Балалар шыршаның шамдары түгел жарқырап тұрған жоқ қой
Жаңа жыл ертеңгілігінің сценарийі (ересектер тобы)
Балалар залға көңілді әуенмен кіріп, шеңбер құрып тұрады.
Жүргізуші
Даламызға, қаламызға Жаңа жыл кіріп келеді,
Қартыңызға, жасыңызға жалынды сәлем береді.
Келіңіздер, келіңіздер, би де билеп беріңіздер,
Қызығы мол Жаңа жылдың тамашасын көріңіздер!
Балалардың тақпақтары
1-бала
Жаңа жылдың таңы неткен арайлы,
Ақ мамыққа бөлеп алды маңайды.
Жаңа жылмен құттықтаймын деген үн
Қанаттана кең алқапқа тарайды.
2-бала
Аспан жерге төгеді
Ақ күмісін уыстап.
Жаңа жыл да келеді
Бізге қарай жылыстап.
3-бала
Өлең де әзір, ән де әзір,
Ойын да әзір — бәрі де әзір.
Кел, Жаңа жыл, біздерге,
Кел, Жаңа жыл, Жаңа жыл!
Ертегі әлеміне шақыру
Жүргізуші: Бәріңізді орманға шақырамыз, «кел» дейміз. Осы кешті ғажайып ертегіге тең дейміз.
Күтпеген қонақтар: Түлкі мен Мысық
Жүргізуші: Балалар, бізге Аяз ата мен Ақшақар неге келмей жатыр? Кәне, бәріміз бірге оларды шақырайық!
Балалар шақырады. Бірақ олардың орнына Базилио мысық пен Алиса түлкі кіреді.
Түлкі
Ақсақ, соқыр Базилио мысықты жіберіңізші, кіргізіңіздерші!
Мысық
Аязға тоңып қалдық. Бізде Ақымақтар елінде сондай суық.
Түлкі
Біз үлкен ағаш іздеп жүрміз: кесіп, алау етіп жағып, түбінде жылынғымыз келеді.
Мысық
(Шыршаға қарап) Ой, Түлкі, қарашы! Міне үлкен ағаш — бұтағы да көп. Жақсы отын болады.
Түлкі
Қарасаңшы, бұл ағаш шамдармен, шарлармен сәнделген ғой.
Мысық
Саспа. Біз ағашты кесіп аламыз да, шамдарын, шарларын алып сатып жібереміз. Сонда көп ақша болады. Тез балта әкел — кесейік!
Сахналық әрекет
Түлкі шыршаның түбінен кілт тауып алады.
Түлкі
Базилио, қара — қандай қызық кілт! (Кілтті қолына алып, тісіне басып көреді.)
Бұл біз жолда көрген үйшіктің кілті емес пе екен? Есіңде ме, сол үйшіктен тәтті иіс шығып тұрған еді!
Мысық
Мүмкін, онда көп ақша бар шығар!
Түлкі
Бұл шыршаны қояйық. Анау үйшікке барайық. Сонда жылынамыз, тамақтанамыз әрі байимыз!
Екеуі қашып кетеді.
Аяз ата мен Ақшақардың келуі
Жүргізуші: Ой, түлкі мен мысық неткен жаман еді! Аяз ата мен Ақшақар неге кешігіп жүр екен? Кәне, балалар, тағы да дауыстап шақырайық!
Музыка ойнап, Аяз ата мен Ақшақар кіреді.
Аяз ата
Амансың ба, ұлдарым!
Амансың ба, қыздарым!
Қандай жарқын жүздерің,
Қандай әсем жырларың!
Асулармен алысқан,
Асау желмен жарысқан —
Аталарым сендерге
Шаршап келді алыстан!
Алыс-алыс жерлерден,
Ормандардан, белдерден,
Биік-биік таулардан,
Белес асып, баулардан —
Сыйымызды сендерге
Ұсынуға келемін.
Өнеріңді көрсетсең,
Риза болып, сый беремін!
Жаңа жылды қарсы алу
Жүргізуші: Жаңа жыл келеді, Жаңа жыл! Жаңа жылды қарсы алып, жасаймыз той жылда біз. Жарқын-жарқын ән салып, жалғасады жырға жыр.
Жүргізуші: Ендеше, барлығымыз Жаңа жылды қарсы алайық!
Залға маймыл кіреді.
Келді, міне, Жаңа жыл —
Қарсы алайық бәріміз!
Күліп-ойнап, би билеп,
Ән салайық бәріміз!
4-бала
Келді жылым — бақытым,
Кемелденді уақытым.
Сәлем саған, Жаңа жыл —
Жаңа бақыт, жаңа нұр!
5-бала
Той, мереке, салтанат —
Думандатты шартарап.
Келді, міне, Жаңа жыл,
Татулықты арқалап.
Шыршаның шамдарын жағу
Аяз ата: Балалар, шыршаның шамдары түгел жарқырап тұрған жоқ қой. Олай болса, шыршаны жағайық.
Барлығы бірге
Қуант бізді, таңырқат,
Шамдарыңды жарқырат!
Сыйлыққа шақыру
Жүргізуші: Келіңіздер, келіңіздер, тақпақ айтып беріңіздер. Жомарт Аяз атадан сыйлық алып көріңіздер!