Өнер - ұлттық дәстүріміз

Өнер — ұлттық дәстүр

Өнер — ұлттық дәстүріміздің алтын өзегі. Музыка, әуен, саз — өнер әлемінің іргетасы. Халқымыздың музыкалық мұрасында кең таралған жанрлардың бірі — ән. Ән дәстүрі өз болмысымен де, бай мазмұнымен де қазақтың рухани болмысын айқын сипаттайды.

Ән — сазды әуезділігімен, жүрекке ұялайтын әсерлілігімен қымбат. Қазақ — музыканы сүйетін, құрметтейтін, қадірлейтін, ән мен өнер десе ішкен асын жерге қоятын халық. Абайдың:

«Құлақтан кіріп, бойды алар
Жақсы ән мен тәтті күй.
Көңілге түрлі ой салар,
Әнді сүйсең менше сүй», — деген сөзі ән өнерінің ұлттық дәстүріміздің заңды жалғасы екенін аңғартады.

Әншілік мұраның сабақтастығы

Ұрпақтан ұрпаққа мұра болып келген әншілік өнер бүгінгі заманда да кеңінен дамып келеді. Дегенмен, сан ғасырлық тарихы бар дәстүрлі әндеріміздің орны бөлек. Мұның дәлелі — халқымыздың тума таланттары қалдырған асыл қазына: Біржан сал, Ақан сері, Естай, Кенен, Жаяу Мұса, Мұхит, Майра, Ғарифолла, Жүсіпбек, беріректе Шәмші, Нұрғиса, Ермек Серкебаев және басқа да өнерпаздардың әндері.

Ақан сері әндеріндегі шындық

Ақан сері әндерінде өмір шындығы үлкен суреткерлікпен жырланған. Өзі серік еткен сәйгүлігі мен қыран құстарына арналған «Маңмаңгер», «Құлагер», «Қараторғай» әндерінде жеке қайғысын айта отырып, өз дәуіріндегі әділетсіз қоғамның келбетін де ашып береді.

Біржан салдың өрнегі

Біржан салдың «Теміртас», «Жанбота», «Адасқақ», «Көкек» әндерінде де өмір шындығы боямасыз, айқын сипатталады. Бұл — дәстүрлі әннің басты құдіреті.

Абай әндерінің дара әлемі

Дәстүрлі ән туралы сөз қозғалғанда Абай әндерін атамай өту мүмкін емес. Абай әндері өзіндік әуендік өрнегімен, терең ойлы мәтінімен, саздылығымен дараланады. Оның «Сегізаяқ», «Көзімнің қарасы», «Айттым сәлем, Қаламқас», «Желсіз түнде жарық ай», «Қараңғы түнде тау қалғып» тәрізді әндері — ән жанрының үздік үлгілері.

Тыңдарман қадірі — өнер қадірі

Біржан мен Абайды қатар айтуымыз бекер емес: екеуі де бір дәуірде өмір сүрген, өнердің биік шыңына көтерілген дара дарындар. Абай ауылының өнерпаз жастары тәлім алсын деп, Біржанды бір ай қонақ етіп, өнеріне риза болған Абай: «Шіркін, Біржан аға, енді қазақтың әйелдері сіздей өнерпазды дүниеге әкелер ме екен?» дегенде, Біржан: «Қазақтың әйелдері мендей өнерпазды әлі жүздеп-мыңдап әкелер, бірақ сендей тыңдарман туар ма?!» деп жауап берген екен.

Мұнда азаматты қадірлеу де, өнерді бағалау да, тыңдарманның мәдениеті де анық көрінеді.

Дәстүрлі ән — тәрбиенің өзегі

Халқымыз бұл өшпес мұраны дамытып, жаңалық қосып, түрлендіріп отырды. Өмірде өзіндік орны бар ән дәстүрі алдағы уақытта да қадір-қасиетін жоғалтпай, өсіп келе жатқан жас ұрпаққа үлгі бола берсін.

Жас буынға ой

Өсіп келе жатқан жастар дәстүрлі әндеріміздің мән-мағынасын, құрылымын түсініп, мазмұны жұтаң дүниелерден бойын аулақ ұстаса екен. Өйткені дәстүрлі ән өнерінде халқымыздың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, тарихы, өмірі, тұрмыс-тіршілігі көркем бейнеленеді.