Тақырып мақсаты
Аннотация
Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін қоғам өмірінің барлық саласында терең өзгерістер жүретіні заңды. Өйткені әрбір тәуелсіз халық ең алдымен өзінің өткен жолын зерделеп, одан тәлім алып, болашаққа көз тігеді. Бұл үдеріс «Кеше кім едік, бүгін кімбіз, ертең кім боламыз?» деген сауалдарға жауап іздеумен астасады.
Осындай мазмұнды тақырыптардың бірі — Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы бастаған еркіндік жолындағы күрестің жастарға берер тәрбиелік мәні. Исатай халықты соңынан ерте алған ұйымдастырушы көшбасшы болса, Махамбет көтерілістің рухани тірегі, жалынды үгітшісі әрі серігі ретінде танылды.
Көтеріліс мәселесі зерттеушілер тарапынан әр деңгейде қарастырылғанымен, уақыт өткен сайын оның Тәуелсіз Қазақстан үшін берер сабағы мен ерлік өнегесі айқынырақ көріне түсуде. Тәуелсіздіктің 20 жылдығы және Исатай батырдың 220 жылдығы аясында бұл тарихи құбылыстың маңызын жаңаша пайымдап, кейінгі ұрпаққа жеткізу — бүгінгі күннің талабы.
Мақсаты
Ел деп еңіреп өткен батырлардың өнегесін үлгі ете отырып, жас ұрпақтың тарихи санасын қалыптастыру және Тәуелсіз Қазақстанға деген патриоттық сезімін дамыту.
Міндеттері
- Күреске келудің алғышарттарын, себеп-салдарын ашу.
- Көтеріліс қаһармандарының ерлігін таныту арқылы отаншылдық сезімді ояту.
- Ел қамын ойлайтын, жауапкершілігі жоғары азамат тәрбиелеу.
Жаңалығы мен нәтижесі
- Жорықтағы ерлік, ауыр күндердегі төзім мен қайсарлық деректері негізінде тұжырым жасалды.
- Патриоттық тәрбиенің бүгінгі білім-тәрбие мақсаттарымен сабақтастығы айқындалды.
- Ел үшін түн қатқан ерлердің халық алдындағы қадірі жан-жақты талданды.
Теориялық-әдістемелік негізі
Зерттеу қазіргі қоғам дамуының объективті заңдылықтарын ескере отырып, тақырыпқа қатысты деректер мен әдебиеттерге нақты тарихи және тарихнамалық талдау жасауға негізделді.
Әдістері
Тарихи түпдеректермен танысу, жинақтау, қорыту, жүйелеу және салыстырмалы талдау.
Кіріспе
«Біз — тәуелді болып, еңбектеп, басымызды иген халықпыз. Тізерлеп отырған да халықпыз. Біз халқымызға мынаны түсіндіруіміз керек: тіземіз ендігі жерде ешкімге бүгілмейді. Бұдан былай ешкімнің алдында еңкеймейміз. Тәуелсіздігімізді сақтау үшін жанымызбен, тәнімізбен қызмет етеміз, тіпті сол үшін жанымызды пида қылуға дайынбыз деп өзімізді де, жастарды да тәрбиелеуіміз керек».
Отанды, халықты, ұлтты қорғауға тәрбиелейтін тақырыптар — жас мемлекетіміздің мызғымастығы үшін аса маңызды. Тарихымыздың ерлікке толы беттері тәуелсіз ел азаматтарының бойында патриоттық сезім қалыптастыруға қызмет етеді.
Исатай–Махамбет көтерілісі еркіндік пен азаттық жолында күрескен ерлердің төзімділігі мен қайсарлығын, қаһармандығын айқын көрсетеді. Бұл — жастарға үлгі, ұрпаққа мақтаныш.
Мақсат — өз Отанын сүйетін, елін-жерін қастерлейтін, бәсекеге қабілетті ұрпақтың өмірге деген сенімін арттыру; қолына қару алып жауға атылған қайсар бабалар аңсаған қасиетті тәуелсіздікті нығайтуда азаматтық жауапкершілігін күшейту.
Ел бостандығы мен еркіндігі жолындағы күрескерлер ұлттық рухтың қуатын танытып, тәуелсіздікті ту етіп көтерді. Бүгінгі Тәуелсіз Қазақстан әлемдік қауымдастық алдында беделі артып, бабалар аңсаған азаттықтың бағасын айқын сезінуде.
И. Тайманұлы мен М. Өтемісұлының еркіндік жолындағы күреске келуінің алғышарттары
Халқым көрген қорлыққа,
Хандар құрған зорлыққа
Ақ жүрегім тебіренді.
Ер көңілім желденіп,
Ақсүйектің баласын
Қара ұлына теңгеріп,
Қоңыраулы найза өңгердім.
1836–1838 жылдардағы Ішкі Ордадағы Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы бастаған қазақ шаруаларының қарулы көтерілісіне түрткі болған тарихи, экономикалық және рухани қысым факторлары жөнінде деректер мен ғылыми еңбектер жеткілікті. Дегенмен көтерілістің алғышарттарын кезеңнің нақты өзгерістерімен байланыстыра қарастыру оның мәнін тереңдетеді.
ХІХ ғасырдың алғашқы жартысында Батыс Қазақстанда, соның ішінде Бөкей Ордасында қалыптасқан саяси-әлеуметтік және экономикалық ахуал Қазақстанның басқа өңірлерінен біршама ерекшеленді. Бұл кезең — қоғам құрылымында елеулі жаңғырулар мен қайшылықтар қатар жүрген өтпелі дәуір.
Өтпелі кезеңнің басты өзгерістері
- Жерге жеке меншіктің енгізілуі.
- Ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі басқару жүйесінің ығыстырылып, отарлық үстемдікке бейімделген жаңа басқару үлгісінің орнығуы.
Қоғамдық-экономикалық ахуал
ХІХ ғасырдың 20–30-жылдарына дейін Кіші жүз жерінде де жер игілігі негізінен қауымдық (көбіне рулық) тәртіппен пайдаланылды. Байлар тобының үлес салмағы жоғары болмаса да, қоғам қабылдаған осы тәртіпті белгілі дәрежеде мойындауға мәжбүр болды.
Бұл дәуірде қазақ қоғамының негізгі тіршілігі көшпелі мал шаруашылығына сүйенді. Отырықшылық пен егіншілік кең таралмаған еді. Осындай шаруашылық үлгісіне сәйкес қоғамдық қатынастардың мақсатты түрлерінің бірі — рулық жүйе болды.