Қазақ тілі - ана тілім

Кіріспе

Мектепте берілетін білімнің негізі — ауызша да, жазбаша да — тіл арқылы меңгертіледі. Оқушы ана тілін жақсы меңгерсе, тіл байлығы молайып, сауаты жоғарыласа, ол өзге ғылым салаларын тереңірек игеріп, ой-өрісі кеңейеді. Сондықтан тіл мен әдебиет пәні мұғалімдеріне жүктелер жауапкершілік жеңіл емес.

Оқушы өз ойын дәл әрі түсінікті жеткізе білуі керек. Сол үшін әр сабақта тіл дамыту жұмыстары жүргізіледі. Тіл дамыту — ауызша да, жазбаша да жүзеге асады.

Бұл «Шығармалар жинағы» Қосағаш ауданындағы оқушыларға шығарма жазуда үлгі болсын деген мақсатпен құрастырылды. Осындай жинақтардың аздығы салдарынан оқушылардың бір бөлігі шығарма жазуға қиналып жатады. Жинақта шығарманы қалай жазу керектігі және оны рәсімдеуге қойылатын талаптар да көрсетіледі.

Ұлы Абай қарасөздерінде: «Кімге қажет болса, сол жазып алсын, не оқып көрсін; керегі жоқ десе — өз сөзім өзімдікі» — деген еді. Әрине, Абай Құнанбаев — теңдесі жоқ ғұлама. Дегенмен «болмасаң да ұқсап бақ» дегендей, бұл жинақ қазақ тілін қадірлейтін жас шәкірттерге пайдалы болады деп сенеміз.

Жинаққа халықаралық олимпиадаларға қатысып, жүлделі орын алған оқушылардың шығармалары енгізілді. Сондай-ақ Қазақстанда тұратын отандастарымыздың туындылары мен оқушылардың өздері шығарған өлеңдері де қамтылды.

Шығарма жазуға арналған естелік

Төмендегі ережелер оқушының ойын жүйелеуге, мазмұнды әрі сауатты мәтін құрауға көмектеседі.

  1. 1. Таңдаған тақырыбыңды мұқият ойлан.

  2. 2. Тақырыпты ашатын нақты жоспар құр.

  3. 3. Эпиграф таңда: ол тақырып пен негізгі идеяны ашуға сәйкес болуы керек.

  4. 4. Тақырыпқа байланысты тірек сөздерді анықта.

  5. 5. Пікірлердің реті мен жүйесін сақта:

    • тақырыптан ауытқыма;
    • негізгі бөлімде дәлел келтір;
    • негізгі ойлар жүйесін бұзба;
    • қорытынды негізгі ой төңірегінде түйінделсін.
  6. 6. Сөздерің айқын, сөйлемдерің орамды әрі түсінікті болсын.

  7. 7. Стильдік қателіктер жібермеуге тырыс.

  8. 8. Қайта оқығанда тыныс белгілеріне ерекше назар аудар; байқаған қателеріңді бірден түзет.

  9. 9. Дәптердегі ақжиекті (абзацты) сақта, әріптердің түзу жазылуын қадағала.

Шығарманы рәсімдеуге қойылатын талаптар

Рәсімдеу мәдениеті — мәтіннің сапасын айқындайтын маңызды өлшемдердің бірі.

Тақырып, цитата, эпиграф

  • 1. Шығарманың тақырыбы тырнақшаға алынбайды. Тырнақша тек цитата келтіргенде қойылады.
  • 2. Эпиграф парақтың оң жағына жазылады және тырнақшаға алынбайды. Эпиграф авторының фамилиясы эпиграфтың астына жақшасыз беріледі. Қай шығармадан алынғанын көрсеткенде шығарма атауы тырнақшаға алынады.

Жоспардың орны және құрылымы

  • 3. «Жоспар» сөзі эпиграфтың астына, ал эпиграф болмаса — тақырыптан кейін жол ортасына жазылады. «Жоспар» сөзінен кейін қос нүкте қойылады.
  • 4. Жоспар үш бөлімнен тұрады: I Кіріспе. II Негізгі бөлім. III Қорытынды.

    а) Бөлімдер рим цифрларымен белгіленеді; цифрдан кейін нүкте де, жақша да қойылмайды.

    ә) Негізгі бөлім араб цифрларымен (жақшасыз) белгіленген кемінде екі тармақтан тұрады; әр тармақ атауынан кейін нүкте қойылады.

    б) Егер шығарма көлемді болса, кіріспе мен қорытынды да тармақтарға бөлінеді.

Тасымалдау және тыныс белгілері

  • 5. Бөлім/тармақ атауын келесі жолға тасымалдағанда рим және араб цифрларының астына сөз жазылмайды — цифрлар жеке тұрады.
  • 6. Бөлімдер мен тармақ атауларынан кейін нүкте қойылады; келесі атау бас әріппен жазылады. Егер тармақ тармақшаға бөлінсе, тармақша соңынан нүктелі үтір қойылады; тармақша атауы кіші әріппен жазылады.

Атаулардың мазмұны және тілдік талап

  • 7. Атаулар аз сөзбен көп мағына беруі, мазмұны ауқымды болуы тиіс. Мысалы, «Абайдың табиғат лирикасы» дегеннен гөрі «Абайдың табиғат лирикасының өзіндік ерекшелігі» дәл келеді.
  • 8. Жоспар атауларында етістік (тұйық райдан басқа) болмағаны жөн: «Абай — қазақ халқының ұлы перзенті» деп жазу дұрыс.
  • 9. Жоспар тақырыптары сұраулы сөйлем түрінде берілмегені дұрыс.

Цитата, абзац және сандық көрсеткіштер

  • 10. Жоспарда цитата қолданылса, тырнақшаға алынып, автордың фамилиясы цитатадан кейін жақша ішінде көрсетіледі.
  • 11. Шығарма жоспарға сай абзацтар арқылы жазылады.
  • 12. Мезгіл көрсеткіштері: ғасыр — рим цифрымен, жыл мен күн — араб цифрымен, басқа сандар — сөзбен жазылады. Ғасыр атауын араб цифрымен жазу қате саналмайды және бағаны төмендетуге себеп болмайды.

«Ескендір» поэмасындағы зұлымдықтың өкілі

Көп адам дүниеге бой алдырған,
Бой алдырып, аяғын көп шалдырған.
Өлді деуге сия ма айтыңдаршы?
Өлмейтұғын артына сөз қалдырған.

А. Құнанбаев

Қазақтың жаңа сипаттағы жазба әдебиетінің көшбасшысы, ағартушы-демократ Абай Құнанбайұлының тұлғасы қазақ әдебиетінің асқақ әлемінде жарқырайды. Оның шығармалары көптеген тілге аударылып, даңқы алысқа тарады. Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы да ақын мұрасын кеңінен танытты.

Абай поэзиясы — қазақ поэзиясының биігі. «Қансонарда бүркітші шығады аңға», «Әсемпаз болма әрнеге», «Ғылым таппай мақтанба», «Сегіз аяқ» сияқты өлеңдері халық жадында өнегелі сөзге айналды. Ақынның «Ескендір», «Әзімнің әңгімесі», «Масғұт» атты үш поэмасы бар.

«Ескендір» поэмасындағы оқиға қазақ топырағынан тыс жерде өрбиді. Бұл — ақынның өзге халықтар тарихына да қалам тартқанын аңғартатын шығарма. Поэманың басты кейіпкері — Ескендір (Александр Македонский).

Ескендірдің мінез-құлқы

Ақын поэма басында Ескендірдің көрсеқызар, мақтаншақ, қызғаншақ болмысын ашып көрсетеді. Жиырма бір жасында таққа отырған патшаның жауыздығы мен дүниеқоңыздығы жаулап алу жорықтары арқылы айқындалады.

Тартыстың өзегі

Поэма негізінен әділдік пен жауыздықтың тартысына құрылған. Жауыздыққа жетелейтін қасиеттер — күншілдік, қызғаншақтық, тойымсыздық, озбырлық. Оған қарсы ақын даналық пен әділдікті қояды.

Алтын қорған және жұмбақтың шешімі

Сұм патша бұлақ бойымен жүріп отырып, қақпасы бекітулі алтын қорғанға келеді. Өзін күзетшімін деген шал: «Бұл — құдайға бастайтын қақпа» деп, қақпаны ашпайды. Ескендір жұртқа мақтанып көрсететін сый сұрағанда, сый ішінен адамның бас сүйегі шығады.

Жұмбақты Аристотель шешеді: адамның көзі (көңілі) дүниеге тоймайды, тек өлгенде ғана «көзге құм құйылғанда» тынады. Осы арқылы ақын қанқұмарлық пен ашкөздікті айыптап, әділдік пен ақылдың үстемдігін көрсетеді.

Ескендір образы арқылы ақын ел жаулағыш патшаның сұрқиялығын әшкерелейді, ал Аристотельді әділдіктің үлгісі ретінде алып, түйінді ойдың тірегіне айналдырады. Ақын пайымынша, ақырында әділет жауыздықты жеңеді.

Қазақ тілі — ана тілім

Сүйемін туған тілді — анам тілін,
Жөргекте жатқанында берген білім.
Шыр етіп жерге түскен минутымнан
Құлағыма сіңірген таныс үнім.

С. Торайғыров

Тіл — қай ұлт үшін де қастерлі, құдіретті. Ол адамға ана сүтімен бірге дариды, тұлғаның болмысымен бірге қалыптасады. Тіл байлығы — елдің мақтанышы әрі атадан балаға мирас болып қалатын баға жетпес мұра.

Әр адам ана тілін көзінің қарашығындай қорғауға, оның орынсыз шұбарлануына қарсы тұруға тиіс. Өкінішке қарай, туған тілін араластырып сөйлейтіндер де, тіпті тілінен безетіндер де кездеседі. Мұндайда Паустовскийдің «Туған тіліне жаны ашымаған адам — жәндік» деген сөзі еске түседі.

Ана тілі — ар өлшемі. Олай болса, тілді шұбарлау — арды шұбарлау, көңіл тұнығын лайлау. Қадыр Мырзалиевтің: «Өзге тілдің бәрін біл — өз тіліңді құрметте» деген тұжырымы жастарға да, үлкендерге де ортақ талап.

Тілдің кеңдігі мен еркіндігі

Қазақ тілі — даласындай кең, пішілгені келісті, жайдары тіл. Қазақ сөзі қашанда даланың қоңыр желіндей аңқылдап, еркін еседі.

Үндестік, ырғақ, әуез

Оның ерекшелігі — домбыраның күмбір қаққан сазындай. Шешеннің қара сөзінің өзінде өлеңге бергісіз үйлесім мен ішкі ырғақ жатады.

Ахмет Байтұрсынұлы: «Әр ұлтқа төрт нәрсе керек: тіл, діл, дін және жазу… Тілі жоғалған халықтың өзі де жоғалады» — деген еді. Ана тілінің адамға беретін ләззатын басқа еш нәрсе алмастыра алмайды.

Қазақ болып туғаныма және бай, сұлу тілде сөйлейтініме кейде ерекше қуанып, өзімді бақытты сезінемін. Қазақ тілі — шын шебердің қолынан шыққан домбырадай.

Мұрзағұлтегі Айымгүл, 11-сынып оқушысы. 2005 жыл.

Даланың дара ұстазы

«Халықтың кемеліне келіп өркендеуі үшін, ең алдымен азаттық пен білім керек».

Шоқан Уәлиханов

Жоспар

I

Кіріспе

1. Халық перзенті — Ыбырай.

II

Негізгі бөлім

1. Адамдық қасиет таратушы ұлы педагог.

2. Табиғат танудағы ақын-ұстаздығы.

III

Қорытынды

3. Даланың данышпан ұстазы.

Әр халықтың тарихи даму жолында есімі өшпес жұлдыздай аталатын ірі тұлғалары болады. Солардың бірі — қазақ сахарасында өмір сүрген, халықтың данышпан перзенті, даланың дара ұстазы Ыбырай Алтынсарин.

Ыбырай — өз заманының ірі қоғам қайраткері, тұңғыш педагогтердің бірі. Ол қазақ балаларына білімнің кілтін ұстатып, алғашқы мектептердің ашылуына ұйытқы болды. Халықты қараңғылық бұғауынан құтқаруды, санаға сәуле түсіріп, көкіректі оятуды мақсат етті.

Ыбырай шығармаларының өзекті тақырыптары — өнер-білім, еңбек, тәрбие. «Шеше мен бала», «Бір уыс мақта», «Мейірімді бала», «Әдеп», «Әділдік» әңгімелері адамгершілікке баулыса, «Өрмекші, құмырсқа, қарлығаш», «Қыпшақ Сейітқұл», «Бай баласы мен жарлы баласы» еңбексүйгіштік пен төзімділікті дәріптейді.

Өнер-білімге шақыру және «Қазақ хрестоматиясы»

Ыбырай «Кел, балалар, оқылық» деп жас ұрпақты білімге үндеді. Сондай-ақ «Қазақ хрестоматиясы» атты кітапты қазақ тілінде алғаш жариялап, оған ой тастайтын, тәрбиелік мәні терең шығармаларды енгізді.

«Бай баласы мен жарлы баласы» әңгімесінде еңбекке бейім Үсен мен қиындыққа төзе алмайтын Асанды салыстыра отырып, еңбекқорлыққа, ақылдылыққа, өнерге тәрбиелеуді көздейді.

Еңбек пен қанағат

«Өрмекші, құмырсқа, қарлығаш» әңгімесінде әке баласына кішкентай жәндіктердің еңбегін үлгі етіп, уақытты босқа өткізбей адал еңбек етуге шақырады: «Ісі жоқтың асы жоқ» деген қағиданы ұғындырады.

Тәрбие — қалыптастыру күші

«Бақша ағаштары» шығармасында бала тәрбиесінің мәні ашылады: адам бойындағы қасиет те, мінез де — ерте алған тәрбиенің жемісі. Түйіні: «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің».

Ыбырай өсиеттерінің өзегі

  • Жомарттық: «Атымтай Жомарт» — байлықтың өткінші екенін, еңбектің тәттілігін, мұқтажға көмектесудің сауапты іс екенін ұқтырады.
  • Ұқыптылық: «Сараңдық пен жинақтылық» — аздан құралып, көп болатынын, жинақылықтың жақсылыққа жеткізетінін көрсетеді.
  • Тазалық: «Салақтық» — салақтықтың кесірін айтып, тазалық бар жерде іс ілгерілейтінін дәлелдейді.
  • Мейірім: «Мейірімді бала» — ата-анаға сүйіспеншілік пен жанқиярлықтың үлгісін танытады.

Табиғат тақырыбы және «Өзен»

Табиғат — адамның тіршілік ортасы. Ыбырайдың «Өзен» өлеңінен тіршіліктің тамыры, өзеннің жомарттығы көрінеді. «Тас таста, алтын таста сынамаққа, сонда да аққан өзен қалыбында» деген жолдар — адамға да сабырлы, кішіпейіл болуды меңзейтін тәлім.

Қорытындылай айтқанда, Ыбырай Алтынсарин — жазушылық қызметінің түп қазығын оқу мен өнер-білімге байлаған, халқына ізгілік отын жаққан, ұрпақ санасын оятуды өмірлік мұрат еткен даланың дара да данышпан ұстазы.

Құлагер — аттың тұлпары

Жанына еліміздің жылқы жаққан,
Жылқыға жетпеген көз жалтаң қаққан.
Мінсең — ат, ішсең — қымыз, жесең — қазы,
Қашаннан қазақ халқы жылқы баққан.

Атты артық көрген елміз мінген тақтан.
Қызық-ақ біздің бәйге қырда шапқан.
Шыдар ма қазақ жаны ұшып кетпей
Аттарға шаң шығарып келе жатқан.

Ергеней Маратұлы

Қазақ халқы — қонақжай, көшпелі дәстүрі бар, атқа мініп ойын-сауық құрған ел. «Ат — адамның қанаты» деген нақылдың ар жағында еркіндікке ұмтылыс, кең дала рухы, еңбек пен сергектікті бағалау жатыр.