Елін сүйген, елі сүйген ЕлбасыМақсаты:1 - желтоқсан Тұңғыш Президент күні мерекесінің мәнін ашу

Тақырыбы: Елін сүйген, елі сүйген Елбасы

Бұл мерекелік іс-шара 1 желтоқсан — Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне арналады. Мақсаты — мерекенің мәнін ашу, қазақ халқының тұңғыш президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өмір жолы мен ел игілігі үшін атқарған еңбектерін таныту, сондай-ақ оқушылардың бойында Отанға деген сүйіспеншілікті, елжандылықты, азаматтық жауапкершілік пен патриоттық сезімді қалыптастыру.

Тәрбиелік міндеттер

  • Тұңғыш Президент күні мерекесінің тарихи және қоғамдық маңызын түсіндіру.
  • Н. Ә. Назарбаевтың өмірі, білімі, еңбек жолы мен мемлекеттік қызметі туралы мағлұмат беру.
  • Ел үшін жасалған істерді үлгі-өнеге ете отырып, жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу.

Салтанатты ашылу

1-жүргізуші: Армысыздар, құрметті ұстаздар мен оқушылар!

2-жүргізуші: Қайырлы күн, құрметті қонақтар!

1-жүргізуші: 1 желтоқсан — Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті күніне арналған «Елін сүйген, елі сүйген Елбасы» атты мерекелік іс-шарамызды ашық деп жариялаймыз.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны орындалады.

Құттықтау сөздер

  • Ауыл әкімі (аты-жөні көрсетіледі).
  • Ақсақалдар алқасының төрағасы Әлі ақсақал.
  • Мектеп директорының міндетін атқарушы (аты-жөні көрсетіледі).
  • Мектептің әлеуметтік педагогы (аты-жөні көрсетіледі).

Өнер мен өлең: елдік рухты асқақтату

Жүргізушілердің лебізі

Келбетіңнен ізгілік нұр көрінген,
Лебізіңнен үлкен арман өрілген.
Сенің арқаң — Қазақстан көркейіп,
Достық әні шарықтады төрімнен.

Серпігенде бодандықтың тұманын,
Жетті әлемге ұраным мен жыр-әнім.
Өзің болдың көшбасшысы елімнің,
Өзің болдың биік ұшқан қыраным.

Музыкалық нөмір: Мектебіміздің музыка пәні мұғалімі Нысанбай Абзалдың орындауында «Қазақтай ел қайда?» әні.

Оқушылардың өлең шумақтары

1-оқушы (Ұлжан)

Атыңнан айналайын, егемен ел!
Тәуелсіз күнің туды — кенеле бер.
Мерейің құтты болсын, Нұр ата,
Ғасырдың тойы болып, келе берер.

2-оқушы (Ислам)

Болашағы Қазақстанның алдағы,
Орындалсын қазағымның арманы.
Елбасымыз — Назарбаев Нұрсұлтан,
Халқымыздың таңдап алған таңдауы.

3-оқушы (Айгүл)

Асқақ болып еліміздің жалауы,
Мәңгі жансын тәуелсіздік алауы.
Еңбек, достық, бейбітшілік, береке —
Қазақстан Республикасының қалауы.

4-оқушы (Бекжан)

Еліміздің тыныштығын ойлайтын,
Халқым менің Елбасысын қолдайтын.
Бәрімізге тыныш өмір сыйлаған,
Жасай берсін Назарбаев Нұрсұлтан.

Әндер

  • Орындау: Мектебіміздің 6-сынып оқушысы (аты-жөні көрсетіледі) — «Туған жер» әні.
  • Орындау: 9-сынып оқушысы Берік Айдын — «Көк тудың желбірегені» әні.
  • Орындау: 5-сынып оқушылары Алтыбай Ақтоты мен Алиева Арайлым — «Туған жердей жер болмас» әні.
  • Орындау: 5-сынып оқушылары — «Жаса мәңгі, Қазақстан» әні.

Өмір жолы: еңбекпен шыңдалған тұлға

Балалық шағы және білім алуы

Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 1940 жылы 6 шілдеде Алматы облысы, Қаскелең ауданы, Шамалған ауылында дүниеге келген. Балалық шағы таршылық кезеңмен тұспа-тұс келсе де, ол мектепте жақсы оқып, білімге құштар болды. Ата-анасын ерекше құрмет тұтып, еңбекке ерте бейімделді.

Еңбек жолының басталуы

Орта мектепті бітірген соң, Кеңес Одағындағы ірі өндірістік нысандардың бірі — Қарағанды металлургия комбинаты құрылысына аттанды. Кейін бір топ қазақстандықтармен бірге Украинаға барып, металлург-жұмысшы мамандығын меңгерді. Шойын құюшы, домна пешінің көмекшісі болып еңбек етіп, уақыт өте инженерлік деңгейге көтерілді.

Басшылыққа көтерілуі

Сол жылдары оның ұйымдастырушылық және басшылық қабілеті айқын көрінді. Қалалық, облыстық, республикалық деңгейдегі жауапты қызметтерді атқарып, металлургиялық комбинаттағы партком хатшысы, Теміртау қалалық, Қарағанды облыстық және республикалық партия ұйымдарында экономикалық салаға жауапты хатшы болды.

Саяси жолдың бастау алуы

Қазақстан Үкіметін басқарған кезеңде ол 44 жаста еді. Осы тұс оның саяси өмірбаянындағы жаңа кезеңнің басталуымен есте қалды.

Хор нөмірі

Бірде шырқап, бірде төмен құлаған,
Өмір жолы болған қиын бұралаң.
Қазағымды жарқын жолға бастады,
Елбасы боп сайланды да Нұр ағам.

Хор: «Нұр аға».

Тәуелсіздік кезеңіндегі тарихи белестер

Ел тарихындағы негізгі даталар

1991

1 желтоқсанда республика жұртшылығы тұңғыш рет Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты Қазақстан Республикасының Президенті етіп сайлады.

1991

16 желтоқсанда Қазақстан Республикасы тәуелсіз, демократиялық және құқықтық мемлекет болып жарияланды.

1992

4 маусымда мемлекеттік рәміздер — Елтаңба, Ту, Әнұран бекітілді. Елтаңба авторлары: Жандарбек Мәлібекұлы, Шотаман Уәлиханов. Мемлекеттік тудың өлшемі: ұзындығы 2 м, ені 1 м. Тудың авторы — суретші Шәкен Ниязбеков.

1993

15 қарашада Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы — теңге айналымға енді.

1995

28 қаңтарда тәуелсіз Қазақстан Республикасының тұңғыш Ата Заңы — Конституция қабылданды.

1998

10 маусымда жаңа астананың ресми тұсаукесері өтті. Қала Есіл өзенінің оң жағалауында, Сарыарқаның солтүстік бөлігінде орналасқан.

Теңге туралы жыр

10-оқушы (Шырын)

Ақшам шықты өзімнің тұңғыш рет,
Білдім — дербес елімнің үлгісі деп.
Бейнеленген хан, ақын, ғалымдарым,
Беттерінен көз тартып тұрды сурет.

Теңдікті айтып тұр аты «теңге» деген,
Құт-береке болшы бір елге келген.
Өз туы, елтаңба, әнұраны бар —
Айтыңдаршы, енді елім кем де неден?

Ата Заң — ел тұғыры

11-оқушы (Гүлмарал)

Азат елдің басталған айқын жолы тәрізді,
Ата Заң деп аталған Конституциямыз бар біздің.
Ата Заңмен бекіткен дербестігін еліміз,
Ата-баба мұра еткен тұтастығын жеріміз.

Халық сенген заңымыз әділдікті қолдайды,
Жақсарсын деп хәліміз адам құқын қорғайды.

Астана туралы арнау

12-оқушы (Тоғжан)

Көтереді шаңырақ Астанам асқақ,
Жаңарып қалам, жасарып далам!
Басыңнан серпі бодандық жүгін,
Кетпейді ойдан Отандық ұғым.

Арыстан жүрек, айбынды елім,
Таниды сені бар әлем бүгін.

Қорытынды ой

Кезінде Н. Ә. Назарбаев: «Егер келешекте қолымнан іс келетін азамат бола қалсам, қазақ деген халықты дүние жүзіне танытып, терезесін тең етер едім» деген арманын айтқан. Бүгінгі таңда бұл арманның орындалғанын уақыттың өзі дәлелдеді: Қазақстанды әлем таныды, кең байтақ даласының байлығы мен бейбіт елдің болмысын дүниенің төрт бұрышы білді.

Ел өміріндегі осындай маңызды тарихи кезеңдерде мемлекет басшысы ретінде Нұрсұлтан Назарбаевтың қосқан үлесінің зор екені — қоғамдық санада орныққан тарихи шындық.

Жүргізушілердің қорытынды лебізі

Халқым айтқан — ел көтерер жер даңқын,
Елім айтқан — жер көтерер ел даңқын.
Президентім аман болғай, ел басы,
Мәңгі жаса, жас қазағым, өр халқым!

Аман бол, алтын жүрек, дана басым,
Ел үшін өлімге де бара аласың.
Буының бүгілмесін ел алдында,
Ертең де еңбегіңді бағаласын.