Келді Қыдыр атамыз, Жүректен төгіп жаңа жыр
Наурыз мерекесі құтты болсын!
Бұл тәрбие сағатының мақсаты — оқушыларға халқымыздың ұлық мейрамдарының бірі Наурыз туралы түсінік беру, ұлтжандылыққа баулу, ана тілін және ұлттық дәстүрлерді құрметтеуге тәрбиелеу.
Түрі
Тәрбие сағаты
Көрнекілігі
Нақыл сөздер, ұлттық киімдер
Мазмұны
Өлең, ән, би, салт-дәстүр, бата
Наурыз туралы
Ежелгі заманнан бері шығыс халықтары Наурыз мерекесін тойлап келеді. Шығыс күнтізбесі бойынша жыл басы саналатын Наурыз — 22 наурыз, яғни күн мен түн теңелетін, жер бетінде тіршілік қайта жанданып, табиғат жаңаратын мезгілмен тұспа-тұс келетін ұлы күн.
Халқымыздың дәстүрлі наным-түсінігі бойынша 21 наурыз түні даланы Қыдыр ата аралайды. Сондықтан әр үй береке мен бақ қонсын деген ниетпен есігін ашып, дастарханын жайған.
Наурыз негізінен көрісуден басталады: адамдар бір-біріне ізгі тілектер айтып, амандық-саулық сұрасып, өткеннің өкпе-назын кешіріп, жаңа жылға ақ ниетпен қадам басады.
Көктемге арналған жыр жолдары
Жақындатып өткенге, кеткенге енді,
Көктем келді, балбырап, көктем келді.
Суық сорған жаныма шуақ қонған,
Осы еді ғой күткенім көптен бергі.
Бағдарлама
Төменде Наурызға арналған тәрбие сағатының көркем бөліктері жинақталып берілді: әндер, өлең-монтаж, би, сондай-ақ ұлттық салттың көрінісі мен бата.
I бөлім — Ән және өлең
Ән: «Наурыз айы»
Көркемдік бөлік әнмен ашылып, көктемнің келуі мен мерекенің ажарын танытады.
Дильназ
Осынау игі кең жерге,
Наурыз айы келгенде.
Арманда оны көрген де,
Көрмегендер де арманда,
Наурыз айы келгенде.
Қайырмасы:
Наурыз айы туғанда,
Той болушы еді бұл маңда.
Сақталушы еді сыбаға
Сапарға кеткен ұлдарға,
Наурыз айы туғанда.
Өлең-монтаж
Мағжан
Ежелгі шығыс еліміз,
Аңсаған арман, ойы бар.
Тарқайтын шары жерінің
Дәстүрлі Наурыз тойы бар.
Ақниет
Кеңінен елге таралған,
Негізі ерте қаланған.
Еңбек, шаттық, жыл басы
Наурыздан басталған.
Ернұр
Шырқап салған әнімен,
Мерекелік сәнімен.
Топталып ойнап, қыдырып,
Бөлісіп ішкен дәмімен.
Баян
Су сылдырлап, жер көктеп,
Наурыз келсе — жыл басы.
Бау-бақшаны өрнектеп,
Өзгерер өңір тұлғасы.
Рамиз
Наурыз келсе — құт келгені, халайық!
Есік ашып, шашу шашып,
Ел болып қарсы алайық.
Би: «Құстар» (қыздар тобы)
Табиғаттың оянуын, көктемнің нәзік қимылын бейнелейтін би қойылымы.
II бөлім — Дәстүр, тілек, Наурыз көже
Өлеңдер
Мадина
Жаңғырған дәстүр-салтымыз,
Төгілген бұлақ жылғасы.
Қастерлі менің халқымның,
Мереке — Наурыз, жыл басы.
Сәтжан
Бақта құстар сайрайды,
Жайнап көктем нұрымен.
Жаңа дәстүр жырымен
Ел Наурызды тойлайды.
Айша
Наурыз келді салтымыз,
Көгерсін деп халқымыз.
Көшеге тал егеміз,
Жарқырады күніміз.
Ералы
Малдар төлдеп, қой қоздап,
Сүттен бұлақ ағызған.
Жаңа жылдың сипаты —
Молшылыққа аңыз болып,
Басталыпты Наурыздан.
Мейрамгүл
Наурыз саған жол болсын,
Тілегім анық сол болсын.
Деген ырым білгенге,
Халықта ақ мол болсын.
Наурыз көже — берекенің дәмі
Наурызда наурыз көже дайындалады — мерекеге ғана тән, көпшілікке арналған дәстүрлі тағам. Әдетте ол 7 түрлі дәмнен пісіріледі. Көжеге сүт, ет, су, тұз, тары, құрт, жеміс секілді тағамдар қосылып, келген қонақтарға ұсынылады.
Салт-дәстүр көрінісі: «Бесікке салу»
Бесік — қасиетті, киелі, құтты мүлік, сәбидің алтын ұясы. Баланы бесікке бөлеу алдында бесікті отпен аластап, «тыштыма» жасап алады. Бұл кезде үлкен әже, келін, қыз-келіншектер қатысады. Ананың балаға деген мейірімі бесік жыры арқылы жеткізіледі.
Үлкен әже — Ақнұр
Алас, алас, баладан алас,
Иесі келді, пәлесі көш!
Алас, алас, бәледен алас,
Көзі жаманның көзінен алас!
Қырық қабырғасынан алас,
Отыз омыртқасынан алас!
Бала бесікке бөлінеді.
Келін — Диана (бесік жыры)
Әлди, әлди, ақ бөпем,
Ақ бесікке жат, бөпем.
Жылама, бөпем, жылама,
Көзіңнің жасын бұлама.
Әлди, әлди, бөпешім,
Қозы жүні — көрпешім.
Жұрт сүймесе сүймесін,
Өзім сүйген бөпешім.
III бөлім — Қыдыр ата батасы және қорытынды
Жыр-тілектер
Жамила
Наурыз тойың, Наурыз тойың,
Құтты болсын, халайық!
Күй төгілсін, күй төгілсін,
Шырқап әнге салайық.
Ерсұлтан
Ұлу жылы, кел төрлет,
Ел достығын өркендет.
Мол болсын ырыс, құт,
Болсын елде тыныштық.
Ұлдана
Ұлыс бақыт әкелсін,
Әр күніміз жақсы болсын.
Достығымыз берік болсын,
Білім-өнер серік болсын.
Ислам
Шаттанып бүгін жаңа жыл,
Халқына шашып жаңа нұр.
Келді Қыдыр атамыз,
Жүректен төгіп жаңа жыр.
Қыдыр ата батасы (Алан)
Ұлыс оң болсын!
Ақ мол болсын!
Қайда барсаң жол болсын.
Ұлыс береке берсін,
Бәле-жала жерге енсін!
Ұлы халқым тең болсын,
Қайғы-уайым жоқ болсын,
Қуанышың көп болсын!
Әумин!
Ән: «Қазақ елі» (Жантөре)
Көңілі көлдей шалқыған,
Қазақтай ел қайда.
Даласы жусан аңқыған,
Өзіңдей жер қайда, киелім!
Таусылмас саған айтарым,
Ардақтап өтейін.
Бабадан қалған байтағым,
Садағаң кетейін, киелім!
Қайырмасы:
Күлімдеп жатқан көлден,
Көк орай шалғын белден.
Құбыла соққан желден,
Айналайын!
Тілегін тәңір берген,
Қасиет қонған елден,
Елі үшін туған ерден,
Айналайын!
Қорытынды тілек
Дастарханы халқымның тола берсін,
Бақыт құсы қолыңа қона берсін.
Ұлы тойдың төресі — Наурыз тойы,
Жылдан-жылға құт тойы бола берсін!
Осымен Наурыз мерекесіне арналған тәрбие сағатымыз аяқталды.