Бала дербес тұлға
Тәрбие — отбасы мен мектептің ортақ жауапкершілігі. «Отан — отбасынан басталады» деген қағида ата-ана мен ұстаз үшін де аса маңызды: жас ұрпақты тәрбиелеп, оны қоғам игілігіне бағыттау — кейінге қалдыруға болмайтын міндет. Бұл іске бірлесе атсалыссақ, алынар асу да биік болмақ.
Тақырыбы
Адамгершілік — рухани білім мен тәрбие беру процесінде мектеп пен отбасының әрекеттестігі.
Мақсаты
- Ата-ана мен бала арасындағы өзара сенім мен сыйластықты нығайту.
- Бала тәрбиесінің алғашқы алтын қазығы — туған ұя, отбасы екенін айқындау.
- Бала үшін ең негізгі өнеге мен бағыт-бағдар беретін тұлға — ата-ана екенін түсіндіру.
Өткізілу түрі
Дөңгелек үстел.
Өткізілу әдістері
Жүру барысы
Құрметті ата-аналар, бала — адамзат өміріндегі ең қымбат қазына, көз қуанышы. Әр бала — дербес тұлға. Оның бойындағы табиғи қабілет пен адамгершілік құндылықтар отбасында, мектепте және әлеуметтік ортада қалыптасып, дамиды.
Тәрбие жұмысының маңызды бір бағыты — отбасымен жүйелі байланыс. Отбасынан басталған тәрбие мектеп өмірінде жалғасын тауып, қоғамдық ортада бекемделеді.
Ой қозғайтын сұрақтар
Қазіргі қоғамда ата-ана баласынан не күтеді? Баланы қалай тәрбиелейді? Ата-ананың бақыты неде? Осы сұрақтар аясында бүгінгі басқосуымызға қош келдіңіздер.
«Шаттық шеңбері» тренингі
Сіздермен кездескеніме қуаныштымын. Қане, бәріміз қол ұстасып, шеңбер құрайық. Шеңбер — бірліктің нышаны. Ол көктегі жылу мен жарық сыйлайтын күн тәрізді: осы ортада біз бір-бірімізге жақсылық тілеп, жылуымызды бөлісеміз.
Ендеше, бәріміз шаттанып, бір-бірімізге ізгі тілек айтайық.
Өлеңмен ашылу
Пікірталасымызды М. Әлімбаевтың мына өлең жолдарымен бастауды жөн көрдік:
Қипақтайды қит етсе анаң, әкең.
Қайтсем ғана осыны адам етем.
Басқалардың осындай балалары,
Тап осындай жаңғалақ шалама екен.
Ойым емес, оллаһи біздікінің...
Енжарлығы елде жоқ алабөтен.
Туа салса тұлпардың жалын тартқан,
Қырғиларға қызығып қарап өтем.
Жарық сыйлап, маңына жылу сыйлап,
Бұл да бір күн алаулай жана ма екен?
Ел қатарлы елеулі еңбек етсе-ау,
Болмаса да топ жарған дара бөтен.
Мүше тістеп мықтылар той жасаса,
Жерге қарап мен сорлы қалар ма екем?
Үміт пен күдіктің ортасында
Ата-ананың үміті талады екен!
Өлеңнен ата-ананың жүрегіндегі алаң мен үміт қатар өрілетінін көреміз: «Қайтсем де баламды адам етем» деген арман бала өсумен бірге жасайды.
Жүргізуші сөзі
Перзенттеріңіздің атынан Т. Айбергеновтың «Перзент жыры» өлеңін назарларыңызға ұсынамыз.
Сен менің мәңгілікке өлмес атым,
Атымды ап алыс жылға жалғасатын.
Әкеде өсиет бар өмір жайлы,
Балада қасиет бар алға асатын.
Сен менің ұшар басым биіктеген,
Жолыңа тапқанымды үйіп төгем.
Сен менің дүрсілдеген жүрегімсің,
Қай нәрсе сол жүректі сүйеді екен?
Сен мені өскен сайын ойландырып,
Заңдарын табиғаттың ойға алдырып,
Бір қадам басқан сайын өзің мені
Барасың шежіреге айналдырып.
Негізгі ой
Ата-ана — бала үшін ең алғашқы үлгі, өзін танытатын айна. Сондықтан бүгінгі кездесуде бірге ойланайық, пікірлесейік.
Пікірталасқа арналған сұрақтар
1) Қазақы тәрбие құндылықтары
Бала тәрбиесіне қатысты қазаққа тән қандай қасиеттерді дұрыс деп санайсыз?
2) Ортақ жауапкершілік
Бала — мемлекетіміздің болашағы. Сондықтан оны бір отбасының ғана ұрпағы емес, бар қазақтың баласы деп қабылдау туралы пікіріңіз қандай?
Абайдың: «Баланы ең алдымен ата-анасы, сосын ұстазы, содан кейін қоршаған ортасы тәрбиелейді» деген ойымен келісесіз бе?
3) Кімнің жауапкершілігі басым?
Бала тәрбиесінде отбасының жауапкершілігі басым ба, әлде мектептің жауапкершілігі басым ба?
4) Ата мен әженің рөлі
Баланың ата-әже тәрбиесінде болуы, «атасының-әжесінің баласы» болып өсуі туралы көзқарасыңыз қандай?
5) Еркіндік пен талаптың тепе-теңдігі
Баланы еркін тәрбиелеген дұрыс па, әлде қатаң тәрбиелеген дұрыс па? Неліктен?
6) Отбасы тәрбиесінің ықпалы
Баланың ертең жақсы, өнегелі адам болып қалыптасуына отбасынан алған тәрбиенің ықпалы зор деген пікірге көзқарасыңыз қандай?
Қорытынды ой
Баланың бойындағы адамгершілік пен рухани құндылықтарды қалыптастыру — үздіксіз процесс. Отбасы берген негізді мектеп тереңдетіп, қоғам ортақ бағдарға айналдырғанда ғана бала тұлғасы үйлесімді дамиды.