Дөңгелек үстелде талқыланатын сұрақтар
Тақырып
Тілдер мерекесі
Мақсаты
Елбасы айқындаған межелерге жету жолдарын талқылау; мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту; қазақ тілінің мәртебесі мен маңызын кеңінен насихаттау; өзге ұлт өкілдері арасында қазақ тілін білу деңгейін көтеру және оқып-үйренуге деген ықылас пен қызығушылықты арттыру. Патриоттық сезімді оятып, тілін, Отанын, елін, жерін сүюге, салт-дәстүрі мен тарихын құрметтеуге тәрбиелеу.
Көрнекілігі
- Тіл туралы ұлы тұлғалардың ой-толғамдары
- Баспасөз материалдары
- Слайдтар
Түрі
Дөңгелек үстел
Тіл туралы тағылымды ойлар
«Ғасырлар бойы қазақтың ұлт ретіндегі мәдени тұтастығын ең негізгі ұйытқы болған — оның ғажайып тілі.»
«Ұлттық руханиятымыздың өзегі — тіл.»
«Қазақ тілі — қазақтың маңдайындағы жалғыз жарық жұлдызы.»
«Халықтың мәңгі ғұмыры оның тілінде. Әрбір тіл өзінің халқы үшін — Ұлы.»
Дөңгелек үстелдің барысы
Кіріспе сөз
Құрметті бүгінгі дөңгелек үстелге жиналған қонақтар мен тіл жанашырлары! Сіздерді өткір тілді, дархан пейілді, тәуелсіздігінің 22 жылдығын атап өткен қазақ елінің Тілдер мерекесі күнімен шын жүректен құттықтаймыз!
Дүбірлетсін өңірді,
Дүрілдетсін дүлдүлі.
Қазақ деген елімнің
Құтты болсын, бұл күні!
Осы игі шараны ашу үшін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимні орындалады.
- Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимні орындалады.
Оқытушының сөзі
Қазіргі таңда еліміз тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін мемлекеттік тіліміз — қазақ тілі болып бекітілді. Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» Заңы күшіне енді. Болашағымызды баянды ететін басты құндылықтың бірі — тіліміз.
«Адамға екі нәрсе тірек тегі,
Бірі — тіл, бірі — ділің жүректегі.»
Кез келген мемлекеттің ең негізгі рәмізі де, ұраны да, тірегі де — сол елдің ана тілі. Биыл қазақ тілінің мемлекеттік мәртебе алғанына 23 жыл толды. Осындай атаулы күнде бәріміздің де мерейіміз өсіп, көңіліміз қуанышқа толары сөзсіз.
Қуан, далам, қуанатын күн бүгін, Серпіп таста мұңды көңіл түндігін. Тіл туралы заңым енді күшіне, Паш еткендей кескен жаңа кіндігін. Қуан, халқым, күшіне енді тіл заңы, Сүйінші деп ақындарың жырлады. Ел елдігі сыналады тілімен, Сол арқылы жайқалады гүл бағы.
Тіл апталығы аясында өткізіліп отырған «Қазақ тілін білу — қазақстандық патриотизмнің белгісі» атты дөңгелек үстелдегі ой бөлісуге қош келдіңіздер!
«Ей, тәкаппар дүние,
Маған да бір қарашы.
Танисың ба сен мені —
Мен қазақтың баласы!»
Осы дөңгелек үстелге арнайы келген қонақтармен таныстыру жүргізіледі.
Слайд-шоу
Дөңгелек үстелімізді бастамас бұрын «Тілім менің — ғасырлардан аманат» тақырыбына арналған слайд-шоуға назар аударамыз.
Мақсат пен өзекті сұрақтар
Бүгінгі жас ұрпақ — мемлекеттің болашағы, ертеңгі күннің азаматы. Ал оның бақытқа бастар даңғыл жолы — туған Отанын, туған тілін сүюден басталады.
Бүгінгі дөңгелек үстелдің мақсаты — ұлтшыл емес, ұлттық санасы жоғары, Отанын және ана тілін өз анасынан кем сүймейтін азамат тәрбиелеу; мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту; оның мәртебесі мен маңызын кеңінен насихаттау; өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілін меңгеру деңгейін арттыру және үйренуге деген ынтасын күшейту; патриоттық сезімді ояту.
Қазіргі заман тек жеке адамдардың ғана емес, тұтас ұлттардың да өткеніне үңіліп, болашағын бағдарлауға жол ашты. Ендеше, қазақ тілінің беделін көтеру, оның арын арлап, жоғын жоқтау және олқысын толтыру — өз қолымызда.
Талқыланатын сұрақтар
- Мемлекеттік тілдің қазіргі жағдайы қандай? Мемлекеттік тілдің дамуын тежеп тұрған факторлар нелер?
- Үш тұғырлы тіл саясатының мәні мен ықпалы.
- Жаһандану жағдайындағы тіл: тілдің орны мен көрінісі қандай болуы керек?
Әр сұрақтан кейін аудиториядағы студенттердің жауаптары мен пікірлері тыңдалады.
Өнер бөлімі
Жас ұрпақты мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге, қазақ тілінде оқытуға және қазақстандық патриотизмге тәрбиелеу бағытында өзге ұлт өкілдері арасында өтетін «Абай оқулары», «Тіл — дарын», «Мемлекеттік тіл — ұлт тірегі» секілді түрлі сайыстар мен додаларға қатысып, республикалық және облыстық деңгейде жүлделі орын алып жүрген студенттеріміз бар.
Солардың бірі — колледж студенті Медина. Оның орындауындағы Абайдың «Жүрегім, нені сезесің?» әнін қазақ тіліне деген құрметтің белгісі ретінде қабыл алыңыздар.
Қорытынды сөз
Бүгінгі дөңгелек үстеліміз өз мәресіне жетті. Егемен еліміздің тұғыры қашан да тілімен биік. Тіл тағдыры туралы көкейге қонатын ойлармен сусындадық.
Туған тілім — тұғырым. Бұл өзге тілдерді меңгеруге бөгет болмайды. Керісінше, адамгершілікке, шынайы патриот болуға жетелейді. Өмірдің алмастай қырын, абзал сырын түсінудің басты кілті — ана тілі.
Ана тілінің бүге-шігесіне, терең иірімдеріне бойлай білу — саналы азамат болуды мақсат еткен әр жас үшін бірінші парыз. Бұл — туған жерді, Отанды, ата мекенді шынайы сүйе білу деген сөз.
«Білімдіден шыққан сөз,
Талаптыға болсын кез.
Нұрын, сырын көруге
Көкірегіңде болсын көз.»
Көңіл бөліп тыңдағандарыңызға көп рақмет!