Тұжырымдаманың міндеттері
Кіріспе
Ұлттық педагогиканы мұрат тұтқан жерлесіміз Ш. Әленұлы «Педагогика» еңбегінде патриоттық тәрбиені сабақ барысында да, сабақтан тыс тәрбие жұмысында да үздіксіз жүргізу қажеттігін атап өтеді. Оның айтуынша, ұлттық мектептің алға қойған ең негізгі мақсаты мен маңызды міндеті де — осы.
Қазақстан Республикасының үздіксіз білім беру жүйесіндегі тәрбие тұжырымдамасында патриоттық тәрбиенің басым бағыт ретінде бекітілуі де кездейсоқ емес. Шын мәнінде, ұлтқа деген сүйіспеншілігі жоқ адамнан адамгершілікті де, сұлулықты да, мәдениетті де күту қиын. Сондықтан патриоттық тәрбие — тәрбиенің өзекті әрі іргелі өзегі.
Жас ұстаз үшін тәрбие жұмысын ұйымдастыру барысында сұрақ көп: сыныптың жылдық жоспары дайын болғанымен, әр сынып сағатын қалай қызықты өткізуге, қалай түрлендіруге болады? Мұндай кезде тәлімгер ұстаздардың кеңесіне, баспасөз материалдарына, сондай-ақ «Мектеп», «Тәрбие құралы» сияқты әдістемелік басылымдарға сүйену маңызды.
Еңбек жолымды сынып жетекшілігімен қатар тәлімгерлікпен бастағандықтан, тәрбие саласында көбірек жұмыс істеуге тура келді. Бір жылдық тәжірибемнің өзінде патриоттық тәрбие беруде қолдануға болатын жұмыс түрлерін жүйелеуге талпындым. Тәрбие сағатынан әр шәкірт өзіне қажет ой түйіп, санасына жақсы ұғым қалыптастырып шықса деген мақсат бар.
Тәуелсіздіктің 20 жылдығын атап өткен кезеңде бұл мәселенің мәні одан әрі арта түсті. Ұсынатын жұмыс түрлері әр сынып деңгейіне бейімделіп, мектептің тәрбие жүйесіне енгізіле алады.
Негізгі бөлім
Теориялық бөлім
Қазақстан Республикасы үздіксіз білім беру жүйесіндегі тәрбие тұжырымдамасы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2009 жылғы 16 қарашадағы №521 бұйрығымен бекітілген.
Аймақтардағы өзекті мәселелер
- Тұлғаға қоғам тарапынан жаңа талаптар қойылуда.
- Тәрбиенің мақсаты мен басым бағыттарын айқындауға мүмкіндік беретін нақты идеологиялық бағдар жеткіліксіз.
- Қоғамның әлеуметтік жіктелуі күшейген.
- Оқытудың рөлі жоғары бағаланып, тәрбиенің рөлі толық бағаланбай келеді.
- Педагогтардың жалпыадамзаттық құндылықтарға жауапкершілікпен қарауды қалыптастыру әрекеттері әрдайым тиімді бола бермейді.
- Отбасының тәрбиелік рөлі әлсіреген.
- Адам өмірін аса маңызды құндылық ретінде бағалау және салауатты өмір салтын қалыптастыру дағдылары толық орнықпаған.
- Тәрбиенің жаңа парадигмасы ғылыми-әдістемелік тұрғыдан жеткілікті қамтамасыз етілмеген.
- Педагогтардың заманауи тәрбие технологияларын меңгеру деңгейі жеткіліксіз.
Тұжырымдаманың басты мақсаты
Жас ұрпақ тәрбиесіне бірыңғай көзқарас қалыптастыру, Қазақстан Республикасында балалар мен жастарға тәрбие беру міндеттерін шешуде тәрбие үдерісінің барлық субъектілерінің іс-қимылын үйлестіру және сабақтастықты қамтамасыз ету.
Тұжырымдаманың міндеттері
- Жас ұрпақты тәрбиелеудің әлеуметтік маңызы мен болашағын қоғамның түсінуін өзектендіру.
- Тәрбиенің міндеттерін іске асыруға қажетті интеллектуалдық, ұйымдастырушылық-педагогикалық, кадрлық, экономикалық және әдістемелік ресурстарды шоғырландыру.
- Балалар, жасөспірімдер және жастардың түрлі әлеуметтік топтармен қарым-қатынасын реттеуде жауапты шешім қабылдай алатын, көшбасшылықты өзіне ала білетін дербес тұлғаны қалыптастыруға жағдай жасайтын ашық, білікті және коммуникативтік әлеуметтік кеңістік құру.
- Жас қазақстандықтарды толеранттық құндылықтар, келісім және ұлтаралық қатынас мәдениеті негізінде тәрбиелеу.
- Балалар мен жастардың қоршаған ортаға, қоғамға және табиғатқа оң көзқарасын қалыптастыруға мүмкіндік беретін әлеуметтік-педагогикалық жағдай жасау.
Тәрбиенің мақсаты
Үздіксіз білім беру жүйесінде мектеп жасына дейінгі балалардың және білім алушылардың Қазақстан Республикасының азаматтары әрі патриоттары ретінде қалыптасуына, өзін-өзі тануына, әлеуметтенуіне және болашақ мамандық иесі ретінде кәсіби, интеллектуалдық, әлеуметтік-шығармашылық әлеуетін дамытуына қолайлы жағдай жасау.
Тәрбиенің негізгі міндеттері
- Білім беру ұйымдарында дені сау, рухани дүниесі бай, адамгершілігі жоғары, тәуелсіз тұлғаны қалыптастыруға ықпал ететін тәрбие жүйесін құру және дамыту.
- Балалар мен жастарды отансүйгіштікке, зиялылыққа, адам құқықтары мен бостандықтарын, мемлекеттік рәміздер мен ұлттық дәстүрлерді құрметтеуге тәрбиелеу.
- Өзін және қоғамды, болашақ ұрпақты қоса алғанда, әлеуметтік, табиғи және мәдени ортадағы өз іс-әрекетінің нәтижесі үшін жауапкершілікті сезінуге негізделген гуманистік дүниетанымды қалыптастыру.
Тәрбиенің басым бағыттары
- 1. Азаматтық-патриоттық, құқықтық және полимәдениеттік
- 2. Рухани-адамгершілік
- 3. Отбасы тәрбиесі
- 4. Өзін-өзі тану және өзін-өзі дамыту қажеттілігін қалыптастыру
- 5. Әлеуметтік мәнді және жеке қасиеттерді қалыптастыру
- 6. Коммуникативтік мәдениетті қалыптастыру
- 7. Экологиялық тәрбие
- 8. Эстетикалық тәрбие
- 9. Дене тәрбиесі және салауатты өмір салты; денсаулықты қорғаушы орта қалыптастыру
- 10. Еңбек және экономикалық тәрбие
- 11. Кәсіби-шығармашылық
- 12. Интеллектуалдық мәдениетті дамыту