Тәрбиешінің толықтыруы

Атырау облысы, Махамбет ауданы

Алға орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі — Темірова Мұхсина.

Сабақтың тақырыбы

Ынтымағы жарасқан елміз

Сабақтың мақсаты

Ынтымақ ұғымының адамгершілік құндылық ретіндегі мәнін ашу.

Міндеттер

  • Ынтымақ пен бірлік туралы түсініктерін кеңейту.
  • Достық қарым-қатынастарын нығайту.
  • Татулықта, бірлікте, бейбітшілікте өмір сүруге тәрбиелеу.

Шаттық шеңбері

Тәрбиеші: «Балалар, қане, шаттық шеңберіне тұрайық. “Қазақстан — ортақ үйіміз” өлеңін айтайық».

«Қазақстан — ортақ үйіміз»

Тілейміз — бейбіт күн.

Сары, ақпыз, қарамыз —

Бәріміз де баламыз.

Бір қалада тұрамыз,

Бір мектепке барамыз,

Біз балдырған тең басқан,

Дос құшағын елге ашқан.

Тілегіміз — бейбіт күн,

Ашық болсын кең аспан.

Әңгімелеу: «Тас пен арбакештер»

Тәрбиеші: «Балалар, мен сендерге “Тас пен арбакештер” атты әңгімені оқып беремін. Мұқият тыңдайық».

Бір күні тауда алай-дүлей дауыл соғып, найзағай жарқылдап, шелектеп жаңбыр құйды. Дүлей желдің әсерінен тастың бір кесегі тау соқпағына құлап түсіп, жолды бөгеп қалды.

Ертесінде күн жарқырап шықты. Жолдан екі арба көрінді: бұл — қалаға тұз бен қарамайға бара жатқан дүкенші еді. Ол жолдағы тасқа жақындап, итеріп көрді, бірақ орнынан қозғалта алмады.

«Қандай үлкен кесек! Мұны қозғалту мүмкін емес. Мүмкін менен күштірек біреу келіп, төменге лақтырып тастар. Күте тұрайын...»

Біраз уақыт өткен соң арбамен келе жатқан отыншы келді. Ол да тасты ары-бері итеріп көрді, бірақ қозғалта алмады.

«Енді не істейміз? Күте тұрайық, бәлкім бізден де күшті біреу келіп, жолды тазартып қалар...»

Уақыт өте берді. Арбакештер бірінен соң бірі жиналып, үлкен керуенге айналды. Адамдар шулап, тасты жеке-жеке қозғай алмады.

Бір кезде қолында таяғы бар жаяу қарт адам көрінді. Ол арбакештермен амандасып, мән-жайды сұрады.

Қарт: «Сендер неге өтпей тұрсыңдар?»
Арбакештер: «Қалай өтеміз?»
Қарт: «Ақылмен».
Арбакештер: «Бұған ақылдың не керегі бар? Қанша әуреленсек те, ешқайсымыз тасты қозғай алмадық».
Қарт: «Ал сендер тасты бәрің бірігіп қозғап көрдіңдер ме?»

Сонда ғана олар ойланды: «Расында да! Қане, жігіттер, бәріміз бірігіп итерейік!» Барлығы жабылып итеріп, дәу тасты төменге құлатты. Жол ашылып, арбакештер сапарын жалғастырды.

Талқылау сұрағы

Арбакештер тасты неге бірден итеріп жібермеді? Оларға не жетіспеді?

Тәрбиешінің толықтыруы

Алғашында әрқайсысы тасты жеке қозғауға тырысты, бірақ нәтиже болмады. Қарттың ақылы олардың бірігіп әрекет етуіне жол ашты. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген сөздің мәні де осында.

Қазақ ертегісі: «Ырыс алды — ынтымақ»

Баяғыда бір ақылды қария болыпты. Оның тоғыз ұлы бар екен. Алайда балалары әкесінің ақылын тыңдамай, әрқайсысы өз бетінше жүріпті. Көршілері олардың осы қылығын күлкі қылады екен: үлкені кішісін сабайды, кішісі үлкеніне қырын қарайды.

Бірлігі жоқ тоғыз баласын қалай ақылға салам деп қария көп ойланады. Ақыры тоғайдан бір құшақ тобылғы әкеліп, балаларын түгел шақырып алады да: «Қане, балаларым, күштеріңді сынап көрейін. Мына тобылғыны буылған күйінде сындырып көріңдер», — дейді.

Тоғыз ұл кезектесіп күш сынайды. Бірақ буылған тобылғыны ешқайсысы сындыра алмай, титықтап қалады.

Сонда қария тобылғының бауын шешіп: «Енді бір-бірлеп сындырып көріңдер», — дейді. Балалары оны лезде сындырып тастап: «Міне, сындырдық!» — деп мақтанады.

Қария сабырмен сөзін бастайды: «Мен сендердің келешектерің үшін уайымдаймын. Дұшпандарың көп, бір-біріңе қас болсаңдар, ертең сендерді де жаңағы тобылғы секілді сындырып, жан-жаққа шашыратып жібереді. Ал тату болып, бір-біріңді қамқорлап, көмектесіп жүрсеңдер, буылған тобылғыдай сендерді ешкім сындыра алмайды. Ауызбірлікте болыңдар», — дейді.

Көп ұзамай қарт дүниеден өтеді. Балалары өмірдің қиындығы өздеріне түскенде ғана әкенің өсиетін түсініп, бірлесіп тіршілік етуге көшеді. Бір-біріне көмектесіп, татулықта өмір сүре бастайды. Сөйтіп жағдайлары түзеліп, тұрмыстары жақсарады. «Ырыс алды — ынтымақ» деген сөз осыдан қалған екен.

Талқылау сұрағы

Қарияның балалары неге буылған тобылғыны сындыра алмады?

Тәрбиешінің түсіндірмесі

Ертегі балаларды бірлесіп әрекет етуге, татулық пен сыйластыққа шақырады. Бірлік болған жерде қиындық та жеңілдейді, ал ауызбірлік жетістікке бастайды.

Ойын: «Қазақстанда тұратын халықтар»

Балалар шеңберге тұрып, бір-біріне доп лақтыру арқылы Қазақстанда тұратын халықтардың атын атайды.

Әңгімелесу сұрақтары

  • Біз қай елде тұрамыз?
  • Туыстарыңның, көршілеріңнің, достарыңның арасында басқа ұлт өкілдері бар ма?

Көпұлтты елдегі татулық

Тәрбиеші: «Біздің ел — көпұлтты мемлекет. Қазақстанда көптеген халықтар тұрады. Олар бір-бірімен тату, дос-бауырдай өмір сүріп жатыр. Қазақстанды өз жерім, өз елім деп мақтан тұтады. Ынтымақта, бірлікте өмір сүреді».

1 мамыр — Ынтымақ, бейбітшілік және бірлік күні

Бұл күні елімізде тұратын өзге ұлт өкілдері өз салт-дәстүрлерін, ән-жырларын таныстырады. Еліміз де бірлікке, ынтымаққа, бейбітшілік пен татулыққа үндейді.

Сондықтан «Қазақстан — ынтымағы жарасқан ел» деу — орынды.

Дәптермен жұмыс

Ұлт өкілдерінің ұлттық киімдерін атап, суреттерін бояу.

Қорытындылау

Бүгін біз ынтымақ, ауызбірлік, ұйымшылдық және достық туралы ой бөлістік. Татулық пен бірліктің арқасында көптеген мәселені жеңіл шешуге болатынын түсіндік.

Отанымыздың көпұлтты екенін, ондағы халықтардың достығы мен татулығын, сондай-ақ салт-дәстүрлер мен ұлттық киімдердің ерекшелігін таныдық.

Бірлігіміз бекем, ынтымағымыз жарасқан егемен елміз деп айтуға толық негіз бар. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын, бейбітшілік мәңгілік орнасын.

Жүректен — жүрекке: «Ақ көгершін»

Өлеңі

Н. Баймұхамедов

Әні

А. Жұбанов

Тақырып

Бейбітшілік белгісі

Ақ көгершін

Ақ көгершін, көгершін,

Қолқанат құс сен едің.

Бар, кезіп қайт, ел үшін,

Кең дүниенің көлемін.

Әділеттің құсы деп,

Көз алмастан жолыңнан,

Ұшырамын қолымнан.

Ел тілегін алып ұш,

Адамзаттың бағына.

Қара бұлтты жарып ұш,

Мұхиттың арғы жағына.

Көзін сенен алмайды

Ақ ниеті бар адам.

Ақ қанатың талмайды

Әділеттен жаралған.

Тыныш, бейбіт өмірдің

Белгісі боп қанат қақ.

Әлемге ортақ көңілдің

Қайт шыңына қонақтап.