Жүректен жүрекке тренингісі

Коучинг жоспары

Кері байланыс: сабақ сапасын арттыратын дәл құрал

Кері байланыс — мұғалім мен оқушы арасындағы оқуды жақсартуға бағытталған жүйелі диалог. Ол оқушыға өз күшті тұстарын, өсу нүктелерін аңғаруға көмектеседі, ал мұғалімге оқытуды нақты дерекке сүйене отырып түзетуге мүмкіндік береді.

Жалпы мақсаты

Мұғалімдерге сабақтағы кері байланыстың мәнін, түрлері мен әдістерін түсіндіру, оның маңызын ашу және сабақта ұйымдастыру жолдарын бірлесіп анықтау. Оқушылардың көңіл күйіне, іс-әрекетіне және оқу материалына рефлексия жасауды жоспарлаудың тиімді тәсілдерін қарастыру.

Түйінді идеялар

  • Оқыту мен оқудағы жаңа әдістер арқылы табысты оқытуға қол жеткізу.
  • Сабақтағы кері байланыс: түрлері, тәсілдері, қолдану уақыты.
  • Кері байланыс мұғалім тәжірибесін де, оқушының білім деңгейін де жүйелі түрде көтереді.

Күтілетін нәтиже

  • 1 Тиімді кері байланыстың оқушыға өз күшті және әлсіз тұстарын тануға, оқуын жақсартуға көмектесетінін түсінеді.
  • 2 Оқушымен жұмыста оқу сапасын арттыратын кері байланысты құрастыра алады.
  • 3 Кері байланыстың тиімді әдістерін сабақ құрылымына кіріктіріп жоспарлай алады.

Коучинг сессиясының өту барысы

Төмендегі кезеңдер қатысушыларды эмоциялық тұрғыдан дайындап, ұжымдық ойлануға жетелейді және сабақтағы кері байланысты жоспарлауға бағыттайды.

I. Сәлемдесу және жағымды психологиялық ахуал

«Комплименттер бұрқасыны» тренингі: қатысушылар шарға тілектерін жазады, шарларды бір-біріне лақтырып, түскен тілектерді дауыстап оқиды.

II. Топқа бөлу және бастапқы кері байланыс

Топқа бөлу: шар түстері арқылы (қызылдар, көктер, жасылдар).

Бастапқы кері байланыс: көңіл күй мен эмоциялық жағдайды анықтау. Қатысушылар сабақ басында таңдаған карточкаларын көрсетеді: қызыл — көңіл күйі төмен, жасыл — көңіл күйі көтеріңкі.

III. Тақырыпты ашу (ұжымдық жұмыс)

«Бір минуттық ой» әдісі: «бағдаршам» сөзі сізге қандай ой тудырады? Қатысушылар ақ параққа ойларын түсіреді.

IV. «Таза тақта»: бірлескен талдау

Талқылау сұрақтары

  • Кері байланыс (рефлексия) деген не?
  • Кері байланыстың мақсаты қандай?
  • Қандай түрлерін білесіздер?
  • Қандай әдіс-тәсілдер бар?

Нәтижені рәсімдеу

Топтар ойларын флипчартқа түсіреді. Әр топтан бір қатысушы қорғайды, ал қалғандары толықтыру және нақтылау сұрақтарын қояды.

V. Шағын дәріс

PowerPoint арқылы кері байланыстың түрлері мен әдістері туралы қысқаша шолу ұсынылады. Қатысушылар негізгі ойларды түртіп алып отырады.

VI. Сергіту сәті: «Жеміс-жидектер салаты»

Қатысушылар шеңбер бойымен отырады; бір орындық бос қалады. Жүргізуші ортада тұрады.

Алғашқы үш ойыншы ұнататын жемісін атайды. Қалғандары сол аталғандардың бірін таңдап алады.

Жүргізуші бір жемісті атайды — сол жемісті таңдағандар орын ауыстырады. Жүргізуші бос орындыққа отырып үлгеруге тырысады.

Орынынан айырылған қатысушы жүргізуші болады. Егер жүргізуші «Жеміс салаты!» десе, барлығы орындарын ауыстырады.

VII. Кіші жоба: дайындау және қорғау (топтық жұмыс)

Сұрақ: сабақта кері байланысты қалай ұйымдастырасыздар? Әр топ сабақтың белгілі бір кезеңі бойынша жоспар ұсынады.

I топ

Қызығушылықты ояту кезеңі

II топ

Мағынаны тану кезеңі

III топ

Ойтолғаныс кезеңі

VIII. Топтық кері байланыс сұрақтарын талқылау

Оқушылардан алынатын топтық кері байланыс сұрақтары (үлгі) талқыланады. Мақсат — топтағы өзара әрекет пен нәтижеге әсер ететін факторларды анықтау.

1) Қарым-қатынас тапсырманың орындалуына қалай әсер етті?

  • Жұмыстың тиімділігін арттыруға көмектесті.
  • Жұмыстың жақсы жүруіне кедергі болды.
  • Тапсырманы нақты орындауға мүмкіндік бермеді; қарым-қатынас нашарлай түсті.

2) Қарым-қатынас әсіресе қай деңгейде көбірек іске асты?

  • Ақпарат алмасуда
  • Өзара қарым-қатынаста
  • Өзара түсіністікте
  • Барлық деңгейде

3) Қандай коммуникативтік қиындықтар сезілді?

  • Ақпараттың аздығы немесе жетіспеуі
  • Коммуникативтік құралдың тапшылығы (сөздік қордың шектеулілігі, ойды дәл жеткізе алмау)
  • Тілдік және сөйлесу барысындағы қиындықтар

4) Қай стиль басым болды?

  • Бір адамға бағытталған стиль
  • Тапсырманы орындауға бағытталған стиль

5) Топта ауызбіршілік сақталды ма?

  • Серіктестік қарым-қатынас пен ауызбіршілік сақталды.
  • Топтағы бірлік бұзылғаны байқалды.

6) Бұл жағдайға кім немесе не әсер етті?

  • Бір адамның көшбасшылыққа шамадан тыс ұмтылысы
  • Кей қатысушылардың ортақ байланыс орнатуға ынтасының төмендігі
  • Тапсырманың шартын толық түсінбеу
  • Тапсырманың қызықсыз немесе күрделі болуы

IX. «Жүректен жүрекке»: «Керемет бақ» жаттығуы

Баяу әуен қойылады. Қатысушылар көзін жұмып, өзін гүлге теңейді: «Егер сіз гүл болсаңыз, қандай гүл болар едіңіз? Жапырағыңыз қандай? Үлкен бе, әлде кішкентай ма? Түсі қанық па, әлде ашық па?»

Елестеткен гүлін қағазға түсіріп, қиып алып, ілулі тұрған жүрек бейнесіне орналастырады.

Талқылау ойы

Бір жүректе әртүрлі гүлдерге орын табылады: әрқайсысы ерекше. Барлық гүлге жарық пен жылу керек. Метафора: гүл — бала, жүрек — мұғалімнің жүрегі.

X. Рефлексия: «Тазалық ойыны»

Қатысушыларға суреттері бар парақ беріледі: шабадан, қоқыс жәшігі, еттартқыш.

Шабадан

Бүгінгі тақырыптан алған ең қажетті ақпараттарды жазыңыз.

Қоқыс жәшігі

Артық, қажетсіз болған дүниені белгілеңіз.

Еттартқыш

Әлі оқып, толықтыру керек тұстарды жазыңыз.

Осы тапсырма арқылы қатысушылар коучингтен не үйренгенін нақты көрсетеді және келесі қадамдарын жоспарлайды.

Қысқа қорытынды

Кері байланыс — сабақтың «соңындағы формальді қадам» емес, оқу үдерісін басқарудың өзегі. Ол эмоциялық жағдайдан бастап, тапсырма орындау сапасына дейін нақты дерек береді; соның негізінде мұғалім де, оқушы да келесі әрекетін дәл жоспарлайды.