Танымдық сағатымыздың мақсаты
Тәуелсіздіктің 20 жылдығына арналған танымдық сағат
«Ең бірінші бақытым – тілім менің» тақырыбындағы танымдық сағаттың өзегі — оқушыларды ана тілін құрметтеуге тәрбиелеу, тілдің ұлт тіршілігінің өзегі әрі бабадан қалған асыл мұра екенін терең түсіндіру.
Ана тілге сүйіспеншілік балалық шақтан басталады. Біз халқымызды да, Отанымызды да ең алдымен ана тіліміз арқылы танимыз. Туған жердің қасиеті мен ерекшелігін жүрекке қабылдап, оған деген махаббатты да өз тіліміз арқылы жеткіземіз.
Біздің ана тіліміз — қазақ тілі. Қазақ тілі — дүние жүзіндегі ең бай, беделді әрі бейнелі тілдердің бірі.
Абай:
«Өткірдің жүзі, кестенің бізі —
Өрнегін сендей сала алмас».
Тіл мәртебесін биікке көтеретін — оны қадірлейтін жас ұрпақ. Сондықтан әрқайсыңыз ана тіліміздің абыройын асқақтататын білімді де намысты ұл-қыз болуға ұмтылыңыздар.
Бағдарлама құрылымы
Кіріспе бөлім
Жүргізушінің құттықтауы, танымдық сағаттың мақсаты мен негізгі ойларын айқындау.
Ән орындау
«Анамның тілі – аяулы үні» әні (сөзі — Шона Смаханұлы, әні — Әмірбек Тінәлиев).
Орындайтын: __________________________
I бөлім: «Ардақтап ата тарихын, ана тілін»
«Тіл тарихы — ел тарихы, тіл тағдыры — ел тағдыры». Бұл бөлімде оқушылар тілдің тарихы туралы ой бөліседі, көрнекі материалдар арқылы (суреттер, слайдтар) мазмұн толықтырылады.
Тарих пен тіл тамырлас: еліміз де, тіліміз де талай тарихи бұралаңнан өтіп, бүгінгі тәуелсіз болмысқа жетті. Ана тіліміз — Қазақстандағы барлық халық үшін ортақ құрмет пен мақтаныштың нышаны.
II бөлім: «Бабалардан қалған асыл сөз»
Қазақтың ел болып қалыптасуына үлес қосқан хандар мен билер, шешендер — әділдің туын көтерген, сөздің қадірін танытқан тұлғалар. Бұқар жырау, Аяз би, Жиренше шешен, Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би секілді даналардың өнегесі — ұрпаққа жеткен рухани қазына.
Мақал-мәтелдер
- Өнер алды — қызыл тіл.
- Тіл тас жарады, тас жармаса бас жарады.
- Ең ащы да, тәтті де — тіл.
- Тіл қаруы — сөз.
- Жеті жұрттың тілін біл.
Жұмбақ
Жағалай-жағалай тас қойдым,
Жирен атты бос қойдым.
Жауабы: Тіл
Өлең жолдарының авторын табу
«Сүйемін туған тілді — анам тілін,
Бесікте жатқанымда-ақ берген білім.
Шыр етіп жерге түскен минутымнан,
Құлағыма сіңірген таныс үнін».
Автор: Сұлтанмахмұт Торайғыров
«Ана тілің — арың бұл,
Ұятың боп тұр бетте.
Өзге тілдің бәрін біл,
Өз тіліңді құрметте!»
Автор: Қадыр Мырза Әли
«Туған тілім — тірлігімнің айғағы,
Тілім барда айтылар сыр ойдағы.
Өссе тілім, мен де бірге өсемін,
Өшсе тілім, мен де бірге өшемін».
Автор: Әбділда Тәжібаев
Белсенді қатысқан оқушыларға ынталандыру сыйлықтары (қалам, дәптер) табысталады.
III бөлім: «Тіл — қымбат қазына»
Ана тіліміз — ел арасын татуластыратын, дауды да, дауылды да сөзбен тоқтататын құдірет. Осы ойды дәлелдейтін сахналық көрініс ұсынылады.
Көрініс: «Төле бидің жұмбағы»
Сахнаға үш би шығады (көрнекілік ретінде билердің суреттері көрсетіледі).
8-сынып оқушылары:
- Қуанышбек
- Мақсат
- Нұрсұлтан
Төле би (Қуанышбек):
«Уа, халқым, сөз қадірін білетін, сөз таныған жастар! Менің 10 түрлі жұмбағым бар».
Дереккөз
Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Басықара ауылы, №182 мектеп кітапханашысы — Қоңырбаева Закира Әбенқызы.