Айтқан сөзі дәл әжем
Атырау қаласы • Ш. Уәлиханов атындағы орта мектеп
Бастауыш сынып мұғалімі: Даулетиярова Сайрангүл
Тақырыбы
Қарттарым — асыл қазынам
Мақсаты
Оқушылардың бойына халқымыздың қадір-қасиетін сіңіру; үлкенді сыйлауға, ата-бабасын ұмытпай құрметтеуге, аталы сөзден ғибрат алуға тәрбиелеу.
Көрнекілігі
- Интерактивті тақта
- Нақыл сөздер жазылған плакаттар
Кіріспе. Мұғалім сөзі
Өлең жолдары
Көп жасаған қария —
Ақылы теңіз-дария.
Көп өнеге сөзі бар,
Сөзі соқпақ, сөзі нәр.
Ата салты ардақты,
Әрбір сөзі салмақты.
Сол сөздерді ұқпасаң,
Тістерсің бір күн бармақты.
Қымбатты ақ жаулықты әжелер, ақылдың кенін арқалаған айбынды аталар, қадірлі ұстаздар мен оқушылар! 3-сынып оқушыларының қатысуымен 1 қазан — Қарттар күніне орай ұйымдастырылған «Қарттарым — асыл қазынам» атты тәрбие сағатына қош келдіңіздер!
Мерекелеріңіз құтты болсын, ата-апа!
Көкіректен жыр төгілмей жата ма?
Зейнетіне жетіңіздер өмірдің,
Кенеліп бір ілтипатты батаға.
Ортамызда жүрген қарияларымыздың бір кезде елі, халқы, келешек ұрпағы үшін жасаған игі істері ерекше орын алады. Бүгінде мемлекетімізде қарттарға үлкен мән беріліп, жан-жақты қамқорлық көрсетілуде.
Қазақстанның өсіп-өркендеуіне, елдің бейбіт те тыныш өмір сүруіне өз үлесін қосқан ардақты қарттарымызға алғысымыз шексіз. Қарттар күні — саналы ғұмырын Отан деп танып, тынымсыз еңбегімен ел іргесін бекітуге жол ашқан алдыңғы буын ата-әжелеріміздің төл мерекесі. Олардың өмір жолы — бүгінгі ұрпақ үшін табылмас қазына.
Қонақтарды таныстыру
1-қонақ
Қарт кісіні құт-береке деп тану — ұрпақтың көрегендігі. Ұрпағы құрметтеген ата-ана әр кезде де бақытты. Біздің бәріміздің ата-әжелеріміз бар. Солардың бірі — бүгінгі қонағымыз Амантурлиева Оңайша әжеміз.
2-қонақ
Еркелесем — күлімдейтін,
Ұрысқаны білінбейтін,
Маңдайымнан иіскеп мені,
«Құлыншағым, күнім» дейтін.
Бүгін бізде қонақта — Аубекерова Қарылға әже.
Қош келдіңіздер!
Қадірлі әжелер, бүгінгі мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймыз! Сіздер жас ұрпаққа әрқашан төзімділіктің де, даналықтың да үлгісісіздер. Сіздерге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тілейміз.
Жырымды сізге арнаймын
Немере туралы нақыл
Халқымызда «Бала деген — бал екен» деген сөз бар. Бала, немере туралы ақын Мұзафар Әлімбаев былай дейді:
Бала деген — бал екен,
Бал дегенің — бала екен.
Немеренің бойында,
Бар жақсылық бар екен.
Туған балаң жай ғана,
Демесең де жат бөтен,
Нағыз бала ойласаң,
Немере екен — тәтті екен.
Ендеше, келесі кезекті оқушылардың ата-әжелеріне арнаған жыр шумақтарына берейік.
1-оқушы
Нұрай (3-сынып)
Әжем менің әманда
«Әдепті жан бол» деген.
Ата сөзі санамда,
Жасы үлкенге жол берем.
Алдын орап кісінің,
Кесіп өтпе көлденең.
Ізетімен кішінің
Сәлемдесіп қол берем.
2-оқушы
Нұрдәулет (3-сынып)
Менің әжем, ақ әжем,
Ұл мен қыздың бағы әжем.
Ертегі айтып бер десем,
Айтып береді тағы әжем.
3-оқушы
Нұргүл (3-сынып)
Менің әжем, гүл әжем,
Алтын әжем, нұр әжем.
Анам үшін, мен үшін,
Нағыз әжем — тіл әжем.
4-оқушы
Иса (3-сынып)
Менің әжем — бұл әжем,
Айтқан сөзі — дәл әжем.
Аман болса, көреді
Қызығымды әлі әжем.
Атаң болса анаңмен —
Алтыннан соққан қорғаның.
Санаң болса ақылды,
Ешкімнен кем болмадың.
Інің болса мақтаныш —
Семсер, қылыш білегің.
Ақылды қыз, ақылды ұл —
Өкпе-бауыр, жүрегің.