Мәтін жасам барысындағы тілдік бірліктердің қызметін анықтау әрекеттерін дамыту

І. Түсінік хат

Бастауыштың 4-сынып оқушыларына арналған «Мәтін және грамматика» арнайы курсы оқушылардың мәтін туралы түсінігін кеңейтуге бағытталған. Бағдарлама мәтіннің сөз арқылы жеткізілетінін және сөйлеудің шығармашылық нәтижесі екенін оқушының өз әрекеті арқылы аңғаруына мүмкіндік береді.

Негізгі мақсат

Мәтін арқылы барлық тілдік бірліктер іске қосылатындықтан, оның ерекше күрделі тілдік таңба екені туралы білімді тереңдету және оқушыларды мәтінді жан-жақты талдай алуға қалыптастыру.

Оқыту тәсілдері

Тілдік материалдар оқушылардың жас ерекшеліктеріне сай тілдік фактілерді байқату, салыстыру, жаттығу және көрнекілік әдістері арқылы түсіндіріледі.

Психологиялық негіз

Бағдарлама оқушының оқу-танымдық әрекетінің психологиялық ерекшеліктерін ескере отырып құрастырылған. Мәтінмен жұмыс барысында емле сауаттылығына тұрақты мән беріп, дұрыс жазуға дағдыландыру көзделеді.

Міндеттері

Курс барысында оқушылар төмендегі дағдыларды меңгеруі тиіс:

  • Мәтінді талдау және мәтінді тану.
  • Мәтіннің түзілімі мен құрылымын саралау.
  • Мәтін жасау барысындағы тілдік бірліктердің қызметін анықтау әрекеттерін дамыту.
  • Мәтіннің тіл деңгейлері арасындағы орнын және басқа тілдік бірліктермен арақатынасын түсіндіру.
  • Мәтіндік деңгейде универсалды тілдік қатынастардың қызметін көрсету.
  • Тілдік материалдар негізінде теориялық білім беру арқылы оқушылардың теориялық ойлауын және тілін дамыту.
  • Оқушылардың сауатты әрі көркем жазу дағдыларын жетілдіру.
  • Диалогтік және монологтік сөйлеу дағдыларын жетілдіру.
  • Өздігінен мәтін құрастыру және өз ойын ауызша әрі жазбаша еркін жеткізу дағдыларын дамыту.
  • Сөйлесім әрекетінің түрлеріне сай оқушыны тілдік білім негізінде түсінікті сөйлеуге және сауатты жазуға үйрету арқылы жеке тұлғаның тілдік қабілетін дамыту.