Арман өлеңі
Сабақ туралы мәлімет
- Өтетін орны
- Оңтүстік Қазақстан облысы, Арыс ауданы, М. Шаханов атындағы жалпы орта мектебі
- Пән мұғалімі
- Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Полатова Айнұр Мүслімбекқызы
- Тақырып
- «Қайсар рухты ақын» (ақын Мұхтар Шахановтың шығармашылығына арналған әдеби-сазды кеш)
Сабақтың мақсаттары
- Білімділік: оқушыларға ақын Мұхтар Шахановтың өмірі мен шығармашылығы туралы мағлұмат беру; көркем ойдың айнасы — көркем сөз екенін ұғындыру.
- Тәрбиелік: патриоттыққа, адамгершілікке, адалдыққа баулу.
- Дамытушылық: өз елінің беделді ақын-жазушыларының шығармаларын оқып, тануға тәрбиелеу.
Көрнекілігі
Ақынның портреті, плакаттар, фотосуреттер, шарлар, кітап-журналдармен безендірілген көрме.
Кештің барысы
Музыка ойнап тұрадыЖүргізушілердің кіріспе сөзі
Даласындай дарқан халық ел,
Білгің келсе, бізге, досым, жақын кел.
Қазақ халқы — Мұхтарымен жазушы,
Қазақ халқы — Мұхтарымен ақын ел.
Кім еліне Мұқанша сыр ағытты,
Кім Мұқанша бағындырар бағытты?
Қазақ халқы — Мұхтарымен Алатау,
Қазақ халқы — Мұхтарымен бақытты.
1-жүргізуші: Қазақстанның халық ақыны, жазушы, түркі халықтары арасынан шыққан «ең үздік әлем ақыны» атағының иегері Мұхтар Шахановтың шығармашылығына арналған «Қайсар рухты ақын» атты әдеби-сазды кешке қош келдіңіздер!
Ақын туралы дерек
2-жүргізуші: Қазақтың қылыштай өткір тілді, қайратты мінезді, қадірлі азаматы Мұхтар Шаханов 1942 жылы 2 шілдеде Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданы, Шілік ауылында дүниеге келген. Балалық шағы Төле би ауданының Қасқасу ауылында өткен.
Оян, Қайыр бабатайым, қасиеттім, қымбаттым!
Сан алапат тасырдан соң,
Тасыр дауыл басылған соң,
Жеті жарым ғасырдан соң,
Өзіңді іздеп тіл қаттым.
Аман қалыпты батыр арман,
Отқа оранған Отырардан
Қашып шыққан сол баяғы баладан
Бүгіндері саналы ұрпақ тараған.
Дәуірінің қанатында самғаған
Сол ұрпақтан шыққан ақын — мен болам.
Кешіктің деп кінәлама, айбарлым,
Сені ояту үшін қанша ойладым.
Еңіреген ер, ең аузы дуалы,
Бізге жетті жүрегіңнің шуағы.
Түп-тамырын сенен алып жатқан ел
Саған ұқсас батырларын туады.
Күллі Азия тігетін таңдана,
Құм астынан көрінбейді паң қала.
Сол қалаға арнаған бұл жырымды
Оң қабақтан қабылдай гөр, жан баба!
Ән
Ән атауы
«Өмір — өзен»
Өлеңі
М. Шаханов
Әні
Ш. Қалдаяқов
Орындайтындар: Бекбосын Гүлдариға, Көпжасар Ғазиза.
Қызмет жолынан
2-жүргізуші: Ақын әдеби қызметкер, меншікті тілші болып еңбек етті. Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы қызметін атқарды, республикалық «Жалын» журналының бас редакторы болды.
«Арман» өлеңі
Орындайтын: Айтолқын
Ерте, ерте, ертеде,
Отырарда — біздің іңкәр өлкеде,
Иық ұрмай тек білімнен басқаға,
Қатар өсті екі бірдей жас бала.
Қатар жүріп сан өнерге машықты,
Бірге оқыды, бірге ойнады асықты.
Екеуіне назар ұрды ел ерек,
Өйткені олар дарынды еді керемет.
«Таңдайымыз өрісті оймен татымақ», —
Деп қуана езу тартты отырып.
Ал дарынды медресені тауысты
Он екіге жасы ілікпей жатып-ақ.
Сыбағасын тағдыр дара бөлгендей,
Өсе берді төске шауып, төрге өрлей.
Екеуіне қараған жұрт сүйсінді,
Отырардың болашағын көргендей.
Отырарда жаны жойқын дария,
Ойы безбен бар еді бір қария.
Сол қария бір күні екі шәкіртті
Құрметпенен өз үйіне шақыртты:
Қарияның сауалы
— Балақайлар, балапандар, көкөрім,
Сендерге бір сауал қойсам деп едім.
Туған жан өнерімен, өртімен
Екеуіңді сөз етіп жүр ел түгел.
Мен де танып білсем деп ем: кімсіңдер?
Қандай арман жетегінде жүрсіңдер?
Қандай бағыт ұстайсыңдар түбінде?
Сонша неге құштарсыңдар білімге?
Қане, Дойыл, сен айтшы!
Дойылдың жауабы
— Жалғыз арман бар менде,
Шектесетін қулықпенен де, армен де.
Жалын шашса өнерімнің өрнегі,
Сонау Йемен, Мысыр, Бағдат елдері
Түгел танып, жыр ететін таңдана,
Саудагер боп шықсам деймін, жан баба.
Тірлігімде жабырқамай, жасымай,
Ата жолын қусам деймін осылай.
Бой шалдырмай бос мақтан мен өсекке,
Өмірімді құрсам деймін есепке.
Ұтыласың, жебемесе желекті ой,
Бұл өнердің табиғаты ерек қой.
Табу үшін жұрт көрмеген пайданы,
Шығу үшін жұрт шықпаған белеске,
Жұрттан асқан білім керек емес пе?
Тілін тапсаң, кім созбайды қол ұшын?
Өнер қажет, білім қажет — сол үшін.
Қарт күрсінді: «Ұлым, желік қуыпсың! Неге мұнша желтоқсандай суықсың! Бағымызға туған дарын болар деп қуанған ем — сорымызға туыпсың. Сор боларсың, одан не мән табарсың? Арманыңды, бәлкім, қайта қарарсың?»
Бірақ Дойыл паңдана тұрып алды: «Арманымды өзгерте алмаймын, жан баба!»
Әбудің жауабы
— Менде де бар бір арман,
Маздап жанып, қол бұлғайтын шынардан, ұлы баба.
Бірақ менің арманым —
Парыз бенен махаббаттан құралған.
Шамын жақсам ғылым менен өнердің,
Елімді зор мерекеге бөлермін.
Бұл сапарым азапты да шығар-ау,
Не де болса, пешенемнен көрермін.
Мейлі, мәңгі жарымайын киімге,
Мейлі, ұлыңның еңбек етіп арымен
Жүргендігін ұғынбасын қалың ел,
Қарлы боран қыран жолын бөгер ме?
Өнеріммен тасып толам кемерге,
Мен өзім риза емеспін, елімнің
Сүйеніші бола алмасам егер де.
Қарт жымиды: «Бәрекелде, жаз жайраң! Көл болмаса тоят табар қаз қайдан?! Біреуіңнің арманыңнан шошып ем, бірің, міне, еттің лезде мәз-мейрам. Бірің үшін күрсінумен өтермін, бірің үшін сүйсінумен өтермін. Сөйте-сөйте мен өмірден өтермін. Беттеріңнен жарылқасын, тәңірім. Ал жарайды, батам осы, барыңдар — Отырарда туған ұлы дарындар!»
Әжуаcын әжіміне жасырып, жылдар ақты, жылдар ақты асығып.
Жалын еді-ау арманы айқын әр көңіл — екі досты екі арнаға бөлді өмір.
Дойыл солай өзгертпеді шешімін, дәулет оған жылдам ашты есігін.
Өнері асқан саудагердің көп өтпей Бағдат, Мысыр түгел білді есімін.
Есепсіздің несібесі озар ма?
Әйелін де баулыды ол сол заңға:
Қонаққа арнап асылатын етті де
Өзі салып беріп жүрді қазанға.
Тек байлыққа деген жұтаң сараңдық
Жіберді оның бар өнерін қарайтып.
Міне, осылай жазық дарын, жас тұлға
Ұшырады қабілетті тозғынға.
Саудагердің өзге түгіл өзінің
Ұрпақтары кетті ұмытып аз жылда.
Ал Әбу ше? Кеңге жайды ел қанатын.
Әбуіміз — әрі ғалым, әрі ақын.
Әбуіміз — біздің ұлы бабамыз,
Әбу — Нәсір әл-Фараби болатын.
Хор
Мәңгі лаулап жану үшін ғаламда,
Үлкен бақыт табу үшін ғаламда,
Үлкен болып қалу үшін ғаламда,
Үлкен арман керек екен адамға.
Ақынның естелігі
2-жүргізуші: Ақынның айтуынша, бала кезінен әкесі Отырарды қорғаған ұлы бабалардың ерлігі мен Шыңғыс хан шапқыншылығының зобалаңы туралы әңгімелеп отырған. Анасы «Бала әлі жас қой, түсіне қояр деймісің?» дегенде, әкесі: «Жоқ, түсінуге тиіс. Түсінбесе, өзіне қиын. Тамырын тереңге жібере алмаған дарақтың ғұмыры келте», — дейтін. Ақын Отырар туралы бірнеше дүркін жазуына осы әке сөзінің ықпалы зор болғанын атап өтеді.