Ана тілді құрметте

Іс-шара туралы мәлімет

Алматы облысы, Ұйғыр ауданы, Ж. Құдайбергенов атындағы орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі — Сәлім Ранагүл Айтнұрқызы.

Бұл мәтін — «Әліппе, саған мың алғыс!» атты әліппемен қоштасу ертеңгілігінің сценарийі.

Мақсаты

  1. Оқушылардың сауат ашу барысында алған білімдерін тиянақтау; әр оқушының іс-әрекеті арқылы икемділігін, шығармашылық мүмкіндігін ашу.
  2. Ата-аналарға балалардың үш-төрт ай ішінде қандай білім игергенін іс жүзінде көрсету.
  3. Адамгершілікке, ұқыптылыққа, өзін-өзі дұрыс ұстауға, ана тілін сүйіп қастерлеуге тәрбиелеу.

Көрнекілігі

  • Абай мен Ыбырайдың суреттері
  • Әріптер қатары
  • Техникалық құралдар
  • Гүлдер, шарлар, нақыл сөздер

Ертеңгіліктің барысы

Мұғалімнің құттықтауы

Сәлеметсіздер ме, құрметті ұстаздар, аяулы да ардақты ата-аналар!

Бүгін сіздер үшін қуанышқа толы күн. Кеше ғана алаңсыз ойнап жүрген бүлдіршіндер бүгінде бойларына жауапкершілік ұялатып, саналы азамат болудың алғашқы асуын абыроймен асып келеді. Білім жолындағы белестерге қанаттары талмай өрлей берсін. Тойларыңыз тойға ұлассын!

Ендеше, бүгінгі қуаныш иелері — 1-сынып оқушыларын ортаға қошеметпен шақырайық!

Оқушылардың құттық өлеңі

Өсті міне ойларың,

Өсті міне бойларың.

Қуанышқа ортақпын,

Құтты болсын тойларың!

1-жүргізуші

Көз салып қараңызшы бойымызға,

Ортақ боп бүгінгі өскен ойымызға.

Хош келіпсіз, ұстаздар, ата-аналар,

Әліппемен қоштасу тойымызға!

2-жүргізуші

Шашу, шашу шашайық!

Ақ сандықты ашайық.

Бұл мереке, бұл тойдың,

Бастаңғысын жасайық.

(Шашу шашылады.)

Әліппені ортаға шақыру

Мұғалім: «Кімдер зерек, кім тапқыр — таланттарын танытайық. Бар білімнің бастауы — білімдегі жарық не?»

Хормен: «Болашаққа жол бастар — ол сүйікті Әліппе!»

(Әліппе ортаға шығады.)

Әліппенің сөзі

Армысыздар, жас достар!

Армысыздар, ата-ана!

Болашаққа жол бастар,

Әліппең келді ортаға.

Білім деген ғылымның әліппесін меңгерген келешек қазақтың бастауы — сендерден. Не үйрендік, не білдік — қане, ортаға салайық!

Оқушылардың жауаптары мен өлеңдері

1-оқушы:

Жұмбақ, жаңылтпаш, санамақ, өлең және ән үйрендік. Енді кез келген кітапты оқи аламыз. Ыбырай және Абай атамызбен таныстық.

2-оқушы:

Ыбырай Алтынсарин — тұңғыш қазақ мұғалімі. Ол алғашқы әліппені жазды.

3-оқушы (Ыбырай):

Кел, балалар, оқылық,

Оқығанды көңілге

Ықыласпен тоқылық.

Оқысаңыз, балалар,

Шамнан шырақ жағылар.

Тілегенің алдыңнан,

Іздемей-ақ табылар.

4-оқушы:

Абай — қазақ халқының ұлы ақыны. Біз «Әсемпаз болма әрнеге», «Ғылым таппай мақтанба», «Сегіз аяқ» өлеңдерін үйрендік.

5-оқушы (Абай):

Әсемпаз болма әрнеге,

Өнерпаз болсаң арқалан.

Сен де бір кірпіш дүниеге,

Кетігін тап та бар қалан.

Ән:

«Әліппе»

Әліппенің сұрақтары

Әліппе: «Кім маған апта күндерін, саусақ атауларын, жеті атаның қалай аталатынын айтып береді?»

6-оқушы (апта күндері):

Дүйсенбі, Сейсенбі, Сәрсенбі, Бейсенбі, Жұма, Сенбі, Жексенбі.

7-оқушы (жеті ата):

Әке, бала, немере, шөбере, шөпшек, немене, туажат.

8-оқушы (саусақ атаулары):

Бас бармақ, балан үйрек, ортан терек, шылдыр шүмек, кішкентай бөбек.

Ән:

«Мектебім»

Әліппе туралы тақпақтар

9-оқушы:

Бар кітапқа бас болған,

Әліппе — ғылым анасы.

Әліппеден басталған,

Даналықтың данасы.

Әліппем менің, әліппем,

Сені қолға алып мен

Есігін аштым мектептің,

Ертеңгі сәуле жарықпен.

10-оқушы:

«А»-ны айтқанда даусымыз дірілдеді,

Ұстазым көз алдымда күлімдеді.

Күн сайын әріптердің атын білем,

Сөз оқимын — әріпті енді айырам.

11-оқушы:

Әліппе — білім анасы,

Әліппе — кітап данасы.

Әліппе бетін ашпаған,

Адамның бар ма баласы?

12-оқушы:

Келгенде алғаш мектепке,

Білмеуші едік әріп те.

Оқимыз қазір ертекті,

Үйреткен оны Әліппе!

13-оқушы:

Әліппе туралы өлең оқиды.

Алғыс және қоштасу

1-жүргізуші:

Әліппем менің, әліппем, өмірді келем танып мен. Қайталап айтам мың рет — өзіңе көп-көп рақмет!

Әліппе:

Балалар, сендер мені жақсы меңгеріпсіңдер. Мен сендерге ризамын. Болашақта да осылай оқыңдар. Білім жолында жолдарың болсын. Сау болыңдар!

2-жүргізуші:

Қош бол, құтты Әліппем,

Көп нәрсені үйреттің.

Таныстырып әріппен,

Тақылдатып сөйлеттің.

1-жүргізуші:

Таныстырған 42 әріппен,

Қош бол, менің қасиетті Әліппем.

Сенің арқаң оқып-жаза білгенім,

Сауатты адам санатына кіргенім.

Ән:

«Қош бол, құтты Әліппе!»

Хормен:

Қош бол, Әліппе! Қош бол, Әліппе! Сізге мың алғыс.

(Балалар бас иіп, қоштасады.)

Жаңа кейіпкер: Ана тілі

2-жүргізуші: «Әліппемен қош айтысып қаламыз, енді қолға Ана тілін аламыз. Ата-ана, қуанышқа ортақ бол — сауатты боп шықты міне балаңыз!»

1-жүргізуші: «Уа, халайық, халайық, мұнда назар салайық. Бәріміз қол соғып, Ана тілін қарсы алайық!»

(Ортаға Ана тілі шығады.)

Ана тілі:

Ақыл-ойы дананың,

Ана тілі боламын.

Ана тілі — ардақты,

Ақ сүтіндей ананың.

Мен Әліппеден оқып-білгендеріңді ары қарай жалғастырамын. Бәрің өнерлі, білімді шәкірт екенсіңдер. Мені де осылай оқыңдар.

Ана тілі туралы тақпақтар

13-оқушы:

Ана тілін білмеген —

Ақылы жоқ желікбас.

Ана тілін сүймеген —

Халқын сүйіп жарытпас.

14-оқушы:

Ана тілі — ұраным,

Ана тілі — құралым.

Ана тілі болмаса,

Мықты болмас тұрағым.

15-оқушы:

Ана тілің — біліп қой,

Бостандығың, теңдігің.

Ана тілің — біліп қой,

Мақтанышың, елдігің.

2-жүргізуші:

Мейірі мол балаға, бар әлемде анаға басымызды иеміз. Бабамыздың тілі деп, даламыздың үні деп — Ана тілін сүйеміз!

1-жүргізуші:

Ана тілі, төрлет — төрге шық!

(Ана тілі «Білім» қасына барып отырады.)

Мақал-мәтелдер

16-оқушы:

Ақыл азбайды, білім тозбайды.

17-оқушы:

Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі.

18-оқушы:

Білім іздеген озар, бүлік іздеген тозар.

19-оқушы:

Отан — оттан да ыстық.

Хор:

«Менің Отаным»

Жұмбақтар

2-жүргізуші: «Уа, халайық, халайық, мұнда назар салайық. Талабына қарайық — жұмбақ шешіп көрейік.»

Қабат-қабат қаттама, ақылың болса аттама.

Жаза-жаза арықтаған, жазудан ол жалықпаған.

Өліден тірі туады, тіріден өлі туады.

Үй үстінде ұсақ тас: алайын десем табылмас.

Өнер бөлімі

Би:

«Жау-жау жаңбыр»

Ән:

«Он саусақ»

Би:

«Мектеп вальсі»

Қорытынды сөз

Мұғалім: Балалар, мектептегі алғашқы жетістіктеріңмен құттықтаймын! Әліппе сендерді тек әріптермен таныстырып қойған жоқ, бір-біріңмен достасуға, мектеп ережелерін сақтайтын тәртіпті оқушы болуға да үйретті. Білім баспалдағына өрлеген сапарларың сәтті болсын!

Бүгінгі күн әр үйдің той басы болып саналып, балалардың есімі әулеттерге тарасын. Ертеңгіліктің соңында ақ тілегін білдіретін қонақтарымызға сөз беріледі.

«Әліппе, саған мың алғыс!» атты ертеңгілігімізге келгендеріңізге рахмет!