Үй жануарларын мүсіндейік

Сабақ туралы мәлімет

Сабақтың тақырыбы
Үй жануарларын мүсіндейік
Сабақтың түрі
Аралас
Сабақтың әдістері
Түсіндіру, сұрақ-жауап, мүсіндеу, тексеру және т.б.
Құрал-жабдықтар
Ермексаз, су, сүрткіш, тақтайша, фотосуреттер, жануарлар туралы слайдтар.

Сабақтың мақсаты

1) Таныстыру және дағдыландыру

Оқушыларды үй жануарларын мүсіндеу әдістерімен таныстыру, жануарлардың дене мүшелерін қозғалыстағы қалыпта бере алуға үйрету.

2) Эстетикалық тәрбие

Эстетикалық қабылдауды дамыту, халық өнері шеберлерінің еңбегін құрметтеуге тәрбиелеу.

3) Күрделендіру

Қарапайымнан күрделіге қарай мүсіндеу дағдыларын біртіндеп қалыптастыру.

Сабақтың барысы

Кезеңдер

  1. 1 Ұйымдастыру
  2. 2 Үй тапсырмасын тексеру
  3. 3 Жаңа сабақ
  4. 4 Практикалық жұмыс
  5. 5 Қорытындылау
  6. 6 Бағалау және үй тапсырмасы

1) Ұйымдастыру бөлімі

Оқушылардың сабаққа қатысуын және сабаққа дайындығын тексеру.

2) Үй тапсырмасын тексеру

Үй тапсырмасын тексеру, талдау және бағалау.

3) Жаңа сабақ

Оқушылар жануарлар бейнеленген фотосуреттерді және слайдтардағы қозғалыс үстіндегі бейнелерді тамашалайды. Мақсат — жануардың қимылын, дене бөліктерінің орналасуын дұрыс байқап, есте сақтау.

Өткенді қайталау: төрт түлік

  • Жылқы
  • Сиыр
  • Қой
  • Ешкі
  • Түйе

Жұмбақ арқылы бекіту

Кезікті бір жануар,

Үстінде екі тауы бар.

Жауабы: Түйе

Кішкентай ғана бойы бар,

Айналдыра киген тоны бар.

Жауабы: Қой

Өлең арқылы елестету: «Құлыншақ»

Жануардың кейпін есте сақтауға көмектесу үшін құлын туралы өлең жолдарын тыңдаймыз (М. Әлімбаев).

Бұлшық етің бұлтыңдап,

Қолды-аяққа тұрмайсың.

Құндыз түгің жылтыңдап,

Желден оза зырлайсың.

Асыр салып көп ойнап,

Ақсап қалдың, құлыншақ.

Жүрмейсің бе абайлап,

Болмасаңшы ұрыншақ.

М. Әлімбаев

Тақырып: «Менің күшігім»

Төрт түлік малмен бәріміз таныспыз. Енді үй жануарларының сақшысы әрі адамның жақын досы — ит туралы айтамыз. Бүгін күшіктің мүсінін ермексаздан жасап көреміз.

Мүсіндеу тәсілдері

  • Ермексазды жұмсарту
  • Тұтас бөлікті созу арқылы пішіндеу
  • Созу, жалпақтау, жұмырлау әдістері

Көрнекілік және бақылау

Мүсіндеу жеңілірек болуы үшін тақтаға ит бейнеленген фотосуреттер мен суретшілер еңбектерінің көшірмелерін іліп қоямыз. Жұмыс кезінде иттің әртүрлі қимылдағы қалпын көз алдыңызға елестетіңіз.

Елестетуге арналған өлең: «Ақ күшік»

Өлеңді тыңдай отырып, күшіктің мінезін, дене қимылын және жалпы бейнесін ойша құрастырып көріңіз.

Итаяқтан ақ күшік

Жуындыны жатты ішіп.

Мысық келіп жанына:

— Бар ма? — деді тағы да.

— Бар, бермеймін бір-ақ та! —

Деді күшік ұнатпай.

— Дос болыппын текке! — деп,

Қалды мысық өкпелеп.

Есте сақтаңыз: итті дұрыс мүсіндеу үшін оның дене құрылысы, басы, аяқтары және басқа бөліктерінің орналасуы, сондай-ақ қозғалыс кезінде қалай өзгеретіні маңызды.

4) Практикалық жұмыс

Оқушылар ермексазды дайындап, «Менің күшігім» тақырыбы бойынша ит мүсінін жасайды. Жұмыс барысында созу, жалпақтау және жұмырлау әдістерін қолданады.

5) Сабақты қорытындылау (сұрақтар)

  1. 1 Ит адамға қандай қызмет көрсетеді?
  2. 2 Иттің қандай түрлерін білесіздер?
  3. 3 Олар қалай аталады, дене бітімдері қандай?
  4. 4 Мүсіндеуді қай мүшеден бастаған дұрыс?

6) Бағалау

Дайын жұмыстар тақта алдына әкелінеді. Оқушылар өз жұмыстарын бір-біріне көрсетіп, өзара бағалау жүргізеді.

Үйге тапсырма

Қозғалыстағы иттің тағы қандай қалпын мүсіндеуге болады? Бір нұсқаны таңдап, келесі сабаққа идея мен шағын эскиз дайындап келіңіз.