Балалардың дағдыларын, танымдық белсенділігін арттыру
Мақсаты мен педагогикалық бағыты
«Ханталапай» ойыны арқылы балалардың жас ерекшелігіне сай логикалық ойлау жүйесін дамыту, жылдам шешім қабылдауға баулу, ұлттық құндылықтар мен мәдениетті бойына сіңіру, салт-дәстүрді насихаттау көзделеді.
Міндеттері
- Балалардың дағдыларын және танымдық белсенділігін арттыру
- Топпен жұмыс істеу дағдыларын дамыту
- Ережеге бағыну, мақсатқа жету және табандылыққа тәрбиелеу
- Ұлттық мәдениет пен дәстүр ерекшелігін таныту
- Отанға, елге, туған өлкенің құндылығына сүйіспеншілік қалыптастыру
- Салауатты өмір салтына баулу
Әдіс-тәсілдері және дайындық
Әдіс-тәсілдер:
түсіндіру, көрсету, сұрақ-жауап.
Алдын ала жұмыс:
балаларды ұлттық ойын түрлерімен таныстыру.
Қажетті құрал-жабдықтар
- Ұлттық нақышта безендірілген ойын бөлмесі
- Оюлы текемет, сырмақ, алаша
- Қойдың асықтары
- Ұлттық оюмен өрнектелген қоржын
- Алдын ала дайындалған тапсырмалар
Ұйымдастыру кезеңі
3 минут ішінде
- 1 Ойын ережесімен таныстыру
- 2 Балаларды шеңбер түрінде отырғызу
- 3 Көңіл күйін ойынға бейімдеу
- 4 Ойынның басталғанын жариялау
Қосымша ұйымдастыру
Ойынның әділ өтуі үшін әділқазылар алқасы тағайындалады.
Ойынға қатысатын балалар саны: 8 бала.
Ойынды жүргізуге бөлінетін уақыт: 25 минут.
Сабақ барысындағы әңгіме және кіріспе
Тәрбиеші:
Балалар, қазір жылдың қай мезгілі?
Балалар:
Көктем.
Тәрбиеші:
Дұрыс. Көктемде жер-ана оянып, табиғат құлпырады. Жылы жақтан құстар оралады, ал бұл мезгіл — той-томалаққа да берекелі шақ. Алдымызда қандай мейрам келе жатыр?
Балалар:
Ұлыстың ұлы күні — Әз Наурыз.
Тәрбиеші:
Қазақтың ұлттық ойындарын білесіңдер ме? Қандай ойындарды атай аласыңдар?
Балалар:
Арқан тарту, білектесу, асық ату, көкпар, теңге алу.
Тәрбиеші:
Жарайсыңдар. Міне, мен сендерге қоржын толы асық әкелдім. Бүгін «Ханталапай» ойынын ойнаймыз. Ойынға көп асық және қызыл түске боялған бір асық керек. Ол — хан асығы.
Асықтың қырлары: бүк, шік, тәйке, алшы. Дәстүр бойынша ұл балалар асық ойындарын, ал қыз балалар бестас ойынын ойнаған.
Ойынды бастамас бұрын қыздар ұлдарға сәттілік тілеп, қазақтың ұлттық биін тарту етеді.
Ойын шарты: «Ханталапай»
Бастау сәті
Жүргізуші: «Талапай-ау, талапай, табылды ойын алақай!» — деп, қоржындағы асықтарды балалардың алдына шашады. Балалар жарыса «Ханталапай!» деп дауыстап, асықтарды бөліп алады.
Тігу және кезек
Жиналған асықтардың ішінен әр бала ойынға 5 асықтан тігеді. Хан асығы түскен бала ойынды бірінші бастайды.
Мергендік ережесі
Балалар бүкпен — бүкті, шікпен — шікті атып, дәлдігі арқылы асық ұтады.
Қателік кезіндегі тапсырма
Егер бала асықты тигізе алмаса, жүргізушінің сұрақтарына жауап береді. Екінші рет те тигізе алмаса, ойын кезегі келесі балаға өтеді. Ойын осылай жалғасады.
Жеңіс шарты
Ойын соңында хан асығын ұтып алған бала жеңімпаз атанады.
Ойын барысынан көрініс
Тәрбиеші ойын шартын түсіндіріп, балаларды ойын алаңына шақырады. Балалар шеңбер құрып, асықтарын тізіп, ережеге сай ойнайды. Ойын барысында қызығушылық жоғары болып, балалар шапшаңдық пен қырағылық танытады.
Қорытынды және марапаттау
«Қазақты танимын десең — дәстүріне қара» дегендей, бүгінгі «Ханталапай» ойынымыз өз мәресіне жетті. Жеңімпаздарды анықтау үшін сөз әділқазылар алқасына беріледі.
Номинация
Мерген бала
Шаттықұлы Ербұлан
Номинация
Зерек бала
Асылғазы Шуақ
Номинация
Алғыр бала
Адилбек Мадияр
Күтілетін нәтиже
Нені біледі
Ұлттық ойын түрлерін біледі.
Нені үйренеді
Ойлау қабілеті мен қол моторикасы дамиды.
Нені меңгереді
Шапшаңдықты, ептілікті және қырағылықты меңгереді.
Автор туралы мәлімет
Райымбек аудандық «Балауса» бөбекжай-балалар бақшасы» МКҚК, «Құлпынай» ересектер тобының бас тәрбиешісі: Азимова Бақытгүл Абылайқызы.