Тренингке қатысушы аналар

Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Қазалы ауылы

№100 орта мектеп психологы: Нұрхожаева Альфира Қанатбайқызы

Бала жанының әдемілігін түсін, ана!

Мақсаты

Ата-аналарға балаға рухани тәрбие берудегі отбасының рөлі туралы түсіндіру.

Міндеті

Ата-аналарды өз балаларының жан дүниесін тереңірек түсінуге шақыру.

Қатысушылар Ата-аналар

Тренинг ережелері

Жылы атмосфера қалыптастыру үшін ортақ келісімдер:

  • 1 Сөзді бөлмеу.
  • 2 Бір-біріне кедергі жасамау.
  • 3 Бірігіп жұмыс жасау.
  • 4 Күлімсіреу.

Тренинг құрылымы

I. Ұйымдастыру кезеңі

  • Қатысушыларды шеңбер жасап отырғызу.

II. Барысы

1) Танысу жаттығуы

Топтық жұмыс

Ойыншылар шеңбер бойымен отырады. Ойынды бірінші отырған адам бастайды. Келесі қатысушылар бірінші ойыншының атын шеңбер бойымен «жылжыта» отырып, түрлендіріп айтады.

Талқылау сұрағы

Өз есіміңізді түрлендіріп естігенде қандай сезімде болдыңыз?

Есім — әр адам үшін ең қымбат әуен сияқты. Сондықтан бұдан былай бір-бірімізге қарағанда, әңгімені адамның есімін еркелете, жылы түрде атаудан бастайық.

Одан кейін қатысушылар «алма», «алмұрт», «шие» деп кезектесе айтып, топтарға бөлінеді.

2) «Ми шабуылы»

Ой қозғау

«Нәресте құстың көлеңкесінен де тоңады»

Осы сөздің астарында қанша мән жатыр. Сіз қалай түсінесіз?

3) «Ән айтайық» жаттығуы

Жылы байланыс

Қатысушылар балалары жақсы көретін әнді бірге айтады.

4) Шығармашылық жұмыс

Коллаж

Сұрақ

Бала жаны гүлденуі үшін не істеу керек?

Топқа тапсырма

Балаңыздың жан дүниесінің гүлденгенін көрсететін суреттерден коллаж жасаңыздар. Әр топ өз жұмысын қорғайды.

III. Қорытынды ой

Бүгін біз ең қымбат құндылық — бала жаны туралы ой бөлістік. Өйткені бала өмір деп аталатын ұзақ жолға енді ғана қадам басады. Бұл жол — оны рухани байлыққа бастайтын таза да негізгі бағыт.

Негізгі тұжырым

Бұл жол МАХАББАТТАН басталуы керек.

Бала — ата-ананың өмірінің жалғасы. Сондықтан ата-ана құдайдан перзент тілейді, перзент сүйгенде жүрегі жарыла қуанады. Ал баласына қауіп төнсе, «Баламның табанына кірген шөңге менің маңдайыма кірсін» деп, перзентін әлпештеп, «Өзімді алып, баламды аман қалдыр» деп жалбарынады.

Перзентсіз ананың ой-қиялы сұрқай, күзгі бақтай көңілсіз, сұрғылт түздей жабырқау болады.

Шал ақыннан

«Босағасын алтыннан соқсаң дағы,
Перзент сүймей, адамның мейірі қанбас.»

Ана — тіршіліктің қайнар көзі, махаббаттың шуақ күні, мейірімнің кәусар бұлағы. Ана баланы тоғыз ай көтеріп, толғатып, дүниеге әкеліп қана қоймайды: оны көзінің қарашығындай қорғап, аялап өсіріп, аяқтан тік тұрғызады.

Өмір есігін жаңа ашқан нәрестенің бойына туған елінің рухын сіңіретін де, әлдилеп уілдететін де, жылауын басатын да — ана. Халықтың халықтығын айқындайтын басты нышандардың бірі — туған тілдің сазы мен құдіретін балаға үйрету де ананың мейірімімен басталады.

Ой түю

Ана жүрегін сезіне біл: оның жанарындағы шапағат пен тыныштықты, бақыт пен қуанышты, алаңдаушылық пен мазасыздықты түсінуге тырыс.

«Жүрек жылуы» жаттығуы

Қатысушыларға кішкентай жүрекшелер таратылады. Әр ана төмендегі ойды жалғастырады:

Сөйлемді жалғастырыңыз

«Мен сен сияқты керемет анаға тілейтінім — …»

Қатысушылар бір-біріне ізгі тілектерін білдіреді.