Сары пышақ
Мақсаты мен міндеттері
Мақсаты
Еңбектің адамгершілік құндылығы туралы түсінікті кеңейту.
Міндеттері
- Еңбектің адам өміріндегі мәні туралы түсінік беру.
- Оқушылардың еңбек етуге деген қызығушылығын дамыту.
- Еңбексүйгіштікке тәрбиелеу.
Көрнекі құралдар
Сюжетті суреттер, жеміс ағаштары, дәптер, оқулық.
Шаттық шеңбері
Оқушылар мұғаліммен бірге шеңберге тұрып, амандасады, бір-біріне жылы тілек айтады.
«Өзіңді-өзің тану» туралы ой
- Өзіңді-өзің тану арқылы бойымызға жақсы қасиеттерді жинаймыз.
- Өзіңді-өзің тану өмірге бағыт береді.
Әңгімелесу: «Еңбек дегеніміз не?»
Сұрақтар
- Еңбек дегеніміз не?
- Еңбек ету адамға қажет пе?
- Еңбек адамға не үшін қажет деп ойлайсыңдар?
- Адам өмір сүру үшін ең алдымен не қажет?
Негізгі ой
Адам өмір сүру үшін ауа, су, тағам, нан, киім, жарық, жылу, білім, денсаулық, үй, көлік сияқты қажеттіліктер керек.
Еңбек — адамның өмір сүруі үшін қажетті іс-әрекеті.
Халық мақалы: «Еңбек етпеген ішіп-жемейді».
Сахналау: «Қайдан келдің, бауырсақ?»
Ө. Тұрманжанов
Дастарқанда шашылып,
Жатты аппақ бауырсақ.
Бауырсаққа қызығып,
Қарап тұрып көзін сап:
— Қайдан келдің, бауырсақ? —
Деп сұрады қуыршақ.
— Дүкеннен келдім, нан сатқан, —
Деді оған бауырсақ.
— Дүкенге келдің қай жақтан?
— Наубайдан келдім, нан жапқан.
— Наубайға келдің қай жақтан?
— Диірменнен келдім, ұн тартқан.
— Диірменге келдің қай жақтан?
— Даладан келдім, кең жатқан.
Жер — анам менің көсілген,
Диқандар мені өсірген.
Талқылау
Нан дастарқанға қандай еңбекпен келеді?
Негізгі ұғым
Ас атасы — нан.
Тыйым сөздер
Нанды құрметтеу туралы қандай тыйым сөздерді білесіңдер?
Еңбекқорлық туралы түсінік
Кім қандай адам?
- Көп еңбек ететін адам — еңбекқор.
- Еңбекті сүйетін жан — еңбекқор.
Қорытынды ой
Еңбектің адам өміріндегі орны ерекше. Еңбекпен өмір жарқындайды. Еңбекшіл болу — үлкен қасиет.
Дәйексөз
«Еңбек — қуаныш, жалқаулық — айырылмас азап».
Абай
Адам ең бастысы — еңбектенуге, бір іске күш-қуатын және ақыл-ойын жұмсауға ерінбеуі керек. Өйткені жалқаулық пен еріншектік адамның өзін де, өмірін де тоздырады.
Ал ерінбей еңбек етсең, мақсатыңа да, арманыңа да жетесің. Арман орындалса, өзіңді бақытты сезінесің.
Мәтінмен жұмыс: «Еңбексіз өмір — сүреңсіз»
Мысал әңгіме, Б. Әділов
Қара пышақ дүкеннен шығып, асүйге келген соң тыным таппады: нан турады, пияз аршыды, әйтеуір тамақ дайындалып, ас қамдалса, қолдан түспейтін болды.
Бірақ ол жалқау еді. Бала кезіндегі «шалқайып жатсам» деген арманы есіне түсіп, кейде жылап та алатын.
Бір күні Қара пышақ ауыр еңбектен құтылудың оңай жолын тапты: иесінің көзін ала беріп, еденнің жырығына түсіп кетті.
«Болды, — деді ол қуанып. — Енді еңбекті желкемнің шұқыры көрсін!»
Ай өтті, жыл өтті. Қара пышақ орнынан қозғалған жоқ. Оның қайда жатқанын ешкім білмейтін.
Бір күні: «Әй, туысқан!» — деген дауыстан елең етіп қараса, еденнің жарығынан жылтылдаған көз сығалап тұр екен. Бұл — баяғы өзімен бірге жасалған Сары пышақ. Ол өте көңілді, жүзі жарқ-жұрқ етеді, тіпті сұлуланып кетіпті.
— Төмен секір, — деді Қара пышақ. — Бірге жатайық. Бізді ешкім білмейді.
— Ол жерде не бар?
— Жатамыз, ұйықтаймыз, демаламыз. Ой, қандай рақат!
— Ал жұмысты кім істейді?
— Жұмыс бізсіз де істеледі.
— Рақмет! — деді Сары пышақ. — Еңбектен қашқанша, тер төгіп өлгенім артық. Еңбексіз өмір — сүреңсіз. Өзің-ақ жата бер, рақатыңа бата бер.
Қара пышақ орнынан тұрмақ болып еді — тұра алмады. Өне бойын тот басқан, қозғалған сайын сынып кетердей сезінді.
Сұрақ 1
Мысалдағы Қара пышақ қандай адамға ұқсайды?
Сұрақ 2
Сары пышақтың қандай ісі сендерге ұнады?
Сұрақ 3
«Еңбексіз өмір — сүреңсіз» дегенді өздерің қалай түсінесіңдер?
Түйін: Еңбек еткен адамның өмірі — жарық.
Ой қорыту: мақал-мәтелдер
Ойын: мақалдың жалғасын тап
Жалқаудың — тәтті,
Еңбектің — тәтті.
Еңбек етсең — мереке,
Тояды қарның — береке.
Еңбектің түбі — береке,
Ерінбей — еңбек ет.
Көптің түбі — береке,
Тіленбей — тірлік ет.
Тапсырмалар
Практикалық тапсырма
Алма ағашынан «алма жинау» арқылы еңбек етудің мәнін түсіндіру. Еңбек түрлерін атау.
Шығармашылық тапсырмалар
- Суреттерге қарап, еңбектің түрлерін анықтау.
- Мамандық иелерін атау (суреттерге қарап табу).
- Еңбек құралдарының қолданылу аясын анықтау.
- Суретті құрастырып, мақал-мәтелді тауып оқу (пазл).
Дәптермен жұмыс
«Мен түйген ой» тақырыбында шағын эссе жазу.
Үй тапсырмасы
«Еңбек — бақыт бастауы» тақырыбында шағын әңгіме жазу.
Қорытынды
Адамды адам еткен — еңбек. Еңбек адамды шыңдайды, өмірге мағына береді және жақсылыққа жетелейді.
Жүректен жүрекке
«Болайықшы осындай»
Жақсы бала еңбекшіл,
Таза бала мұнтаздай,
Ер азамат болады.
Сүйсінеді қараған.
Қиындықты жеңіл кіл,
Ұқыпты деп бұл қандай,
Құшағы гүлге толады,
Жақсы көрер бар адам.
Қайырмасы
Еңбекшіл осындай,
Болайықшы, досым-ай.