Төл сөз бен төлеу сөз
Сабақ туралы мәлімет
- Пән / сынып
- Қазақ тілі, 8-сынып
- Тақырып
- Төл сөз бен төлеу сөз
- Сабақ түрі
- Бекіту сабағы
- Әдістер
- Сұрақ-жауап, топтастыру, дамыта оқыту
- Көрнекіліктер
- Көркем әдебиеттер, қосымша материалдар, таратпалар
- Пәнаралық байланыс
- Әдебиет
Сабақтың мақсаты
Білімділік
Төл сөз бен төлеу сөз туралы нақты түсінік қалыптастыру.
Тәрбиелік
Тілді құрметтеуге, сүюге, белсенділік пен қызығушылықты арттыруға тәрбиелеу.
Дамытушылық
Оқушының ой-өрісін, танымдық қабілетін және төл сөзді қолдану дағдысын дамыту.
Сабақтың барысы
1) Ұйымдастыру кезеңі
- Оқушылармен амандасу, түгендеу.
- Оқу құралдарын тексеру, сынып тазалығына көңіл бөлу.
- Оқушылардың зейінін сабаққа аудару.
- Сыныпты топтарға бөлу.
2) Үй тапсырмасын пысықтау
Үйге берілген 157-жаттығуды тексеру.
3) Жаңа сабақты түсіндіру
Біреудің сөзі екі түрлі жолмен беріледі:
Төл сөз
Айтылған ой ешбір өзгеріссіз, дәл сол қалпында беріледі. Біреудің сөзін осылай жеткізу төл сөз деп аталады.
Төлеу сөз
Сөйлеуші сөзді өзгертіп, тек мазмұнын сақтап жеткізеді. Біреудің сөзін осылай беру төлеу сөз деп аталады.
Мысал: Абай бес нәрседен қашық болып, бес нәрсеге асық болуды айтады.
Автор сөзі
Төл сөзді де, төлеу сөзді де жеткізуде оған жанама түсінік беретін сөйлеушінің өз сөзі автор сөзі деп аталады.
Тапсырмалар
1-тапсырма
Төл сөзді төлеу сөзге айналдырып жазыңдар.
1-топ
- «Мына жол сіздің ауылға, мына жол біздің ауылға апарады», — деді Санжар қалжыңдап.
- «Біз бүгін егін алқаптарының жайы туралы сөйлесеміз», — деді ауыл әкімі.
2-топ
- «Бұл қыз — менің қарындасым», — деді Кенжетай, Асқардың сұрағысы келгенін біліп.
- «Бұл үйдің жаны нешеу?» — деді Итбай, сөз бастау үшін.
3-топ
- «Сізге айтар арызым бар», — дедім мен оған жақындап.
- «Көкем сені шақырып жатыр», — деді Абзал Мақсатқа қарап.
4-топ
- «Ата, мына қазды атайықшы», — деді Төлеутай қуанып.
- «Жоқ, балам, бұл қаздарды атуға болмайды», — деді қарт басын шайқап.
2-тапсырма
Төлеу сөзді төл сөзге айналдырып жазыңдар.
1-топ
Асан әкесінің көп жылдан бері Жарасбайдың жылқысын бағып жүргенін айтты.
2-топ
Хәкім қазір бұл жақта шаруасы бар екенін және соған баруға асығып отырғанын салмақты түрде айтты.
3-топ
Марлан қонақтарына орын ұсынып, Мұратқа кешегі үндеудің қалғаны болса, тез көбейтіп жіберуді тапсырды.
4-топ
Ол Шоқан Уәлихановтың қырғыз халқына да қадірлі адам екенін айтты.
3-тапсырма
Орын тәртібі арқылы сөйлем құрастырыңдар. Тиісті тыныс белгілерін қойыңдар.
1-топ
Төл сөз — автор сөзі.
2-топ
Автор сөзі — төл сөз.
3-топ
Автор сөзі — төл сөз — автор сөзі.
4-топ
Төл сөз — автор сөзі — төл сөз.