Ақшақарды табуға менің сиқырлы таяғым көмектесер
Мерекелік қойылым: «Тамаша, тамаша, шыршамыз тұр жараса!»
Бұл қойылымның негізгі идеясы — балаларға мерекелік көңіл күй сыйлау, Жаңа жыл кейіпкерлерімен таныстыру және мерекенің мәнін түсіндіру.
Мақсаты
Балаларға мерекелік көңіл күй сыйлау.
Дамытушылығы
Ертегіні сахналау арқылы тіл байлығын, ой-қиялын дамыту және рөлге ене білуге үйрету.
Тәрбиелігі
Кейіпкерлер қимылын әуен ырғағымен үйлестіре орындауға тәрбиелеу.
Көрініс
Жаңа жыл мерекесіне сай безендірілген зал. Қонақтар, ата-аналар және балалар орындарында. Ортаға әдемі киінген Фея кіреді. Балалар әуен ырғағымен әртүрлі қимыл жасап сахнаға шығады.
Феяның құттықтауы
Құрметті бөбектеріміз және мереке қонақтары, қош келдіңіздер! Барлығыңызды Жаңа жыл мерекесімен құттықтаймын. Жаңа жыл әр шаңыраққа табыс, береке, бірлік әкелсін. Әр адам бұл күннен жаңалық күтіп, үмітпен қарайды. Бүгін жиналған әрқайсыңыздың үміттеріңіз ақталып, әр отбасында арман-тілектеріңіз орындалсын!
Келді, міне, Жаңа жыл ортамызға,
Құт-береке әкелсін баршаңызға.
Аңсаған армандарыңыз орындалып,
Өміріңіз бақыт пен нұрға толсын!
Фея балаларға өзімен бірге сыйлық емес, ерекше ертегі ала келгенін айтады және жұмбақ жасырады.
Жұмбақ
Бәліш толы себетті
Әжеге алып барады.
Сыйлыққа оған әжесі
Телпек алып береді.
Балалар: «Иә, тыңдаймыз!»
Ертегі желісі: «Қызыл телпек» Жаңа жылда
Феяның айтуынша, баяғыда басына үнемі қызыл телпек киіп жүретін қыз болыпты. Сол себепті жұрт оны Қызыл телпек деп атап кеткен екен.
Анасының тапсырмасы
Анасы:
Қызым, сен бүгін Көркемай балабақшасына барып қайт. Ол жақта балалардың мерекелік шыршасы өтіп жатыр екен.
Қызыл телпек:
Жарайды! Достарыммен бірге барсам бола ма?
Анасы:
Әрине, бірақ орманнан өткенде абай бол.
Ормандағы қоңырау
Қызыл телпек ормандағы достарына телефон шалып, қоянға хабарласады.
Қызыл телпек:
Алло! Қоян, сәлем! Мен Қызыл телпекпін. Ормандасың ба? Сол жақта бол, мен қазір барамын — айтарым бар.
Қасқырмен кездесу
Қасқыр:
Қызыл телпек, қайда барасың?
Қызыл телпек:
Көркемай балабақшасының Айгөлек тобының бүлдіршіндеріне бара жатырмын. Жаңа жылды сол жақта қарсы аламын.
Қасқыр:
Менімен бірге баруға бола ма?
Қызыл телпек:
Жоқ, болмайды. Ол жаққа тек менің достарым ғана барады. Сен менің досым емессің.
Фея (түсіндірме):
Қасқыр айлаға басып, Қызыл телпекке балабақшаға баратын ұзақ жолды көрсетеді, ал өзі қысқа жолмен асығады.
Достар табылды: қоян мен қонжық
Қызыл телпек:
Сәлем, қоян! Бүгін Айгөлек тобында мерекелік шырша өтеді екен. Аяз ата мен Ақшақар да келеді дейді. Жүр, бірге барайық!
Қызыл телпек:
Қонжық, не болды? Кім ренжітті?
Қонжық:
Мен «Жаңа жылда Аяз ата мен Ақшақар келеді, сыйлық алып келеді» десем, қасқыр мен түлкі «олар келмейді» деп мазақтады.
Қызыл телпек:
Жылама, қонжық. Біз балабақшадағы мерекелік шыршаға бара жатырмыз. Бізбен бірге жүр — Аяз ата мен Ақшақарды сол жақтан көреміз.
Түлкінің айласы
Жолда түлкі кездесіп, қайда бара жатқандарын сұрайды. Балалар айтпай қойғанда, түлкі ұстап қалмақ болады.
Түлкі:
Айтпасаңдар, сендерді ұстап, жібермей қоямын!
Қызыл телпек:
Жарайды, айтайын. Бірақ алдымен көзіңді жұм.
Фея (түсіндірме):
Түлкі көзін жұмған сәтте Қызыл телпек «Қашыңдар!» деп сыбырлап, достарымен бірге қашып кетеді. Ашудан орман дүркірейді, жарық өшіп-жанады.
Қасқыр мен түлкі қысқа жолға түседі
Қасқыр:
Ашуыңды бас, түлкі. Мен олардың қайда бара жатқанын білемін. Қызыл телпек мені ертпей кетті, сондықтан мен оған ұзақ жолды көрсеттім. Ал біз қысқа жолмен барсақ, олардан бұрын жетеміз.
Түлкі:
Жүр, онда. Мен оларға «алдағанды» көрсетемін!
Алайда Қызыл телпек пен достары ұзақ жолмен жүрсе де, мерекелік залға уақытында жетеді.
Шыршаны жағу сәті
Балалар үлкен әсем шыршаны көріп, оның шамы сөнулі тұрғанын байқайды. Барлығы бірігіп шыршаның шамын жағуға шақырады.
Бәрі бірге: «Шырша, жан!»
Тамаша, тамаша, шыршамыз тұр жараса,
Басында әсем жұлдызы — көз тоймайды қараса.
Қуант бізді, таңырқат,
Шамдарыңды жарқырат!
Өлең 3 рет қайталанады. Шырша шамы жанады, балалар қол шапалақтайды.
Хор:
«В лесу родилась елочка»
Тарсылдаған дыбыс және тосын қонақ
Кенет тарсылдаған дыбыс естіледі — біреу есік қағып тұрғандай. Фея балаларды қуанышпен қарсы алуға шақырады.
Қуаныңдар, ағайын, тамсаныңдар,
Сүйіншімен маңайға жар салыңдар!
Аяз ата келеді Ақшақармен,
Қол соғып, қошеметпен қарсы алыңдар!
Аяз атаның амандасуы
Аяз ата:
Амансың ба, ұлдарым! Амансың ба, қыздарым!
Қандай жарқын жүздерің, қандай әсем жырларың!
Асулармен жарысқан, асау желмен жарысқан —
Аталарын сендерге шаршап келді алыстан!
Фея (ескерту):
Аяз ата бұл жолы Ақшақарсыз келгенін айтып, оны іздеуге көмектесетін сиқырлы таяғын қолданбақ болады.
Ақшақардың келуі
Ақшақар:
Сәлеметсіңдер ме, балалар! Жаңа жылдарың құтты болсын!
Ата, мен балабақшаға келе жатыр едім. Кенет қатты боран соғып, ұлпа қарлар шыр көбелек айналып, жолды жауып тастады. Рахмет, ата, мені қар астынан аршып алдыңыз.
Сүйсіндіреді маңайды — Ақшақармын арайлы,
Жалт-жұлт еткен жүзімнен күміс сәуле тарайды.
Ақшақармын аппақпын, қалай тыныш жатпақпын?
Менсіз қыстың сәні жоқ — әнмін, жырмын, тақпақпын!
Автор туралы мәлімет
- Орналасқан жері
- Атырау қаласы, Бірлік ауылы
- Білім беру ұйымы
- №33 «Көркемай» балабақшасы
- Тәрбиеші
- Кабдуахитова Сагия Тлеккабыловна