Өзім онсыз өмірді сезіне алмай, жалғыз ғана сол еді жүрек емі

Фариза Оңғарсынова өлеңі

Құлыншағым, сөйледің! Шықты - ау тілің

Құлыншағым, сөйледің!
Шықты - ау тілің!
Жарығым, құйттай күнім!
Тіліңдегі "ападан" басқасын мен,
айым – ау, ұқпай тұрым!
Айдындаймын сүйетін жағасын күн,
өзіңмен дара шыңмын.
Былдырлаған сенің бұл сөздеріңде
тілі бар анашыңның.
Өзің барда үзіліп қалмас әнім,
түнімді таң жасадың.
Сенің титтей жүрегің, тіліңменен
ертеңге жалғасамын.
Махаббатым жалғыз - ды, біреу еді,
жас жанымның үздігіп тілегені.
Өзім онсыз өмірді сезіне алмай,
жалғыз ғана сол еді жүрек емі.
Ұмыт қалып еркіндік, заң бұрынғы,
қол ұстасып қарсы алдық таңды нұрлы.
Сенің әкең болатын махаббатым
мойындатқан әйелдік тағдырымды.
Пә, пә, сол еді бар құмарым,
бақыт кешкем, шырқағам шалқып әнім.
Сен келдің де жар салып дүниеге,
қос жүректің шамы боп жарқырадың.
Таусылғандай бойдағы жан - шыдамым,
сені құштым енді мен, тал шынарым!
Бір теңізге құйылған қос өзендей
қос махаббат - қос жанар - шамшырағым!
Ауыл қандай! Көкорай дала деген!
Көкорайда сайрандап қалады өрен.
Атаң саған қуанып ат мінгізіп,
жарыстырды өзіңдей баламенен.
(жарыс дәмін бұрын сен татпасаң да),
қиқулатып жөнедің. Дала төсін
тұлпар тұяқ орады мақта - шаңға.
Ат мінгізді атасы балама деп,
әкең тұрды қуанып саған ерек.
Жаным шығып сонда мен жылап тұрдым
жазатайым жазым боп қалама деп.
"Атқа шапқан - бақыт", деп жеңгейлерім
жұбатса да, жүрегім көнбей менің,
алып - ұшты. Тұра алмай бір орында;
"Бәйге құрсын, өзі аман келгей..." -
дедім.
"Отан деген не?" - дейсің, ұлым, маған.
Ол - сенің ғұмырлы анаң.
Жөргегіңнен жаныңа сіңіп қалған
әнің мен жырың, балам!
Отан - мынау өз үйің, қара, жаным,
ойнаған дала, бағың.
Атаң шыққан бұл үйден, әкең шыққан,
өскен мұнда баяғы бабаларың.
Жасыл орман, тыңдаған бұлбұл әнін,
асқар тау, мың бұлағың.
Отан - есік алдында бірге ойнаған
өзіңнің құрбыларың.
Отан - үйдің ертеңі, қаны, жаны -
өзіңдей сан ұланы.
... Ұлым, сенсің кең байтақ біздің үйдің
кішкентай шаңырағы!

Фариза Оңғарсынованың басқа өлеңдерін қарау



Ұқсас жұмыстар

Зиянды әдеттер және олардың алдын алу туралы
ТӘУЕЛСІЗДІК КЕЗЕҢІНДЕГІ ҚАЗАҚ ЖАСТАР ПОЭЗИЯСЫНЫҢ ДАМУ ҮРДІСІ
Әбіш Кекілбаев (1939-2015)
Өлеңдер жинағы
Қырғыз- қазақ тілдеріндегі соматикалық фразеологизмдер
Қазақ поэзиясындағы ақ қайыңмен сырласу мотиві
Зиянды әдеттер және олардың алдын алу
Қазақ поэзиясының ұлттық сипаты
ФАРИЗА ОҢҒАРСЫНОВА ЖӘНЕ ЛИРИКАЛЫҚ МОНОЛОГ
Мағжан Жұмабаев поэзиясының көркемдігі
МЫҢЗЫҚҰЛЫ ЕДІЛ ҚАҒАН
ӨТЕМІСҰЛЫ МАХАМБЕТ
“Аққайың” емі шипалы
Қаржылық лизингті жүзеге асыру барысында қатысушы субъектілер анықталып,міндеттері және құқықтары белгіленеді
Бернштам баскарған экспедиция
Бүгінгі күндегі ата ұрпақтары қордың негізгі 4 түрлі мақсаты бар деп есептеледі
Экология туралы не білеміз
Жүрек –қан тамыр жүйесін лабораториялық және инструменталдық әдістермен зерттеу.
Ги де Мопассан Жалғыздық
ӘМІР ТЕМІР туралы