымнан өсу кезеңдері

  • Топырақ жылы әрі ылғалды болғанда тұқым ісінеді.
  • Тұқым жарылады, тамыр жаяды.
  • Топырақ бетінде өскін пайда болады.
  • Нәзік жасыл өскін жарыққа ұмтылады, жапырақшалар біртіндеп шығады.
  • Жапырақ өсімдікке қоректенуге көмектеседі.
  • Гүл пайда болады, кейін оның орнын ішінде тұқымы бар жеміс басады.

Сергіту сәті

Айналсын деп гүлдерге, Тұқым септік бұл жерге. Жерге тамыр тастады, Гүлім өне бастады. Жапырағы жайқалып, Үлкен гүлге айналып. Соғып еді самал жел, Ары-бері шайқалып.

Ойын және өздік жұмыс

Дидактикалық ойын

«Ағаш — гүл»

Ойын барысында балалар өсімдіктерді түрлеріне қарай ажыратып, атауларын дұрыс қолдануға жаттығады.

Өздік жұмыс

  • Өсімдіктің бөліктерін атау және көрсету.
  • Өсу кезеңдерін ретімен айту.
  • Өсімдіктердің адам өміріндегі маңызын мысалмен түсіндіру.

Рефлексия және бекіту сұрақтары

Қайталау

  • Сұрақ: Өсімдіктер неден пайда болады?
  • Сұрақ: Өсімдіктің өсу кезеңдерін атаңдар.
  • Сұрақ: Өсімдіктің бөліктерін атаңдар.

Бекіту

  1. Өсімдіктер қандай бөліктерден тұрады?
  2. Өсімдіктің адам үшін қандай маңызы бар?
  3. Өсімдіктер тірі табиғатқа жата ма?

Күтілетін нәтиже

Білу

Өсімдіктің өсу кезеңдерін және бөліктерін (тамыр, сабақ, жапырақ, гүл) білу.

Игеру

Өсімдіктің тұқым арқылы көбею тәсілдері туралы түсінік қалыптастыру.

Меңгеру

Өсу кезеңдерін дұрыс атау және өз ойын анық, сауатты жеткізу.

Автор туралы

Ақтөбе облысы, Шалқар ауданы білім бөлімі №12 балабақшасының мектепалды даярлық тобының тәрбиешісі: Аманғожина Халима Әлжанқызы